Бөкей ордасы ауданына облыс әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаев жұмыс сапарымен барды. Ол бірінші Бөрлі ауылындағы асыл тұқымды мал шаруашылығы, бордақылау барысымен танысты. Кейін Бисен ауылдық округіндегі Ермек Меңдешовтың алма бағына барды.
Хан ордасындағы құрылыс барысымен танысып, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы бойынша халықпен кездесті. Жиынға аудан әкімі Нұрлыбек Даумов, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.
Аталмыш жобаның аудан тұрғындарының арасында қызығушылығы және нақты даму бағыты туралы аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов өз баяндамасында таныстырды. Жиын барысында аталмыш жобаның кемшілігі мен пайдалы жақтары талқыланды.
Өз кезегінде Ержан Балтаев облыс басшысының тапсырмасы бойынша «Жасыл белдеу» және «Сүтті белдеу» жобаларын алға шығарып, егін егу мен сүтті асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығын дамыту қажет екенін жеткізді.
Сонымен қатар, жиын барысында ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтерінің тиімді жақтарын, аталмыш кооперативтерге субсидия беру, жер және киік мәселесі талқыланды.
Балтаевтың Бөрліден басталған жұмыс сапары Мұратсайда аяқталды. Мұнда ол су бөгетіне қатысты мәселелерді қарастырды.
Еркебұлан Рахметолла
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz