Облыс әкімінің орынбасары Ержан Балтаевтің төрағалығымен Жақсыбай ауылдық округінде киік мәселесін талқылау мақсатында жиын өтті.
Жиынға ҚР-ның экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев, аталмыш комитеттің бас сарапшысы Асқар Әбдірахманов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рақымжанов, «ОХОТЗООПРОМ ӨБ» РМҚК басшысы Мәрлен Айнабеков пен БАФ басшысы Арман Қожахметов, аталған мекеменің стратегиялық жоспарлау және дамыту бөлімінің басшысы Владимир Кертиев және ақпараттық-технологиялық бөлімінің басшысы Мадияр Имашев, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты РММ директоры Ұлан Мамырбаев, Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязов һәм шетелден ат терлетіп келген неміс ғалымдары мен сарапшылар қатысты.
Өзекті түйткілді түсіндіру, қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндау үшін сөз алған Ержан Талғатұлы:
- Бүгінгі таңда Орал киік популяциясының негізгі мекен ету ареалы облыстың Казталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы, Жаңақала, Ақжайық аудандарын қамтып отыр. Жергілікті тұрғындар мен тауар өндірушілерге, ауыл шаруашылығын қолға алған жандарға залалын тигізуде. Өзім арнайы аталған аудандарда болып, мамандармен жүздесіп, халықпен талқыладық. Нақтырақ айтсам, киіктің өсуі жайылымдардың, шабындықтардың, кейбір аудандарда егістіктердің түгі қалмай тапталуына әкеліп соқты. Осыдан мал азығының жетіспеушілігі, судың тапшылығы туындауда. Басты мақсат – ғалымдар мен сала мамандарының ісімен бірлесіп, киіктің санын азайту, - дейді.
Нұрлан Наурызұлы күрмеуі шешілмей тұрған жайтқа өз ойын қосты. Ол былтырғы кездесуден соң сарапшылармен тығыз байланыста болып, бірқатар сұрақ қойғанын жеткізді. Бейне конференция өткізіп, қызу іске кірскеннің нәтижесінде ғалымдармен дәл осы уақытқа кездесуді белгілеген.
Өз сөзінде:
- Жарияланған мараторий өз дегеніне жетті. Ендігі кезекте келесі қадамға көшуіміз керек, - деп нықтап айтты.
Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы қойған межеге жету үшін, яғни келесі қадамды алшаңдап жасау үшін қайтпек керек? Осы орайда үнтаяқты алған Нұрлан Сағынтайұлы үн қатты.
- Жайық өзенінің оң жағалауын жайлаған киіктің саны өткен жылдағы төлдерін қосқанда 1,2 млн басты құрайды. Биыл тағы да санақ жүрген санақ есебін жақын арада жариялаймыз. Негізгі мекен ететін жерлерде браконьерлік жағдайлардан ада болу үшін 15 сәуірден бастап 16 мамырға дейін «Киік» кең ауқымды акциясы өтті. Бұл акцияға жауапты мекемелер жұмыла кірісіп, рейдттік іс-шаралар жүргізу үшін мобильдік топтар құрылды. 11 автокөлік пен 1 тікұшақтың, 50 адамнан құралған жеке құрамның көмегімен жүзеге асырдық, - деген Нұрлан Сағынтайұлы жыл басынынан бастап 20 қылмыстық іс қозғалғанын, заңды белден басқандардан 3 663 дана мүйік тәркіленгенін айтты.
Жиналған шаруа қожалық жетекшілері былтыр жүргізілген санақ жұмысынан биыл әлдеқайда көбейгенін жарыса жеткізді. Қарапайым тұрғындарға басу айтқан мамандар сабырлылыққа шақырды. Себебі дәл сол шақта франкфурт зоологиялық қоғамы атынан Штеффен Цуттер мінбеге ұмтылды. Ол:
- Осы жылдағы киіктің артқанын көріп қуанып отырмын. Бұл рекордттық есеп, - деді.
Штеффен Цуттер мырзаға рекорд болғанымен, біздің елдегі жұртшылыққа жанып тұрған екі от. Қызыл кітапқа енген киелі жануарға бөгет бола алмай, не ауылдың нағыз дамуы – ауыл шаруашылық бағытын өркендете алмай жүрген шаруаларға екі оттың арасы екенін Ержан Талғатұлы егжей-тегжейлі түсіндірді.
Оксфорд университеті, ақбөкенді сақтау альянсынан Жақсыбайға келген И Джей Миллнер-Гулланд та үнсіз қала алмады.
- Қазақстанға отыз жылды артқа салып келдім. Киікті сақтау туралы докторлық диссертация қорғадым. Әлемде бұл жануарды қорғау жөнінде ұйым бар. Әр түрлі орталарда ақбөкен туралы айтып жүремін. Алғаш рет осы жерге келіп, алғаш рет осыншама киікті көріп таң қалдым. Бұл керемет нәтиже. Біз сіздердің мәселелеріңізді де түсінеміз. Соған қарамастан киікті жоймағандарыңызға алғыс айтамын. Біз бұл мәселенің бірігіп шешімін табамыз,- деді ерекше толғаныспен.
Кезекпен пікір білдіргендердің арасында ғалымдар Штефан Михель, Нафинда Сингх, Клара Ноббе, Норберт Хельзел, Мишель Боуи болды. Олар жануардың қасиетіне, ежелден киелі саналғанын айтып, дабыл қақты. Дегенмен бір айға жуық жасалатын сараптамалардың қорытындысы – арбаны да сындармайтын, өгізді де өлтірмейтін шешім болады деп уәде етті.
Уақытының біраз бөлігін киіктің санын реттеу бағытында сарп етіп, халықтың базынасын билікке жеткізуде тер төгіп жүрген Табылғали Сапаров та ортадан табылып, пікір білдірген болатын.
- Киіктің күйігі жанымызға батады. Бүгін сіздермен басқосқанымыздың себебі де осы. Ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келеді деп налуларыңыз мүмкін. Өткен жылы басшылардың өздері келіп, көздерімен көрді. Сол кезде киіктің зардап шектірмейтін жолдарын ұсынды. Бірақ әлі күнге дейін оң нәтиже бермеді. Алғашында олар Қамыссамарда болған. Көл тартылып, осы жаққа бет бұрған. Ендігі кезекте келген мекеніне қайта айдап жіберуге болады. Ол үшін су жіберу тұжырымдамасы да жасалды. Тек биліктің тарапынан рұқсат берілсе болғаны. Байлықты пайдалана білген жөн, - дейді.
Айтуынша, облыс көлемінде көптеген жиын өтіп, біраз жұмыс атқарылып жатыр екен. Облыс әкімдігінде жалғасын тауып, мамыр айының 28-де нақты шешімі шығарылады. Жүздесуде Серік Жарылғапов ұзақ жылдар тәжірибесін алға тартып, ақыл-кеңесін берді. Ол елдің байлығы адам, сол себепті халықтың дегені болу керек деген ойын да қоса кетті. Астана қаласында 25-28 күндері өтетін жиынға облыс атынан құрамның аттанатынын хабарлап, сүйінші жаңалық жеткізуге тырысып бағамыз деген ниетін де жасырмады. «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев заңға өзгеріс керектігін баса айтты. Тоқшылықтың белгісі саналған киіктің мүйізін, етін тиімді пайдалану бағытында заңдағы қайшылықтарды қаузап, партияның өзгерістерге дайын яки қолдайтынын жария етті. Аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов ақбөкеннің белең алуы – небір майталман мамандардың кәсібін дамыту үшін кедергі болатынын айқындады. Сөз бірден ашынған тұрғындарға берілді.
Бөкей Ордасы, Казталов аудандарынан келген жұртшылық киіктің жаппай қырылып, сол үшін жазықсыз адамдарды темір торға тоғытып жатқанына қынжылды. Бөкей Ордасының тұрғыны, «Нарын» шаруа қожалығының жетекшісі Нағым Тәжімұратов:
- Бұл жерде мал шаруашылығымен бүтін шаңырақты асырап отырған қарапайым шаруалар. Шетелге шығарамыз, басқа жаққа айдаймыз деу бос әурешілік. Бізге олардың басын шектеп, зиянын тигізбегені қажет, - деп жауабы жоқ жиындардан қажығанын айтты.
Бір жылдары қыстың қамын жазда ойлап, шөпті жинап алатынын баяндаған Жақсыбай ауылының тұрғыны, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Еркін Дуйтов осы жылы киіктің түк қалдымай тапап кеткені туралы басшы-қосшыларды хабардар етті. Осы орайда мемлекет қолдау көрсетсе деген ұсыныс ретінде арман-тілегін білдірді. Барлық шаруа қожалық жетекшілері әрқилы ұсыныстарын айтты. Арасында ашынғаннан ащы дауыс та шықты. "Eco club" ЖШС-ның басшысы Бауыржан Сабанов меймандарға алғысын жеткізіп, айтудан жалықпай жүрген келелі ойларын паш етті. Ауыл шаруашылығының тұнған білім екенін, мамандар қажеттілігін, киікке де, халыққа да залал келтірмейтін ортақ шешім шығару керегін дөп басып айтты.
Емін-еркін сұқбатқа ұласқан жүздесуде шегіртке мен кененің кесірі қозғалды. ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Жәнібек аудандық аумақтық инспекцияның басшысы Сырымбек Жапақов жауапты басшыларға сұрақ жолдады. Шегіртке көбейсе киіктен де қауіпті екенін айтқан ол шұғыл шара қолдануын сұрады.
Жиын соңында Шамиль Салахов сөзінің біраз бөлігін Еуроодақ елдерінің халықаралық сарапшыларына бағыттады.
- Киік көбеймесе, шөп тізеден келетін. Сол күн көзден бұлбұл ұшты. Жедел шешім шығарсаңыздар,- деді пікірлесу барысында.
Осылайша, облыста, бірнеше қалада өтетін жиын Жақсыбайдан басталды. Қарапайым шаруалар, тұрғындардың жанарынан жылт еткен үміт пайда болды. Соңында шет елден келген сарапшылар мен білікті мамандар төрт-түлік жайылатын жерге барып, халықтың көтерген мәселесінің тектен-тек ұрандатқан жайт емес екеніне көз жеткізді.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz