Бүгін Жаңақала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мүгедектігі бар балаларға арналған «Біз – бақытты балдырған» атты мерекелік шара өтті.
Жиынға халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Асылан Оразалиев, «Аманат» партиясы Жаңақала филиалының төрағасы Талғат Жанболатұлы, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Садуохас Болатұлы, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің меңгерушісінің міндетін уақытша атқарушы Фатима Сапарова, аудандық ерікті мүгедектер қоғамының төрайымы Халила Нұрсұлтанова және ата-аналар қатысты.
Мерекелік кештің ашылуында сөз алған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Еркін Сапаров бүлдіршіндердерді мерекелерімен құттықтап, көтеріңкі көңіл күй, бақытты балалық шақ тіледі. Еліміздің ертеңі балғындардың жарқын болашағына бәрімізде жауапкершілікпен қарау керек екенімізді де атап өтті.
Іс-шара барысында әлеуметтік сала мамандары бүлдіршіндерге арнап әсем ән шырқап, түрлі сергіту ойындарын ұйымдастырып, би биледі. Ертегі кейіпкерлері де балақайлардың көңіл күйін көтеріп, жүздеріне күлкі үйірді.
Ерікті мүгедектер қоғамының төрайымы Х.Қабекешқызы балғындарға құттықтау сөз арнап, түрлі ойыншықтар тарту етті. Бал-бұл жанған балаларға арналып тәттілер де таратылды. Мерекелік іс-шара естелік фотосуретке түсумен қорытындыланды.
Нұргүл Дүйсенбаева,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz