4.07.2023, 23:35
Оқылды: 25

Дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қарқынды

Бүгін жұмыс бабымен ауданымыздың Қараоба ауылдық округіне барып, округ орталығында атқарылып жатырған жұмыстармен таныстық. Даму көрсеткіші артып келе жатырған ауылда ауылішілік жолдарды жаңарту, техникалық су тарту және дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары бастау алған. Қазіргі уақытта жұмысы қарқын алғаны – дәрігерлік амбулаторияның құрылысы.

FB_IMG_1688480804283

Қараоба ауылындағы ескі дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары қажет екендігі жөнінде ауыл халқы да, округ әкімі де, денсаулық сақтау саласының мамандары да жиі айтып жүрді. Өткен ғасырда іргесі қаланған ғимараттың іші суық, сырты сұрықсыз еді. Амбулатория қызметкерлері жыл сайын жамап-жасқап, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп отыратын. Енді міне ол күндер келмеске кетіп, ескі ғимарат сүріліп, орнына жаңа ғимарат бой көтеріп жатыр. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатырған мердігер – «АИАС құрылыс Сервис» ЖШС.

FB_IMG_1688480799475

-Қараоба дәрігерлік амбулаториясына негізінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған болатын. Дегенмен, тапсырыс берушімен екі жақты келісім арқылы құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жұмысқа 20-ға жуық жұмысшы тартылды. Жұмысшылардың басым көпшілігі жергілікті ауыл тұрғындары. Жергілікті атқарушы органдардың және ауыл тұрғындарының көмегімен техникалармен де қамтамасыз етіп отырмыз, - деді компания директоры Асхат Сатқанов.

Казталов аудандық ауруханасы әкімшілігі ұсынған мәліметтерге сәйкес, дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарына 58 млн 532 мың 182 теңге қаржы бөлінген. Ал құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады деп жоспарланып отыр.

FB_IMG_1688480797010

Округ әкімі Жалғас Сүндетов амбулаторияның құрылысы үнемі бақылауда екенін,  техникалық қадағалаушы «АстанаДорАркитес» ЖШС мамандары да құрылыс сапасын үнемі бақылап отырғанын, жұмысшылар да еңбекақысын уақытыл алып жатырғанын атап өтті. Қазіргі таңда дәрігерлік амбултаория мамандары мектеп-гимназия жанындағы жатақханада өз қызметтерін атқаруда.

FB_IMG_1688480794493

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале