Серуендеп жүр едім, тосын бір дауыстан селт ете қалдым. Жан-жағыма алақ-жұлақ қарадым. Кенет орыс тілді қос қазақтың арасында жылап тұрған қазақ тіліне көзім түсіп кетті. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген мен сасқанымнан «Не болды, неге жылайсың?» дей беріппін.
Көрнекі фото: zhaikpress.kz
– Иә, мен сенің Ана тіліңмін. Кезінде мені ата-бабаң қанымен, жанымен қорғады. Бұлар қазақ жерінде тұрып, не себепті өзге тілде шүлдірлейді, түсінбеймін... Оларға өзге тіл менен артық па сонда? Қазақ қазақпен орысша шүйіркелеседі деген не сұмдық? Бір себебін айтшы маған... – деп Қазақ тілі солқ-солқ етті.
Ана тілімнің жетімсіреп жүргенін ұқтым. «Кешір, кешір...» деуге әрең шамам келді. Не істерімді білмей, бір орында сілейіп тұрып қалдым. Оның менің сөзімді естіген-естімегенін де білмеймін, әйтеуір, алды-артына қарамай кетіп бара жатты. Мен оған ұзақ қарадым. Ол алыстай берді, алыстай берді...
Айымгүл Батыршинова,
Орал қаласы