10.08.2023, 10:30
Оқылды: 105

Көшпелі құм. Жосыған киік. Қуаңшылық бәрі жан-жақтан қысып барады...

«Орал өңірі» газетінде осыған дейін Табылғали Сапаров, Лавр Хайретдинов сынды ел-жұрт білетін азаматтардың киік туралы, ауыз су, мал жайылымы жайлы мақалалары жарық көрді. Мұқият оқып шықтым. Азаматтар облыстың оңтүстік аудандарына қатысты бүгінде күйіп тұрған мәселені көтеріпті. Өте орынды жазылған. Біз де шаруа күйттеген адам болғандықтан әрі бөкейордалық шаруалардың аманаттауымен өз ойымызды ортаға салмақшымын.

ЖПК

Иә, биыл мал баққан ағайынды талай әбігерге салған қоян жылы көңілді алабұртып тұр. Әрине, қорасы қымтаулы, шөбі мен жемі сайлаулы малшы-шопанға ол онша қиындық туғыза қоймас. Дегенмен биылғы жаз қуаңшылықты, жауын-шашынның өзі там-тұм болғасын, шөптің шығымы тақұл-тұқыл. Ол біздің Бөкей ордасы ауданында да мықтап сезілуде. Орақ тіркеген тракторлар күні бойы мігірсіз жүргенде гектар түсімі өте мардымсыз, шаруа баққан ағайынның уайымын қалыңдата түскен. Мен төрт түлік өсірумен айналысатын «Нарын» шаруа қожалығын басқарамын. Қарамағымда жиырмадан астам адам еңбек етіп, жанұяларын қожалықтың берекесімен асырап отыр десем, артық айтпағаным... Қазір олардың бар уайымы – ой мен қырды, сай-саланы тырнап, малға қыстық тамақты қамдап алу.

Иә, сөйтіп, биылғы қуаңшылықпен қоян жылы өзінің үстемдігін таныта бастады. Алайда бұл да ештеңе емес екен, соңғы жылдарда оған киіктің қосылғаны «арық атқа қамшы ауырдың» көкесіндей болайын деп тұр. Бүгінде Орда өңірінің қай жеріне бармаңыз, алдыңыздан жосылып, жөңкілген киік отарлары шығады.

«Диірменде туған тышқан тарсылдан қорықпас» деген рас екен. Әлгілер қазір жүйткіп келе жатқан машина, трактор дегендерден қорқуды қойған. Малымызбен мидай араласып, жайлау-жайылыстарда еркін жатыр. Жатқаны өз алдына, жүрген жерінің шөбін шегірткедей отап, малға шөп қалдырмай барады. Мамандардың есебі бойынша екі миллионнан асқан олардың саны әлі өсетіні даусыз. Ал олар осылай көбейе берсе, біз сонда болашақта малды қойып, киік бағып өсіруге ауысамыз ба?..

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің есебі бойынша бүгінде ауданда мал өсірумен айналысатын 560-тай шаруа қожалығы бар. Олардағы мал санын да айта кетейін: 108 мың 318 ірі қара, 36 мың 681 жылқы, 117 мың 924 қой-ешкі, 1190 бас түйе Орданың ойы мен қырында өсіп-өніп жатыр. Мамандардың есебінен алынған мәлімет бойынша анау екі миллион бас киіктің бір миллиондайы осы біздің Бөкей ордасының даласында жосып жүрген көрінеді. Тәңірдің бергені ғой, бүкіл бір ауданның бағып-қағып өсіріп жатқан малы әлгі біздегі киіктің жартысына да жетпейді... Қазір бөкейлік шаруалардың бірқатары өз жерімізде шабатын шөп болмағандықтан, басқа жерлерден шабындық іздеп, тентіреп кетті... Мысалы, Бисен ауылының шаруа қожалықтары Жәнібек ауданының Борсы ауылынан шөп шабуға мәжбүр. Тап осы күндерде, «Ораз» шаруа қожалығы солардың бірі, барып-келуі 350 шақырым Борсыда шөп шауып жатыр.

Жыл өткен сайын, тіл-көзіміз тасқа,  Орда өңірінде мал шаруашылығы шүкірге бұрылып бара жатыр. Төрт түлік басында өсім бар. Соған орай жыл өткен сайын малдың жайылысы мен қысқы тамағы да өзінен-өзі күрделеніп келе жатқаны тағы шындық. Енді, міне, оған «Жыласаң, тағы сабаймынның» кері келіп, киік қосылып отыр. «Жұт жеті ағайынды» деген рас екен, бұған тағы ауылдарға, малшы мекендеріне ентелеген көшпелі қызыл құм жыл өткен сайын апшыны қуырып барады. Сонда не істеуге болады? Тап бір үмітті үзілді-кесілді кесуге де болмайды, тығырықтан шығатын жол жоқ емес, бар! Бөкей ордасының маңдайына жазылған жер – 1 миллион 921 мың гектар. Осының бір миллион гектары Ресейге полигонға жалға берілген. Ал  жалға бергенде шекеміздің шылқып отырғаны шамалы. Олар әр гектарына өтемақы ретінде 1035 теңге ғана төлейді. Жалға берген мерзім – 2030 жылға дейін. Алатын ақшамыздың сықпыты анау. Ал киік жайлап бара жатқан аудан жерлері мен қызыл құм бүркеген жайылыстар мен шабындықтардың зардабы бізді сол 2030 жылға дейін діңкелетіп бітірмей ме? Соңғы уақытта сол бір миллион гектар жерді Ресейден қайтарып алу керек деген әңгіме айтудай-ақ айтылып келеді. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Бұған депутаттар батылырақ, соңынан қалмай айналысып, Үкіметі бар, тез арада бір шарасын алмаса, ертең бармағымызды тістейміз.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өткенде 230 мың бас киікті аулауға пәрмен берді. Бұл өзі кеңес заманында болған шара. Ол кезде басы көбейген киікті өндірістік мақсатта аулап, етін саттыққа шығарып тұрды. Қазір де солай істесе, киіктің еті далада қалмайды. Біздер шаруа адамы болғасын, қырды көп аралаймыз. Сонда байқағанымыз – киіктер шетінен қоңды, семіз. Ретімен аулап, етін санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып саттыққа шығарса, дүкен сөрелерінде кәміл жатып қалмайды. Ал  оны өңдейтін орындар өзімізде бар. Жаңақалада ет комбинаты бар. Ақжайық ауданының Чапаев ауылы тұсында марқа сойып, сақтайтын комбинат бар. Ол бүгінде тым-тырыс бос, жұмыссыз тоқтап тұр. Киікті аулап, соған жеткізсе, өңдейтін, салқындататын мүмкіндік мол. Қанша адамға жұмыс табылар еді?.. «Кублей» ет комбинаты бар, оны да жұмысқа қосса, кім-кімге де пайдаға шығады. Тек соны ұтымды ұйымдастыра білетін маман керек. Және ол адам бұл шаруаға бастан-аяқ жауап беруі қажет. Баяғыда бір тентек айтқан екен: «Әкемді алған құдайға сенбеймін» деп. Сол айтқандай, бізде қандай шаруа болмасын, ең басында «Сөйту керек, бүйту керек, ол үшін былай істеу керек» деп ұрандататындар көп. Алайда «Қойшы көп болса, қой арам өліп», ең соңында ештеңе істелмейді, істелсе де, жартылай, көз алдап істеліп, оған ешкім жауап бермей, іс аяғы құрдымға кетеді. Мына жерде біздің аудан үшін ғана емес, басқа да оңтүстік аудандар үшін де шаруаларына қауіп төнген жағдай қалыптасып отыр. Бұған бейжай қарауға болмайды.

Тағы бір мәселе, шөптің шығымын жоғарыда айттым. Өнімі өте төмен жерлерді шабу үшін шалғы орақтар әлденеше шақырым жүреді. Ал шақырымдар ұзаған сайын оған кететін жанармайдың шығыны да көбейе түседі. Шаруаларға бөлінген жанармай құны аспандап тұр. Оны әр аудандағы белгілі шаруалардың бас-басына арнайы есеппен бөліп, соған сай неге арзандатып бермеске?.. Мал азығын дайындауға өтемақы, демеуқаржы деген сықылды көмектерді осы күндерден бастап неге шешпеске?..

Мал баққан ағайынның шарадай басын шақшадай қылған осынау мәселелер тез арада шешілмесе, ол не істейді? Амалсыздан мал басын азайтуға мәжбүр болады. Ал ол дегеніңіз онсызда екі иінінен дем алып тұрған ауылдың жағдайын одан бетер қиындатып жіберетіні даусыз. Ендеше, облыстан бастап, Үкіметке дейін найқалатын уақыт қалған жоқ қой...

Бөкей ордасы ауданының шаруа қожалықтары атынан

Нағим Тәжімұратов,

«Нарын» шаруа қожалығының  жетекшісі,

«Ерен еңбегі үшін»  медалінің иегері,

аудандық мәслихаттың депутаты,

 Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале