18.08.2023, 12:00
Оқылды: 91

БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа үй берілді

Көктемгі күтпеген табиғи апат батыс өлкені біраз әбігерге салды. Соның ішінде Бөрлі ауданына толассыз судың кеселі көп тиді. Ауданға қарасты бірнеше ауыл суға кетіп, қарапайым тұрғындар баспанасыз қалды. Міне, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен бөрліліктердің соңғы легі қоныстойын тойлады.

жп дома (8)

Ақбұлақ ауылының тұрғындарын қуантқан шара Пугачев пен Кентүбек ауылында жалғасты. Көктемгі тасқын судың кесірінен баспанасыз қалған тоғыз отбасыға жаңа үйдің кілті табысталды.

жп дома (9)

Пугачев ауылында басталған қоныстойға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, аудан басшысы Еркебұлан Ихсанов, ауыл ардагерлері мен тұрғындар қатысты.

жп дома (7)

– Биыл ауа райының күрт өзгеруі облысымыздың біраз елді мекенін әбігерге салды. Сондай ауылдардың бірі Бөрлі ауданындағы Пугачев, Аралтал, Қызылтал, Ақбұлақ пен Кентүбек. Сол уақытта халқымыздың, ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі арқасында, қиындыққа мойымауының нәтижесінде бүгін жаңа үйлердің салынып біткенін көріп тұрмыз. Мемлекет басшысының қолдауымен арнайы қаржы бөліп, тез арада осы үйлерді пайдалануға беруді басты мақсат еттік. Осы тұста қысқа мерзімде сапалы баспана салып берген  «Наз Тур» серіктестігінің басшысына ерекше алғысымды білдіремін. Ал бүгінгі баспаналы болғалы тұрған әр отбасы мүшесінің қуанышына ортақтасып, әр шаңыраққа қуаныш, амандық тілеймін. Ауылдарымыз қашанда дами берсін, табиғат тосынынан аман болайық, – деп құттықтаған аймақ басшысы Нариман Төреғалиұлы жаңадан қоныстанушы отбасыларға кілттерін табыстады. Сондай-ақ әкімдік тарапынан қоныстой иелеріне арнайы сыйлық та берілді.

жп дома (1)

Айта кету керек, көктемгі су тасқынынан пугачевтік төрт отбасы баспанасыз қалған еді. Міне, сол отбасыларға мемлекет тарапынан баспана беру мақсатында құрылыс 10 мамырда басталған.

- Жаңа үйлердің жалпы көлемі 85 шаршы метр. Үйдің іргетасы темірбетоннан, ал қабырғалары газоблоктан тұрғызылған. Барлық үйдің қасбеті жылу материалдарымен қапталды және сыртқы әрленді. Тұрғын үйлер газ, ауыз су мен жарық секілді коммуналдық қажеттіліктермен толық қамтамасыз етілген. Үш бөлмелі үйде екі жатын бөлме, үлкен бөлме, асхана мен санузел бар. 800 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй аумағы толық қапталды, – дейді «Наз Тур» ЖШС-ның бас инженері Қайыржан Дүйсеғалиев.

жп дома (5)

Қоныстой иелері де қуанышын жасырмай, алғысын жеткізді.

- Көктемде біраз үй суға кетті. Соның ішінде біздің үй де тұруға жарамсыз, апаттық деп танылған болатын. Амалсыз уақытша пәтерге көшуге тура келді. Бүгін өздеріңіз көріп тұрғандай, әкімдік уәдесінде тұрды. Күн суытпай тұрып баспаналы болып жатырмыз. Оқиға орын алған кезден бүгінгі күнге дейін қолдан келген барлық жақсылығын жасаған, көмек қолын созған баршаға алғыс айтамын, – дейді жаңа үй иесі Талшын Жұбаниязова.

Бөрлі ауданындағы қоныстой мерекесі Кентүбек ауылдық округінде жалғасты. Мұндағы көктемгі төтенше жағдай кезінде зардап шеккен бес отбасыға үйдің кілтін табыстау рәсіміне аймақ басшысы арнайы келіп қатысты. Құттықтау сөзінде өңір әкімі ауыл халқын тағы бір жаңалықпен қуантып қойды. Ауылға келе жатқанда жол сапасын көргенін айтып, аудан әкімімен мейлінше ертерек жолды жөндеу керектігін талқылағанын жеткізді. Ақжолтай жаңалыққа аудан басшысы Еркебұлан Нұретдинұлы да қосылып, қазіргі таңда жолды жөндеу үшін құжаттары дайындалып жатқанын айтты.

жп дома (2)

– Бұған дейін Ақбұлақ ауылында үйлері суға кеткен 6 тұрғынға жаңа шаңырақтың кілті табысталған болатын. Бүгін тағы да 9 отбасыға үйдің кілтін табыстап жатырмыз. Құрылысты жүргізген мердігер мекеме Бөрлі ауданының жергілікті компаниясы – «Наз Тур» ЖШС. Құрылыс жүргізген мекемелерге айтар алғысымыз шексіз. Су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға мемлекет тарапынан да, арнайы қорлар мен азаматтардан да көмек көрсетілді, – деп аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Серікұлы да жылы лебізін жеткізді.

Еске сала кетсек, тасқын судан зардап шеккен біраз отбасының мүлкін қайта жабдықтау мақсатында да арнайы көмек көрсетілді. Соның ішінде 175 өтініш бойынша мүлікке бағалау жүргізіліп, жергілікті бюджеттен 65 тұрғынға 35 миллион теңге көлемінде қаражат аударылған. Одан бөлек «Amanat» партиясы «Ақжайық» қоры арқылы зардап шеккен 93 азаматқа 41 миллион теңге сомасында қаржылай көмек жолдаса, «Қызыл ай» қоры 177 отбасына 96 миллион теңге көлемінде қолдау көрсеткен. Сондай-ақ су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарға аудан әкімдігі 31 миллион теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек берген.

Аслан Нұразғали,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

жп дома (3) жп дома (4) жп дома (6) жп дома (10) жп дома (11)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале