6.09.2023, 15:15
Оқылды: 51

Бөрлі ауданында дала жұмыстары аяқталуға жақын

Биыл бөрлілік диқандар барлығы 64,91 мың гектар жер ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен. Соның ішінде себілген күздік дақылдарды қоса алғанда 20,36 мың гектар жерге дақыл орналастырылған. Оның 2,99 мың гектары күздік, 17,37 мың гектары жаздық дақыл. Ауа райының қолайсыздығынан 3,7 пайыз егістік есептен шығарылған. Жалпы егіс алқабындағы ахуал туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алтынбек Бексейітов арнайы брифингте айтып берді.

31678A6E-C3FE-4F00-95AC-EF3E5DB5D34D

Сурет akzhol.kz сайтынан алынды

Бөлім басшысының айтуынша, биыл 120 гектарға күздік бидай, 400 гектарға күздік қара бидай және 250 гектарға тары егілген. Сондай-ақ 500 гектар жерде күнбағыс өсірілсе, 6,7 мың гектар жерге мақсары орналастырылған. Одан бөлек ауданда жалпы көлемі 40,2 мың гектар жерден жем-шөп орып алу жоспарланған.

– Күздік дақылдан 120 гектар бидай мен 400 гектар қара бидай есептен шығарылды. Соған қарамастан жалпы көлемі 2470 гектардан 1368 тонна өнім алынды. Яғни егіншілер әр гектардан 5,5 центнер дақыл жинады. Ал жаздық дақылдың орташа өнімділігі гектарына 6,4 центнерді құрап, 11116 гектардан барлығы 7093 тонна өнім алынды. Сонымен қатар 19 гектар жерден 319 тонна картоп, 106 гектардан 1751 тонна көкөніс жиналды. 20 гектардан 352 тонна бақша дақылы алынды, – дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алтынбек Бексейітов.

Биылғы егін науқаны аясында ауданда егін ору үшін 580,13 тонна арзандатылған жанармай бөлінген. Шілдеде дизельдің бағасы 259 теңгені құраса, тамыздан бастап 240 теңгеге арзандатылған.

2023-2024 жылдары ауданға қажетті мал азығының көлемі 77500 тоннаны құрайды екен. Қазіргі кезде қажетті мал азығының 94 пайызы, яғни 72672 тонна шөп орылған. Орылған мал азығының 34948 тоннасын шаруашылықтар дайындаса, 37724 тоннасын жеке қосалқы шаруашылық жинаған. Дегенмен далалық жұмыста шөп ору әлі де жалғасып жатқанын ескере отыра бөлім басшысы қажетті көлемде мал азығы жиналатынын жеткізді. Сондай-ақ Алтынбек Климұлы қазіргі кезде мал азығының 1 бумасының бағасы орташа есеппен 6000 теңгені құрайтынын айтты.

– Биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша ауданда ірі қара саны 29022-ні құрап отыр. Сондай-ақ 31459 бас ұсақ мүйізді, 10006 жылқы мен 58793 құс бар. Соның ішінде ірі қараның 39,5 пайызы, ұсақ мүйізді малдың 65,1 пайызы, жылқының 31,5 және құстың 98,9 пайызы жеке тұрғындардың үлесінде. Айта кетерлік жайт, 1 қыркүйек бойынша тірілей салмақта 1798,6 тонна ет, 8634,7 тонна сүт және 3729,9 мың дана жұмыртқа өндірілді, - дейді бөлім басшысы.

Бүгінгі күні ауданда 54 бірлік техника есепке алынып, техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмір берілген. Сондай-ақ 102 көлік жыл сайынғы мемлекеттік техникалық байқаудан өтсе, 25 жеке тұрғын тракторист-машинист куәлігін алған. Жыл басынан бері жалпы сомасы 24 млн 200 мың теңгеге ауданда 5 ауылшаруашылық техникасы сатып алынған.

Ал жыл басынан бері «Қарашығанақ» несие серіктесігі арқылы «Кең дала», «Агро Бизнес» және «Агро Бизнес ВПР» бағдарламасы бойынша 134 млн 500 мың теңгеге жеңілдетілген несие берілген.

Аслан Нұразғалиев,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале