6.09.2023, 17:00
Оқылды: 13

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» БҚО филиалының экс-басшысы 10 жылға сотталды

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚО филиалының бұрынғы директоры Зәуірбек Қыпшақбаев 10 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ЖП Полиция (2)

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Асланбек Дүйсенғалиев мәлім еткеніндей, З.Қыпшақбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 4-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады. Ол сондай-ақ мемлекеттік қызметте және басқа ұйымдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сонымен қатар сотталушыдан оның алған 30 млн теңге парасы мемлекет пайдасына өндірілді.

Сотта анықталғанындай, мемлекеттік қызметті орындауға теңестірілген адам бола тұра, З.Қыпшақбаев «ДСК Приоритет» ЖШС директоры Жанна Кенжинадан аса ірі көлемде пара алуды жоспарлаған. Осы мақсатта арнайы жоспар-кесте әзірлемей және оны тапсырыс берушімен бекітпей, 2022 жылғы 12-17 мамыр аралығында өз қалауымен филиал қызметкерлерін «ДСК Приоритет» ЖШС-ның Ақсай-Шыңғырлау жол құрылысы нысанын тексеруге жіберген. Содан кейін алынған сынамалардың талапқа сай келмейтіні туралы сынақ хаттамаларын аталған серіктестікке жолдаған.

Сосын З.Қыпшақбаев Ж.Кенжинаға келіп, жол нысандары бойынша оң зертханалық қорытынды шығару үшін және материалдардың сапасына тиісті зерттеу бойынша шаралар қабылдамаймын, жалпы қамқорлық көрсетемін деп әр ай сайын 5 млн теңге беруін талап еткен. Ж.Кенжина бұл заңсыз талаптармен келіскен.

Сол күні З.Қыпшақбаев оның қылмыстық пиғылынан бейхабар болған өзінің досы Ихсановты «ДСК Приоритет» ЖШС кеңсесіне жұмсап, Ж.Кенжинадан сәуір-мамыр айлары үшін 10 млн теңгені алған. Оған қоса маусым, шілде және тамыз айларында осындай жолмен 15 млн теңгеге қол жеткізген. Мұнымен тоқтамай, қыркүйекте өзі барып, 5 млн теңгені алып кеткен.

Қазан айы үшін парасын алмағандықтан, З.Қыпшақбаев іріктелген сынамалардың талаптарға сай келмейтіні жөніндегі сынақ хаттамаларын тағы жолдаған. Ақыры 28 қараша күні Ж.Кенжинаның жұмыс орнына келген. Оны 2 млн теңге пара алып жатқан жерінен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті БҚО бойынша департаментінің қызметкері ұстады.

Осылайша, З.Қыпшақбаев «ДСК Приоритет» ЖШС директоры Ж.Кенжинадан 2022 жылғы мамыр-қараша аралығында барлығы 32 млн теңге пара алған.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале