Ақсай қаласы күні мерекесіне орай Ақбұлақ ауылдық округінің Алғабас тауларында «Aksai Trail Run» Aqbulaq 2023 ашық жүгіру марафоны өтті.

Марафон аудандық әкімдіктің қолдауымен, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі және «Aqjayiq Run Club» жүгірушілер клубымен бірлесіп ұйымдастырылды. Бұл марафон 2021 жылдан бастап дәстүрлі түрде өтіп келеді. Аталмыш жарысқа биыл көршілес Ресей Федерациясының Самара, Саратов, Орынбор және еліміздің бірнеше қала, аудандарынан 100-ден аса спортшылар келіп қатысты.
Жарыс қатысушыларының ең кішісі 12-де болса, үлкені 70 жаста. Белсенді жастар мен спортты сүйетін қарттар марафонның көркін келтірді.

Марафон бағдарламасы екі жарыстан тұрды. Бірі – спринттік тауға жүгіру (200 м, абсолюттік жарыс), ал екіншісі – 14 км жүгіру. 14 км қашықтыққа жүгіру ерлер мен әйелдер арасында оздырылып, олар жас ерекшеліктеріне қарай бөлінді.
Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов, қала әкімі Арсен Баяндықов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аңсар Дюсенов, «Aqjayiq Run Club» әуесқой жүгірушілер клубының өкілдері Тимур Жукушев пен Рустам Берқалиев және аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Исатай Қарабаевтар қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.


Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы