Облыста «Борышкер» жедел-профилактикалық шарасы басталды. 18-22 қыркүйек күндері полиция қызметкерлері айыппұлы бар көліктерді тоқтататын болады.
– Бүгінде батысқазақстандықтардың айыппұл бережағы 410 млн теңгеден асады. Енді тәртіп сақшылары салынған айыппұлын төлемей жүрген көлік жүргізушілерімен жұмыстанады. Олар ерікті түрде төлемеген жағдайда көлігі айып тұрағына қойылады және банк есепшоттарына шектеу енгізіледі, - дейді БҚО ӘПБ бастығының орынбасары Олжас Ибрайымов.
Бүгін шараның бірінші күнінде тәртіп сақшылары төрт автокөлік иесін ұстаған. Ұсталған көліктердің бірінің жүргізушісі жол ережесін бұзудан алдына жан салмайтын жан болып шыққан. Ол бар болғаны 20 күнде 22 мәрте жол жүру ережесін бұзған. Тұрғын қала көшелерінде жылдамдықты шектен тыс асырғаны үшін айыппұл арқалаған.
zhaikpress.kz