5.10.2023, 10:30
Оқылды: 106

Мейірімді мұғалім

Ұстаздарға арналған керемет әндерді естіген сайын бір өзінен бірнеше жақсы қасиет табылатын аяулы ұстазым көз алдыма келеді. Аудандағы Мичурин мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Арайлым Исатаеваны (суретте сол жақта) шәкірттері ерекше құрметтейді. Өйткені ол – білімді маман, мейірбан адам. Арайлым Қобыландықызы барлық іс-шараның бел ортасында жүреді.

мичурин

Сондай-ақ мектептегі «Қыз Жібек» қыздар клубына жетекшілік етеді. Ол – үш перзенттің анасы. Айналасына шуағын шашып жүретін мейірімді жан.

Осындай ақылына көркі сай ұстазымызға біздер, оқушылар, ерекше құрметпен қарап, еліктейміз. Әр қазақ қызы осындай болсам деп армандайтын да шығар. Апайдың бізге қамқор болған кезі көп. Кейде оқушыларға қандай да бір мәселенің оң шешімін табуға ықпал етіп, тығырықтан шығатын жолдарды нұсқайды. Сонымен қатар тағылымды іс-шаралардың өтуіне атсалысып, тәрбиелік мәні бар дүниелерді насихаттайды. Ұстазымыздың тағы бір ерекше қасиеті – әншілігі. Ол кісі ән салғанда «Көмейіне бұлбұл ұялаған ба?» деп таңдай қағып қалатынымыз рас. Меніңше, мұндай дауыс иесі өте сирек. Қашанда таңғалдырудан танбайтын жанашырымыздың  тыңдармандары да аз емес.

Әр сабағында көп тіл білудің заман талабы екенін, өз еліміздің тарихымен қатар, шет мемлекеттердің де тарихын, мәдениетін тануға талпыну қажет екенін айтып отырады. Мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай біздің мектептегі ұстаздар қауымын және жаныма жақын Арайлым Қобыландықызын құттықтаймын! Сіздерді көріп, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің «Мен үшін жақсы ұстаз бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзін көңіліме түйгендеймін.

 Назгүл Саматова,

Мичурин ЖОББМ-ның 11-сынып оқушысы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале