5.10.2023, 9:45
Оқылды: 63

Ұстаздық – өмірімнің өнегелі бөлшегі

Ұстаз тебіренісі

Зияткерлік мектепте білім берудің жоғары жауапкершілігі, ол жерде үздіксіз ізденіс пен терең білім қажет екені көпке мәлім. Дарынды баламен жұмыс істеудің өзіндік салмағы болса да, бұл үдеріс маған рахат сыйлайды. Білім бағына еккен дәнім болашақта бүр жарып, тәтті жеміс беретінін ойласам, тіптен шабыттанып, мұғалімдік қызметімді махаббатпен атқарамын.

НИШ

Әлі есімде, қаламызда қазақтың тұңғыш Президентінің  есімімен зияткерлік мектеп ашылатынын естігенде сол күнді тағатсыздана күттім. Ол күн де жетті. Педагогикалық түрлі сынақтан мүдірмей өтуім мені өзгеше күйге  бөледі. Тіпті «Зияткер мектептің зияткер оқушысын қайтсем өзіме баурай аламын, өз пәнімнің құндылығын қай қырынан жеткіземін?..» деген мазасыз, сансыз сұрақтар ойымды қармап алды.

Алғашқы сабағым. Сынып бөлмесіне кірсем, тыныштық қалпында отырған оқушылар. Барлап қарасам, көздері нұрға толы, келбеттері сондай сүйкімді, құдды бір «Не айтар екен?» дегендей жаңалықты асыға күткен шәкірттер жүзі. Бірінші сабағым болған соң ба, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар, үлкен сынақтардан іріктелген зияткер оқушылар екенін естен шығармадым. Әр оқушының жанарына қарап, олардың да менен тың дүние күтер жүрек лүпілдерінің сырлы сезімдерін сезгендей  күй  кештім.

Жарқын жүзді зияткер тұлғаға терең білімді  игерту жолында  тынбай ізденумен келемін. Бертін келе мазасыздық сейіліп, қуаныштың толқуын біле бастадым. Оған түрткі болған – менің үздіксіз кәсіби ізденісім. Түрлі тренинг, семинар, әріптестеріммен бірлесе кіріскен командалық ізденістер мені шығармашылық шабытқа бөледі. Түптеп келгенде, бұлардың барлығы заманауи педагогикалық көзқарастарымды қалыптастыруға  жетеледі.

Бүгінде әр зияткер тұлғаның жан дүниесіне батыл еніп, оларды түрлі пәндік олимпиадаларға, сайыстарға қатыстырып, биік белестерді бағындыруға бар күш-жігерімді төгудемін. Шәкірттерімнің білім көгінен көрініп, республикалық додаларда топ жарып жүргеніне мақтанамын. Менің пәнім, қазақ тілі мен әдебиет пәні – «оймақтай ойды тарының қауызына сыйдырып, оған шексіз әлемді дарыту...» құралы. Олай болса, өз пәнім арқылы «шексіз әлемді» көздері мөлдіреген шәкірттеріме жаңа әдіспен, тың серпіліспен, жігерлендіре, рухтандыра беру менің басты парызым деп білемін. Өйткені менің пәнім – тұлға жасайтын ұстахана. Сол ұстаханада жүрегі тазалыққа толған шәкірт  ұлттық  құндылықтарды бойына сіңірсе, ол сөзсіз жақсы адам болады.

Жыл өтуде, жас жеткіншек рухани жетіліп келеді... Дегенмен сынып бөлмесіне енген сайын әлі де толқимын. Ол толқынысымды бүгінгі зияткер оқушыға  терең білімді игерту жолындағы жауапкершілікті одан әрі нақтылай түсетін толғаныс деп ұғамын. Тұла бойды тәтті естелікке бөлеген жылдарды еске ала отырып, мамандығымды сүйіп таңдағаныма қуанамын. Расында, ұстаздық – өмірімнің ең өнегелі бөлшегі.

Зәмзәгүл Тәжіғалиева,

Назарбаев зияткерлік мектебінің

қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале