6.10.2023, 11:45
Оқылды: 32

Ұстаздар марапатталды

Бәйтерек аудандық мәдениет үйінде ұстаздар мерекесіне арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, мәртебелі мамандық иелеріне құрмет көрсетілді.

IMG-20231006-WA0021

Мерекелік іс-шара шымылдығын Щапов ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің өнерпаз оқушыларынан құралған «Ақжелең» ансамблі халық күйі «Салкүреңмен» ашты. Переметныйдағы  Қасым Аманжолов атындағы мектептің бүлдіршіндері құттықтауларын өлең жолдарымен жеткізді. Төрден орын алған ардагер ұстаздарға гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табысталды.

Мереке иелерін құттықтаған аудан әкімі Марат Тоқжанов ұстаздық жолдың жауапкершілігі мен мән-маңызына тоқталды.

-Баршаңызды бүгінгі төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! Адамзат бас иетін, қаламгерлер талмай жазатын игі тақырып – ана мен ұстаз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ұлтты түзеу – ұрпақты түзеуден, ұрпақты түзеу – ұстазды түзеуден басталады. Бұл ұлағаттың өзінен-ақ ұстаздықтың тұлғаны тәрбиелеудегі маңызы айшықталып тұр. Адал, еселі еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер! Ел алғысына бөлене беріңіздер, - деп аудан басшысы ақжарма тілегін жеткізді.

Салтанатты кеште ұстаздар «Еңбек ардагері» төсбелгісі, облыстық білім басқармасы басшысының, аудан әкімінің алғысхаттары және аудандық білім беру бөлімінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды.

Сахна төрінен әсем ән әуелеп, жыр төгіліп, айтулы күн аясындағы құрмет-қошемет мереке иелері мұғалімдерге арналды.

 

Гүлжаз Қалесқызы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале