21.11.2023, 12:30
Оқылды: 76

«Бюджет қаражатын түгел игеру емес, оны тиімді пайдалану маңызды»

Нұрлан Мұхитұлы Есенғалиев Ақжайық ауданындағы Жаңабұлақ ауылында туып-өскен. Оралдағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін аяқтады. Еңбек жолын 2004 жылы Орал қаласы қаржы бөлімінде бас маман-экономист қызметінен бастады. Кейін қала әкімі аппаратында жұмыс істеді. 2006 жылы облыстық қаржы басқармасына келіп, 2010 жылға дейін қызмет атқарды. 2010-2016 жылдары Орал қаласының, Бөрлі ауданының қаржы бөлімдерінде, облыстық әкімі аппаратында сектор меңгерушісі, бөлім басшысы болып қызмет етті. 2016 жылдың қараша айынан бастап облыстық қаржы басқармасында қызмет етуде. Қазір облыстық қаржы басқармасының басшысы. Зайыбы да осы салада. Отбасында екі қыз, бір ұл тәрбиелеуде.

– Нұрлан Мұхитұлы, мемлекет қаржысын тиімді пайдалану керек дегенді жиі естиміз. Қаржыны мақсатсыз не тиімсіз жұмсау қайдан шығады?

– Еліміздің Бюджет кодексіне сәйкес бюджеттік бағдарламаларды тиімсіз атқару бюджеттік жүйенің мынадай: нәтижелілік, негізділік, тиімділік, жауапкершілік, бюджет қаражатының атаулылығы мен нысаналы сипаты қағидаттарына сәйкес келмейтін бюджет қаражаттарының жұмсалуы. Тиімсіз жұмсау көбіне бюджеттік бағдарламаларда көзделген нәтижелерге түрлі себептермен қол жеткізбеген жағдайда болады. Жиі кездесетін себептерге келсек, ол  – мердігерлердің өздеріне қабылдаған міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамауы. Атап айтқанда, мердігерлердің жұмыс кестелерінен кешігуі, жұмысты немесе қызметті сапасыз жасауы, қажетті технологияларды сақтамауы және тағы басқалары. Бір сөзбен айтсақ, мердігерлердің тапсырылған жұмыстары тапсырыс берушінің талаптарына сай келмейді. Осыған байланысты сот рәсімдері жүреді. Мұндай мәселелерді шешу үшін мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жыл сайын талаптар күшейтіліп, заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер жасалуда.

Есенгалиев Н.М.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев

– Құрылыс саласындағы қаржыны игеруде дау-дамай көп. Кеңес заманында құрылыста жоспар бойынша материалдар нақты бағамен есепке алынатын. Содан ба?

– Жалпы бұл жерде басты екі мәселені ескеру керек. Оның біріншісі – құрылыс жобасының сапасы, екіншісі – инфляциялық үдерістер. Кеңес заманында барлығы мемлекеттің қатысымен жасалатын. Жобалауды да жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме-ұйымдар, құрылыс және басқа да материалдардың бағаларын мемлекет өзі қоятын. Ал, қазір бәрі басқаша... Әрбір құрылыс тапсырыс беруден басталады, тапсырыс беруші – мемлекеттік құрылым жобаны қолға алған кезде жасақталатын жобаға өзінің талаптарын нақты қою керек. Болашақ нысанда қанша орын, ішінде не болу керек дегендей. Содан кейін жобалау жұмыстары басталады. Жобалаушы компания мемлекеттік сатып алу үрдісі арқылы анықталады. Әрине, жобалау кезінде кемшіліктер де орын алады, бірақ әрбір жобалық-сметалық құжаттама тапсырылмас бұрын мемлекеттік сараптамадан өтеді. Осы жерде айта кететін жайт, жобалаушы компаниялар мен сараптама өткізетін мекемелердің жауапкершілігін арттыру қажет. Осындай мақсатта Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне оларға қатысты жауапкершілік баптарын енгізген дұрыс деп есептеймін. Сонда ғана жобалар сапалы болар ма еді?..

Жоба қаржыландырылып, құрылыс жұмыстары басталып, нысан тапсырылғанға дейін жобада есептелген құрылыс материалдарының бағасы өсіп, жобаның құны әбден қымбаттауы ықтимал. Жобаның бағасына тағы бір ықпал ететін жағдай – қаржыландыру уақыты. Жоба дайындалғаннан кейін үш жыл мерзім ішінде жүзеге асырылуы тиіс. Үш жылдан асқан жоба міндетті түрде түзетілуі керек. Сондай себептерге байланысты кейбір жоба кешігіп басталады, ал баға жыл сайын өзгереді.

– Нұрлан Мұхитұлы, мамандар бюджет қаржысын толықтай игеру мүмкін емес деседі. Бұған қалай қарайсыз?

– Бюджет қаражатын 100% игеру өте қиын, дегенмен бюджеттік бағдарлама әкімшісіне өз бюджетін толық игеруіне болады. Яғни бюджеттік бағдарлама әкімшісі қаражатты дұрыс жоспарлап, тиісті рәсімдерді уақытында өткізгенде нәтиже шығады. Барлық сатыда бақылау жасап, қаражатты дұрыс басқарып отырса, қаржы-қаражатты толықтай игереді. Енді облыс бюджетін толық көлемде алып қарайтын болсақ, оны   100% игеру – өте сирек кездесетін жағдай. Ең бастысы, мемлекет қаражатын  игеру үшін заң бұзуға жол берілмейтінін ұмытпауымыз керек. Тек бюджетті игеру – мақсат емес. Бюджет кодексінің негізділік қағидатына сәйкес бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдалану керек.

Бізге түгел игеруден гөрі бюджет қаражатын тиімді пайдалану маңызды. Егер қаражат толығымен игеріліп, көзделген тікелей және түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмесе, онда бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған деп есептеледі. Ал енді қаражат толықтай игерілмей, бірақ тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілсе, онда мемлекеттік құрылымның міндеті мен көзделген нәтижелері орындалып, бюджет қаражаты тиімді жұмсалды деп айтамыз.

– Әдетте қаржыны игермеген басшыдан жауапкершілік сұралады. Алайда бұған мемлекеттік бағдарламаның әкімшісі боп табылатын сала басшысы жауапты емес пе?  Мысалы, инвестициялық жобалардың әкімшісі жобаның әр тиынын есептеп, нақтылап, болжауы керек қой.  

– Айтуыңыз дұрыс, қолданыстағы Бюджет кодексіне сәйкес бюджеттік бағдарлама нәтижелерінің көрсеткіштеріне қол жеткізбеген, бюджет қаражатын игермеген бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысы еліміздің заңдарында белгіленген жауаптылықта болады. Ал енді жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке нысаналы трансферттерді бөлу және оларды пайдалану кезінде нәтижелерге қол жеткізбеген, жоғары тұрған бюджеттен алынған нысаналы трансферттерді игермегені үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі, төмен тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалары әкімшілерінің бірінші басшысы тиісті заңдарға сәйкес  жауапты деп танылады.

Осы себепті республикалық бюджеттен облыстық бюджетке бөлінген нысаналы трансферттерді пайдалану кезінде жоғарыда айтылған жағдай болған уақытта әкімдердің жауаптылығы болады. Қалған жағдайларда бюджеттік бағдарлама әкімшісінің бірінші басшысы жауапты.

– Облыстық бюджет қаржысының кірісі мен шығысы кейінгі жылдары қаншалықты өсті? Экономистер экономика дамыған сайын кіріс өседі деуші еді.

– Биыл Ұлттық валютамыз – теңгенің қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде облыс бюджеті бірнеше мәрте өсті. Бюджеттің өзіндік кірістері 1993 жылғы 100 млн теңгеден осы жылы 150 млрд теңгеге дейін өсті. Ал шығыстар бөлігіне келер болсақ, 1993 жылдан бюджеттің жалпы көлемі 200 млн теңгеден 2000 жылы 11 млрд теңгеге өссе, биылдың өзінде 481 млрд теңгеден астам сомманы құрады. Өздеріңіз көріп отырғандай, осы 30 жыл ішінде облыс бюджетінің өзіндік кірістері 1,5 мың,  шығындары 2,5 мың есе өсті.

Соңғы үш жылды салыстыратын болсақ, облыстық бюджеттің көрсеткіштеріне тұрақты өсім тән. Өткен жылдың қорытындысын 2020 жылмен салыстырғанда облыстық бюджеттің өзіндік кірістері 2,3 есе (2020 ж. – 45,4 млрд, 2021 ж. – 83,6 млрд, 2022 ж. – 101,6 млрд) өсті. Өткен жылғы облыстық бюджеттің шығыстары 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есе (2020 ж. – 247
млрд, 2021 ж. – 327,1 млрд, 2022 ж. – 375,4 млрд) өскені айқын. Бюджет қаражаты көлемінің ұлғаюы өз кезегінде әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландырумен қатар даму бюджетіне көңіл бөлуге мүмкіндік берді.

2000 жылдардың ортасынан бастап экономикадағы жетістіктер инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды, яғни даму бюджетін қаржыландыру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Мысалға, 2000 жылдардың бірінші бесжылдығында даму бюджетіне 14 млрд теңге бағытталса, тек осы 2023 жылы бұл мақсатқа 80 млрд теңге көзделді.

Бюджет қаражатын жүйелі жоспарлаудың арқасында ауылдардың  инфрақұрылымы жақсартылып, аудандарға көгілдір отын мен таза ауыз су жеткізілді, жаңа мектептер мен емдеу орындары салынды. Сонымен қатар спорт нысандары мен мәдениет ошақтары бой көтерді, облыс тұрғындары баспаналы болды. Ауыл-аудандарда күре жолдар, қала және ауылішілік жолдар жыл сайын жөнделуде. Білім, денсаулық, мәдениет, спорт салаларындағы жүздеген нысан жөнделгенін де атап өтуге болады.

– Нұрлан Мұхитұлы, қаржы басқармасының жергілікті атқарушы құрылымдардың арасындағы орны, ұжым және ұрпақтар сабақтастығы туралы айта кетсеңіз.   

– Біздің басқарманың жергілікті атқарушы құрылымдардың арасындағы орны ерекше дер едім. Басқарма облыстық деңгейде бюджетті жоспарлауды, оның атқарылуын үйлестіруді, бухгал-
терлік және бюджеттік есептің, қаржылық және бюджеттік есептіліктің жүргізілуін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік құрылымдардың міндеттерінің басым бөлігін жүзеге асыруға қаражат қажет. Басқарманың қызметкерлерінің міндет-миссиясына осы қаражаттың тиімді жоспарлануын және жұмсалуын қамтиды. Сонымен бірге  қаражат көздерін табу да басқарманың мойнында.

Басқармамызда 8 бөлім бар, ұжымның 61%-ы – әйел адамдар. Мемлекеттік қызметшілердің орта жасы – 41 жас. Қызметшілердің барлығы жоғары білімді, үнемі біліктілік арттыру курстарынан өтеді. Одан басқа мемлекеттік құрылымдармен тәжірибе алмасуды да жиі ұйымдастырамыз.  Қаржыгерлер  саламатты өмір салтын сақтап, дене шынықтырумен айналысады. Бізде тренажер, үстел теннисі залдары бар.

Ұжымда ұрпақтар сабақтастығы жақсы қалыптасқан. Бізде қызмет еткен ардагерлеріміз – марқұм Мәдина Оразқызы, Асқар Шәңгерейұлы, Айжан Сембіқызы, Айгүл Бақытжанқызы және тағы да басқа аға-апаларымыздың есімдерін құрметпен атап өткім келеді. Ұзақ жылдар бойы өңірдің қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз еткен еңбекқор аға буынға айтар алғысымыз зор.  Кейінгі буын олардан өнеге алып,  қаржыгер маманы болып жұмыс істеуді үйрендік.

Бүгінде көп жылдан бері қаржы саласында қызмет етіп жүрген әріптестеріміз – Ғалым Жұбанышев, Индира Ғазизова сынды бөлім басшылары, Алтын Мұхамбетова, Эльмира Каримуллина және Марина Мирская сынды бас мамандар және басқа да мамандарымыз өз тәжірибелерін жас буынға үйретуде.

Жетістіктерімізге тоқталар болсақ, тек осы жылы біздің екі мемлекеттік қызметші  Ерлан Досов пен Ақжарқын Сағынғали қыркүйек айынан бастап Қазақстан Республикасының Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасында оқуда. Басқа екі әріптесіміз Азамат Қадыров пен Ғабит Ғазиевтер сәйкесінше Орал қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі мен Теректі ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшылары болып тағайындалды. Басқарманың тағы бір жетістігі – Қазақстандағы бухгалтерлік есеп реформасы аясында облысымыз мемлекеттік ұйымдарда есеп пен есептіліктің жаңа жүйесін енгізу бойынша пилоттық аймаққа кіріп, есептіліктің жаңа жүйесін енгізу бойынша жұмысты табысты іске асырды. Осы жоба аясында біздің бірқатар ұсынысымыз қолдау тауып, бухгалтер заңнамасына енгізілді. Қазіргі кезде барлық мемлекеттік есепші біздің «жанданған» ұсыныстарымызды жұмыста қолданып отыр.

–  Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Индира ҒАЗИЗОВА,

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале