15.02.2024, 14:30
Оқылды: 37

Сырымда балаларға арналған күрес орталығы ашылды

Бүгін Сырым ауданында балаларға арналған күрес орталығы ашылды.
3cfc0df2-7bdf-44d1-aa90-8198ce6bad95
Сырым ауданы – күрестің Отаны. Аттарына ақиқат пен аңыз қатар еріп жүретін Оралбек Қожагелдин, Асқар Шайхиевтер бүгінде балуандықтың ғана емес, батырлықтың бейнесіне айналғандай. Самбо күресінен Азия чемпионатының күміс жүлдегері (1995 жыл, Маңғолия, Ұланбатыр) Азат Қасымов лицензиялы турнирлерге шақырту алып, алдында Сидней олимпиадасының ақ туы желбіреп тұрған уақта бақилық болды.
Бүгінде А.Шайхиев атындағы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің үйірмелерінде 546 бала жаттығады. Оның ішінде 344 бала қазақ күресі, дзюдо және самбо, еркін күрес кілемдерінде тәлім алуда.
Жаңа залдың салынуы да күрес өнеріне ықыласты шәкірттердің қатары қалыңдауы себеп. Балалар күрес орталығында 118 жасөспірім еркін жаттығатын болады. Оларға киім ауыстыру, тынығу, жуыну бөлмелері қарастырылған. Жаңа нысанның есігі спортқұмар ересектер үшін де ашық.
24939c95-f596-426e-b609-46230cec6656
Жымпитыдағы балалар күрес орталығының салтанатты ашылуы шарасында Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов сөз сөйледі. Сондай-ақ самбо күресінен шеберлер арасында алты дүркін Әлем чемпионы Қазболат Құрмашев, ҚР спорт шебері, дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионы Нұрлан Исатаев секілді бірқатар спортшылар мейман ретінде қатысты.
Елдің құрметі ретінде аудандағы балаларды күреске баулып жүрген белгілі бапкерлер – Ержан Чукуровқа, Айбол Оразғалиев және Мәулет Қожахметовке алғысхаттар ұсынылды. ҚР спорт шебері, біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы, дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасында БҚО аға жаттықтырушысы Алтынбек Сұпығалиев пен жас чемпион Нұрлан Исатаевқа 200 мың теңге сыйақы ұсынылды.
Меймандар күрес орталығына кіріп, татами үстіндегі жас балуандардың шеруін тамашалады.
– Сырым ауданынан әлем чемпионы шықты. Енді олимпиада чемпионы шықсын!, - деп тілек білдірді халық.
7d7f3ec9-a5aa-4c6f-81f4-e9c3223b2037
Түстен кейін дзюдо күресінен жастар арасында Әлем чемпионы Нұрлан Исатаев жаңа залда шеберлік сыныбын өткізеді.
Бауыржан Ширмединұлы,

Суреттерді түсірген: Айжан Амангелдина

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале