29.03.2024, 11:15
Оқылды: 9

Бір де бір терроризм актісі тіркелген жоқ

Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Кенесары Нұршиновтың төрағалығымен әкімдік жанындағы терроризмге қарсы комиссия отырысы өтті.

орда дин 2024 (1)

 Отырыс күн тәртібінде ауданның діни ахуалына қатысты мәселелер қарастырылды.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аслан Бижанов жастар арасындағы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда атқарылған жұмыс жайында сөз алды.

Оның айтуынша, осы бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыратын арнайы жұмыс тобы құрылған. Бес адамнан тұратын жұмыс тобы мектеп оқушылары, колледж студенттерінен бастап, жастар мен ауыл тұрғындары арасында діни сауаттылық бойынша іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Санға шағып айтсақ, жыл басынан бері 2 240 тыңдаушыны қамтыған 22 шара өткізілген.

- Аудан бойынша жат ағымның жетегінде жүрген азаматтар тіркелген жоқ. Жамағатпен де жұмыс жақсы жолға қойылған. Оразада ауданға арнайы қос бірдей қари алдырылды. Дәл қазіргі таңда Сайқын, Бисендегі мешітте медресе шәкірттері тарауық намазын өткізіп, жергілікті жұртпен етене жақын жұмыс жасауда. Аудандағы үш мешітте де ауызашар беру үрдісі жақсы жолға қойылды, – дейді баяндамашы Аслан Бижанов.

орда дин 2024 (2)

Ал ауданымыздың теологі Мұхамедәли Медетұлы ата-аналар балаларының діни сауаттылығына көңіл бөлсе екен деген өтінішін айтты.

- Кез келген азамат тәрбие негізін өз ата-анасынан, туған ұясынан алады. «Баламның діни көзқарасы қандай екен? Діни сауаты қандай?» деп көңіл бөлмеген ата-ананың күні ертең опық жері анық. Мектеп бітіріп, қалаға, үлкен ортаға барған балаңыз кез келгеннің жетегіне еріп, теріс ағымға түсіп кетуі мүмкін. Сондықтан осы кезден бастап, бала тәрбиесі дегенде діни сауаттылық мәселесін де назардан тыс қалдырмау керек, – деді ол.

орда дин 2024 (3)

- Соңғы бес жылда, одан бұрын да аудан аумағында бір де бір терроризм актісі тіркелген жоқ. Теріс ағымдағы азаматтар да тіркелген жоқ. Рас, 2018 жылы қалада дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көпе-көрнеу жалған ақпарат таратқаны үшін Т.Масин ауылының бір тұрғыны істі болды. Факт дер кезінде анықталып, тиісті жазасын алды, – дейді полиция майоры Бекзада Ғайтбаев.

Отырысқа онлаин қатысқан ҚР ҰҚК БҚО департаменті Жәнібек аудандық бөлімінің басшысы Жәнібек Әмірғалиев «жау жоқ деме, бөрік астында» дейтін бабаларымыздың сөзін еске түсірді.

орда дин 2024 (4)

- Теріс ағымдағы азаматтар тіркелген жоқ деп арқаны кеңге салуға болмайды. Дін жолындағы әрбір азаматтың жүріс-тұрысы, ортасы, жанұясымен қарым-қатынасын назарға алып, қадағалауымызда ұстауымыз керек, – деді ол.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов осы мәселе бойынша жауапты танылған сала басшыларына тапсырма беріп, діни сауат – ел тыныштығының кепілі екенін естен шығармауды сұрады.

Анар Артықбай,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале