Ақжайық ауданында Желтоқсан оқиғасына қатысып, істі болғандардан ақталғандар саны үшеу. Соңғысы Ілбішін ауылының тумасы, марқұм Гүлзада Қалелова еді.
Енді солардың қатарына чапаевтық ерлі-зайыпты желтоқсаншылар Темірбек мен Гүлжанар Жұмағалиевтер қосылды. Олар Желтоқсан оқиғасының құрбаны деп танылып, «Қазақстан Республикасының 1993 жылдың 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы Заңы негізінде толық ақталды.
Шүйінші хабарды жеткізуге Алматыдан арнайы келген «Желтоқсан-Алматы» қоғамдық ұйымының төрағасы Серікбек Жандыбай аудан желтоқсаншыларымен Жұбан орталығында жүздесті.
– Еліміз бойынша желтоқсаншылардың басын біріктірген 30 бірлестік болса, соның басым бөлігі, яғни 19-ы Алматы қаласында орналасқан. Біздің бірлестік – соның бірегейі, құрамымызда республика бойынша 800 адам бар, – деген ол ұлттық рухымызды оятқан Желтоқсан оқиғасының ел тәуелсіздігін алудағы маңызы, оған қатысқан азаматтарға құрмет жөнінде айта кетті.
Осыдан кейін Серікбай Жандыбай ерлі-зайыпты Жұмағалиевтерге ұйымның төсбелгісін, сондай-ақ «Тәуелсіздікке 35 жыл» медалін табыстады. Тарихымыздың сол қаралы күндерінде жала жабылып, азапталып, құрбан болған Гүлзада Қалелованың есімінің ақталуында еңбегі сүбелі тарихшы-өлкетанушы Алдаберген Сәрсеков те осы шараға арнайы қатысты.
– Ызғарлы желтоқсанның жаңғырығы ұмытылмайды. Гүлзада, Темірбек, Гүлжанар сынды алаңға шығып, артынан небір жала жабылып, істі болғандар әлі де көп арамызда. Сондықтар зерттеулер үзілмеуге тиіс, тың деректердің табылары да хақ, – деді ол.
Азамат Қанапия,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz