18.04.2024, 16:16
Оқылды: 58

Жұбан ауылының әуе толқынында «Қазақ радиосы»

Бұрындары, көпшіліктің есінде шығар, көшелерді жаңғырта әндетіп, жедел ақпарат таратып, бағаналардың басында, үйіміздің әр бұрышында радио тұратын еді. Алайда қазір оның орнын әлеуметтік желі алмастырып, көшені жаңғыртқан радионың үні естілмегеніне біраз жылдың жүзі болып қалды. Осы игілікке қайта оралған ауылдардың бірі –Қурайлысай ауылдық округінің Жұбан ауылы.

59139

Ауылдың орталық көшесіндегі бағанаға орнатылған радио таратқан ел жаңалықтары, сазды бағдарламалар, рухани хабарларға ауыл тұрғындары енді құлақ түріп жүр. Жақсы іске мұрындық болғандар – осы ауылдағы Талап орта мектебін 1974 жылы тәмамдаған түлектер.

– Міне, Қурайлысай жерінде ғасырлық тарихы бар «Қазақ радиосының» үні қайта жаңғырды. Сонау жылдары осы салада аянбай еңбек еткен Ақжайық Нұржанов ағамызды әлі күнге мақтан етеміз. Бұл игілік Талап орта мектебін 1974 жылы бітірген түлектердің бекем бірлігі мен ұйымшылдығының арқасында мүмкін болды. Жасы жетпісті алқымдап қалған аға-апаларымыздың елді осылай қолдауы, қолпаштауына ризамыз. Өздері республиканың түкпір-түкпірінде жүрсе де, туған ауылының мәңгі жүрегінде сақтайтынын анық дәлелдеп көрсетті. Әрқашан елдің ризашылығына бөленіп аман жүріңіздер, – деді радиоқабылдағышты орнатуға орай ұйымдастырылған салтанатта ауылдық округ әкімі Орынбек Жапашев.

Игі іске себеп болғандардың атынан Смайыл Ерғалиев пен Әмина Базарова сөз алып, ауылдастарын құттықтады.

Кезінде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болған, бүгінде елге сыйлы азамат, еңбек ардагері Наурызбай Әбілқайыров пен облыстық кеңестің депутаты болып, ауылдың дамуына үлесін қосқан Нұрзия Жазықбаева радионың символдық лентасын қиды.

Асыл Қайрат, 
Ақжайық ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале