Қазақстанда меритократия тиімді мемлекеттік басқарудың негізін құрайтын маңызды стандартқа айналуда. Батыс Қазақстан облысында бұл қағидат белсенді түрде жүзеге асырылып, кәсіби даму мен мемлекеттік басқарудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов айтты.
Мемлекеттік қызметтегі меритократияның маңызын және оның біздің өңірде қалай енгізіліп жатқанын қарастырып көрейік.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында тағайындаулар кезінде кандидаттардың кәсіби және моральдық сапалары, сондай-ақ бұрынғы лауазымдардағы нәтижелері ескерілуі қажет екенін, меритократия қағидаттарын сақтау қажеттігін атап өтті.
Меритократия, еңбегіне қарай қызметте өсу жүйесі ретінде, мемлекеттік қызметтегі табыс пен мансаптық өсу кәсіби жетістіктерге, білімге және біліктілікке байланысты екенін білдіреді, ал жеке байланыстар мен мәртебеге тәуелді болмайды. Мемлекеттік қызметті жаңғырту жағдайында меритократия қағидаты ерекше маңызды, өйткені ол халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыра отырып, ең білікті және ынталы қызметкерлерді тартуға мүмкіндік береді.
Батыс Қазақстан облысында меритократия мемлекеттік қызметтің ашық, есепті және нәтижелі жүйесін құрудың негізі болып табылады, мұнда әрбір қызметкер өз еңбегінің лайықты бағаланатынын және мансаптық мүмкіндіктері жеке үлесі мен біліктілігіне байланысты екенін түсінеді.
Осылайша, биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өңірде мемлекеттік қызметтегі меритократия деңгейі 73,8%-ды құрап отыр. Өткізілген 84 конкурстың нәтижесінде 62 кандидат жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалды. Өткен жылдың ұқсас кезеңінде бұл көрсеткіш 60% болған еді.
Мемлекеттік қызметте меритократия қағидаттарын жүзеге асыру үшін уәкілетті орган – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті бірнеше құралдарды қолданады.
Бірінші, ашық конкурстық рәсімдер. Меритократияны енгізудің негізгі аспектілерінің бірі — мемлекеттік қызметке қабылдау және мансаптық өсу кезінде ашық конкурстық рәсімдерді қамтамасыз ету. Батыс Қазақстан облысында конкурстық рәсімдер автоматтандырылған және цифрландырылған, бұл адами факторды жояды. Әрбір кандидат eqyzmet.gov.kz интернет-платформасында тестілеуден, әңгімелесуден және біліктілігін бағалаудан өтеді, бұл кандидаттың білімін, дағдыларын және лауазымдарға қойылатын талаптарға сәйкестігін объективті бағалауға мүмкіндік береді. Платформада кандидаттардың деректері толығымен жасырын, олар жүйе автоматты түрде тағайындайтын ID-нөмір арқылы көрсетіледі, нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және адами факторды барынша азайтады.
Екінші, мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау. Мемлекеттік қызметшілердің қызметінің тиімділігін жүйелі түрде бағалау олардың мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесін анықтауға мүмкіндік береді. Бағалау жүйесі аясында қызметкерлер өз міндеттеріне сәйкестікке мерзімді түрде тексеруден өтеді, бұл ең табысты қызметкерлерді анықтап, ынталандыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қатарынан 4 тоқсан бойы «қызметтік міндеттерін тиімді орындайды» деген баға алған қызметкер меритократия қағидаттары негізінде біліктілік талаптарына сәйкес болған жағдайда конкурстық рәсімдерді өткізбей-ақ жоғары лауазымға тағайындалуы мүмкін.
Үшінші, оқыту және біліктілікті арттыру. Департамент және Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалы қызметкерлердің кәсіби дамуына үлкен көңіл бөледі. Тұрақты оқыту және біліктілікті арттыру қызметкерлерге өз дағдыларын жетілдіруге және жаңа міндеттерге дайын болуға мүмкіндік береді.
Кәсіби оқыту бағдарламалары заңнама саласындағы білімнен бастап азаматтармен жұмыс істеу және цифрлық технологиялар бойынша дағдыларға дейін кең бағыттарды қамтиды. Мұндай дайындық мемлекеттік қызметшілерге қоғам игілігі үшін жұмыс істеуге қажетті біліктілікті игеруге көмектеседі.
Мемлекеттік қызметте меритократия бірқатар артықшылықтарға ие.
Біріншіден, азаматтардың сенімін арттыру. Қызметте өсу кезіндегі ашықтық пен объективтілік азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтады. Адамдар мемлекеттік қызметшілердің еңбегі мен біліктілігі бойынша басшылық лауазымдарға тағайындалатынын көріп, мемлекеттік аппараттың білікті және тиімді институт ретінде беделі қалыптасады.
Екіншіден, қызметкерлерді ынталандыру. Меритократиялық жүйе мемлекеттік қызметшілерді нәтижеге жетуге ынталандырады. Мансаптық өсу ережелерінің айқындығы мен бағалау критерийлерінің түсініктілігі қызметкерлерге даму перспективаларын көруге көмектеседі, бұл кәсіби жетістіктерге бағытталған қолайлы еңбек атмосферасын қалыптастырады.
Үшіншіден, тиімді басқару және инновациялар. Жоғары білікті және ынталы қызметкерлер тиімді басқарудың негізін құрайды. Меритократия қызметкерлерге мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған инновациялық шешімдерді ұсынуға және енгізуге мүмкіндік беретін орта қалыптастырады.
Жалпы өңірде мемлекеттік қызметте меритократияны енгізу — бұл тек бастама. Біз қызметкерлерді объективті бағалау және ілгерілету тәжірибелерін дамытуды, оқыту бағдарламаларын кеңейтуді және кадрларды бағалау мен іріктеуге арналған цифрлық шешімдерді қолдануды жалғастырамыз.
«Біздің басты мақсатымыз — кез келген күрделі міндеттерді шеше алатын және азаматтарға сапалы қызмет көрсететін кәсіби және тиімді мемлекеттік аппарат құру.
Меритократия қағидаттарын енгізу арқылы біз өңірдегі әрбір тұрғынның игілігіне бағытталған заманауи және жоғары кәсіби мемлекеттік қызметті қалыптастыруға ұмтыламыз», - деп жазды Мұрат Байсалов.