Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұлов Талдыапан ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде округ әкімінің міндетін уақытша атқарушы Гүлзада Мамбеталиева жыл басынан бері округте атқарылған жұмыстарды баяндады.
Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, аудандық мәслихат депутаты Дархан Аябалиев, салалық бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Талдыапан ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін бар. Округтегі тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып келеді. Бұған салық түсімдерінің артуы, тұрғындардың мемлекеттік бағдарламаларға қызығушылық танытып отырғаны дәлел.
— Осы жылы округке 5 млн 259 мың теңге салық түсті. Өткен жылмын салыстырғанда 2,6 есе өсіп отыр. Бүгінде округімізде екі азаматша мемлекеттік грант арқылы өз кәсіптерін бастап, құс және қой шаруашылығын дамытып отыр. Сонымен қатар тұрғындардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға белсенділігі артып, ақылы қоғамдық жұмыс, әлеуметтік жұмыс орындары, «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы» арқылы жұмыспен қамтылды, - деді Гүлзада Ержанқызы.
Аудандық мәслихат депутаты Дархан Аябалиев те округтің даму көрсеткіші артып келе жатқанын тілге тиек етіп, ұсыныстарын жеткізді. Жиында ауылға кіреберіс жолдың салынуы және сапасына қатысты бақылауды күшейту, тозығы жеткен электр желілерін жөндеу, балбөбек балабақшасын жөндеу, Бейстерек елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде сауалдарын қойды.
Округте атқарылып жатқан жұмыстармен етене таныс аудан әкімі Асланбек Сарқұлов халықтың белсенділігін арттыру қажеттігін атап өтті.
— Мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда. Мәселен, округте тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін он екі үй салынып жатыр. Бүгінде кәсібін бастаймын деген азаматтар үшін мемлекеттік грант, «Ауыл аманаты» сынды бағдарламалар қолжетімді. Сонымен қатар халықты жұмыспен қамтамасыз етуге арналған бірқатар мемлекеттік жобалар да бар. Бұл ауылдағы ағайынға мол мүмкіндік, - деді аудан әкімі.
Аудан әкімі тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін ескеріп, салалық бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Соның ішінде жол жөндеу жұмыстарының баяу екендігін ескеріп, мердігерге тиісті шара қолдану қажеттігін қатаң ескертті.
Асылбек Нәсіпқали
Казталов ауданы