31.12.2024, 11:30
Оқылды: 957

Жаңа жыл: Жылан туралы не білеміз?

Қазақ халқы жалпы барлық жылдың қай-қайсысынан да жақсылық күткен: Тышқан жылы – молшылық, Сиыр жылы – тыныштық, Қой жылы – құтты, Мешiн жылы – мерейлi, Тауық жылы табысты  деп  кете  береді.  Жылан жылы барлығымыз үшін жайлы жыл болсын дей отырып, облысқа танымал тұлғаларға Жаңа жыл қарсаңында жыланға қатысты бірқатар сұрақ қойған едік. Мархабат…

55102870-e1d5-44d7-9364-cd516dbe3987

– «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дейді. Өз қарамағыңыздағы қызметкерлеріңізге жылы-жылы сөйлеген дұрыс па, әлде қатты-қатты сөйлеген дұрыс па?

Асқар Әбдірахманов, Орал  қалалық полиция басқармасының  бастығы, полиция  подполковнигі:

– Полиция қызметіне жүктелетін тапсырмалар, орындалуы қажет міндеттер, нұсқаулар, бұйрықтар қатары көп, барлығы өз мерзімінде орындалуы тиіс. Сондай-ақ біздің қызметтегі жеке құрамның дені – ер-азаматтар. Осы ретте басшының тарапынан қаталдық міндетті түрде қажет. Яғни басшы қатал тәртіп пен талап қоя білуі керек. Тәртіпке бағынған құл болмайды. Қажет кезінде қызметкерлерден жұмысты талап етіп, қатты сөйлейсің, сондай-ақ уақытпен санаспай еңбек етіп, жүктелген міндетті уақтылы орындап, ел-жұрттың, әріптестерінің ықыласына ие болып жүрген полицейлерге алғыс айтып, риза болып, жұмсақ сөйлейсің. Жалпы, кез келген саладағы маманның жауапкершілігі жұмыстың сапалы, уақтылы орындалуына негіз болады.

Әр саланың өзіне тән қиындығы болады. Бір айтарым, елдің тыныштығы, қоғамдағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуда, көшедегі тәртіптің сақталуында полиция  қызметіне босаңсуға болмайды.

– Жылан шағып алғанда не істеу керек?

Гүлнәр Жұмағалиева, облыстық «Жедел жәрдем» стансасы директорының орынбасары:

– Адамды жылан шағып алған кезде, ең алдымен, «Жедел жәрдем» қызметіне хабарлау керек немесе жақын жердегі медициналық мекемеге барып, дәрігердің көмегіне жүгіну қажет. Зардап шеккен адамды көлденеңнен жатқызу маңызды және ол адамға жүруге, жүгіруге болмайды. Жылан шағу салдарынан ісіп тұрған маңайға таңғыш салуға, тері аймағын кесуге, күйдіруге, спиртпен сүртуге болмайды. Бұл инфекцияға, сіңірдің зақымдануына, мүгедектікке әкелуі мүмкін. Зардап шеккен адамды тыныштандырып, көп су ішкізу керек. Сондай-ақ аллергияға арналған 1-2 таблетканы, мысалы, «Супрастин», «Тавегил» қабылдауға болады. Жылан шаққан адамға спирттік ішімдіктерді ішуге қатаң тыйым салынады. Ең бастысы, жылан шаққан адамды емдеу мекемесіне мүмкіндігінше тезірек жеткізу қажет. Дәрігерлер уды шығарып, екпе салады.

– Көркем әдебиетте жыланға қатысты теңеулерді қолдану кең етек алған. Мәселен, эпикалық жырларда батырдың кереметтігін, әйелдің сұлулығын да әбжыланға теңеген тұрақты теңеулер мен сөз орамдары жиі кездеседі. Мысалы, «Әбжыландай толғанып, қызыл найза қолға алып, Шұбарға қарғып мінеді» дейді «Алпамыс» жырында. Сіз ше, өз шығармашылығыңыз да жылан туралы теңеу сөздерді қолданып көрдіңіз бе?

Мұнайдар Балмолда, Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі, «Aqjaiyq» телеарнасының  тілшісі:

– Жылан жәйлі халық ауыз әдебиетінде жиі айтылады ғой. Өзіме қатысты оқиғаларға тоқталсам. Жыланның өзі ирелең болғанымен, іні тік дейді. Бала күнімде су және сарбас бала жыландарды қалтама уыстап салып жүретінмін. Содан кино көруге клубқа барамыз. Құрбы-құрдастарыма «Қалтамда бәтеңкенің бауы бар, ала қойшы» деймін. Қалтама қолын салады да, олар шошып, айқайлап жібереді. Жалпы, жыланнан кішкентай кезімнен қорықпаймын. Адам жыланның қасында ерсілі-қарсылы әрекет жасаса, бауырымен жорғалаушылар қорғану мақсатында шағып алуы мүмкін. Бірақ олар бірінші болып шабуылдамайды. Жыланның шағып алғандығы жөнінде түсіңе енсе, өсекке, сөзге қалуың мүмкін. Ал түсіңде мол жылан жаныңда жүрсе, байлық, мол олжаны білдіреді. Өмірде жылан үйге кірсе, ақ құйып шығарып салу керек дейді. Бұл – Жаратқанның мақұлығына адамзаттың құрмет көрсетуі деп білемін. Жыланның уынан медицинада түрлі дәрі жасайды. Денсаулық сақтау саласының эмблемасы – асатаяққа, тостағанға оратылып, уын тамызып тұрған жылан бейнесі. Яғни түсі суық болса да, бұл жорғалаушының пайдасы мол деген сөз. Оқушы кезімде жыланның аяғын да көрдім. Балықтың қабығы секілді болады екен. Жыланның аяғын көрген адамның ғұмыры қысқа немесе бақытты, қабілетті болады деуші еді. Шүкір, дінаманмын, бақыттымын.

Кітаптарымда жылан туралы ойларым бар. Бауырымен жорғалаушылар жер астындағы, яғни біздің қазына-байлығымызды, ғұн, сақ дәуіріндегі «Алтын адам» секілді құнды жәдігерлерді қорғап жатса, жердің бетіндегі байлығымызды қасқырлар қорғайды.

– Жыланды жерде алтын көп болады дегенге сенесіз бе?

Қуандық Мәдір, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, қылқалам шебері:

– Иә, мұндай аңызды бала күнімде естігенмін. Аңыз бойынша, жылан жер асты байлығын өзіне тартатын көрінеді. Бірақ жыландар шоғырын көрсең, оны құпия ұстау керек екен, әйтпесе алтын сусып кетеді-мыс. Былай қазір ойлап қарасақ, бағзы заманда алтын мен күмісті бидай мен  басқа  да ауыл  шаруашылығы өнімдері  алмастырды ғой.  Олар  кеміргіштердің  қорегі  емес  пе? Ал кеміргіштер  жыландардың  азығы екендігін білеміз. Сол себептен де күндіз-түні сол  жерге жыландар шоғырланып, торуылдап жатуы заңдылық. Алтынды жерде жыландар көп  болады деген содан шықса керек.

Жалпы, Азия  елдерінде  жылан  өзінің  даналығы үшін  құрметтеледі.  Жылан  бейнелі  тұмар таққан  адамның  интеллектуалды  деңгейі  жоғарылайды,  түйсігі  мен  тіпті  көріпкелдігі  дамиды  дейді. Қазақ  дәстүрінде  жылан  ақыл-парасат  пен терең  ойдың  символы.  Жылан  –  суыққанды,  ақылды,  сабырлы  делінгендіктен,  осы  жылы  туған адамдардың  мінездеріне  де  жақсы  баға  беріп жатады.

Қазақ  жылан  үйге  кірсе,  оны  өлтірмей,  басына  ақ  құйып  шығарып  жіберіп  отырған.  Оны  Құм  Нарынның  етегіндегі  киіз  үйде,  жайлауда  өткен  балалық  шақта,  талай  көргенмін.  Ол  күнде  бес жасар  бала  болсақ  та,  есімізде  жақсы сақталыпты. Сондай-ақ    атам  қазақ  қандай  түс  көрсе  де, жақсыға  жорып  отырған.  Отбасында  дәстүрлі  тәрбие  алып  өскен  бізге  де  ата-анамыз  соны  үйретті.  Сондықтан  әлбетте  қандай  түсті  де,  жылан  көрсем  де    жақсылыққа  жоримын.  Балалық  шағым  Атыраудың  Құрманғазы ауданында, Жұмекен  ауылында Сұрхан  өзенінің жағасында  өтті.  Каспий  теңізіне  құятын үлкен өзен болатын.  Жаз  айларында  ұзақты  күн өзеннен  шықпаймыз,  қармақпен  балық  аулап, суға  шомылып  дегендей.  Ені  150-200  метрдей өзеннің  ортасына  қайықпен  барып,  суға секіреміз. Балығы тайдай тулаған  өзенде жыландар  да көп жүзетін. Кейде  достармен бәстесіп, сүңгіп солардың дәл қасынан шығатын едік. Бірақ біз оларға, олар бізге тиіспейтін. Қайран, балалық шақ десейші. Қазір соның барлығын сағынышпен еске аламын. Отбасынан алған тәрбие ғой, жалпы қандай жәндікке де, жан-жануарға да зиянымыз болған емес.

– Жыланды суретке түсірген оңай ма? Фото нысанаңызға қандай жыландар жиі ілікті?

Рафхат Халелов, кәсіпқой фотосуретші:

– Қаратөбе ауданының Қалдығайты ауылында туып-өстім. Бала кезімде Әмина әжемнің қасынан қалмайтынмын. Әжем алдынан жылан кездессе, басын аяғымен басып тұрып, тілін суырып алатын. Ал үйге кірсе, басына ақ құйып шығарып салатын. Еміс-еміс есімде бар, әжем жыланның сілекейінің тамшысына түлеген терісі ме, қабығы ма әйтеуір, тұнба жасап араластырып, ұзақ сақтап қойып, ішетін. Ішкі ағзаға өте пайдалы деп. Соны көріп өскесін бе, бауырымен жорғалаушылардан қорықпаймын. Былтыр өзім жақсы сыйлайтын бір азамат Бәйтерек ауданының Бейбітшілік ауылына қарасты Сырым батыр бөлімшесінен үй сыйлады. Қазір сонда тұрып жатырмын. Ауылда, әсіресе, сулы жерде жылан көп кездеседі. Мамыр айларында шарбақтың ішінде жыландар жиі жататын. Күрекке, айырға салып алып, алысқа апарып тастайтынмын. Фотоға су жылан, сарбас және қара жыландарды түсіргенім бар.

«Жылан сындырған сүйекті сынықшы да сала алмайды»

Жыландардың дені адамға шабуыл жасамайды. Өздеріне қатер төніп тұрғанын сезген жағдайда ғана қорғана бастайды. Оның өзінде де адамға бірден тап бермейді. Ол алдымен бірнеше ескерту түріндегі әрекеттер жасайды. Яғни тістеуге асықпайды. Ал қауіпті сезініп, адамның қолына, аяғына оратылып қалса, сүйегіңізді ешбір сынықшы емдей алмайтындай сындыруы мүмкін. Бұл туралы облыстық экологиялық-биологиялық орталыққа барғанда мамандардан білдік.

Облыстық экологиялық-биологиялық орталықта индонезиялық су питоны, жүгері жыланы (маисовый полоз), синалой сүт жыланы (синалойская молочная змея), карольдік питон, императорлық жылан (императорский удав), лисий полоз, тигрлік питон (тигровый питон) жыландары мекендейді. Олар Солтүстік Америкадан, Малайзиядан, Мексикадан, Африкадан әкелінген. Аталмыш орталықта жыландар террариумда орналасқан. Террариум дегеніміз – шынымен қапталған, ултракүлгін сәуле, жылу жүргізіліп, арнайы топырақ салынып, термокілем төселіп, бауырымен жорғалаушылар үшін белгілі бір температура қамтамасыз етілген арнайы құрылғы.

Облыстық экологиялық-биологиялық орталықтың жануарлар бөлімінің меңгерушісі Шаттыгүл Сапарованың айтуынша, жыландар екі аптада бір рет тірі тышқандармен, кеміргіштермен қоректенеді. Орталықтағы жыландар улы емес, шақпайды. Бірақ қарны аш кезде және қауіпті сезінсе, шабуылдайды.

–  Террариумды тазалайтын кезде мамандар міндетті түрде алдын ала  тамағын беріп, тыныштандырып алады. Тірі тышқанды құрылғы ішіне жіберіп, жылан оны жұтқаннан кейін барып, тазалауға кіріседі. Өйткені олардың қарны ашкезде құрылғы ішін тазалауға мүмкіндік бермейді. Адамға оқша атылып, қолына оратылып, сүйегін уатып жіберуі мүмкін. Ал жылан уатқан сүйекті сынықшы да сала алмайды. Жылан қорегін тікелей жұтқаннан кейін ас қорыту үшін міндетті түрде жылулық керек. Жылу арқылы азығын бір апта қорытады. Жылына бір рет жыландардың терісі түлейді, сол кезде көздеріне дейін ағарып кетеді. Күн сайын міндетті түрде су тамшылатып, терісін ылғалдатамыз. Қастарында ыдысымен су тұрады. Бауырымен жорғалаушылардың қарны ашқанын бірден білесің. Бастарын ойнақшытып, террариумның ішін кезіп кетеді. Оқушылар табиғат аясындағы слетке қатысқанда, далада жылан көрсеңдер оқыс қимыл жасамаңдар, шабуылдамаңдар, өзі кетіп қалады деп үйретеміз. Бауырымен жорғалаушыларды тамақтандырғанда олардың көлеміне қарай, яғни кішкентайларына жаңа туған кеміргіш берсек, питондарды үлкен тышқанмен қоректендіреміз. Табиғи инстинктен айырмау үшін тірі тышқан аулатамыз. Азығын аузына салғаннан кейін жылы жерде қорытады. Ал ауа салқындап кетсе, өліп қалады. Жыландарға  берілетін тышқандар да орталықта арнайы өсіріледі.

Жыландар өте сақ, есеппен қозғалады. Сол себепті Жаңа жылда қандай да бір іспен айналыссаңыз, кәсіп бастасаңыз, есебіңіз күшті, жоспарыңыз жүйелі болғаны жөн, – дейді Шаттыгүл Радикқызы.

Сала мамандарына сұрақты қойған жыланнан қатты қорқатын, Жылан жылы туған Гүлсезім Бияшева

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале