8.05.2026, 16:00
Оқылды: 8

Сырым ауданында ұлттық спорт түрлерінен дала қызықтары өтті

Сырым ауданы, Қособа ауылдық округінде 7 - мамыр Отан қорғаушылар күніне орай ұлттық спорт түрлерінен дала қызықтары өтті.

PHOTO-2026-05-07-15-57-03

Шараның салтанатты ашылуына Сырым ауданының әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов, Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева, аудандық мәслихат депутаты Жеңіс Шапешов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Ерлан Сарсенов және Қособа ауылдық округінің әкімі Бейімбет Жайманов қатысты.

Серік Тоқмамбетов өз сөзінде Отан қорғаушылар мейрамы жас ұрпақты айбындылыққа шақыратынын, ал ұлттың жаңа буынын қалыптастыруда көшпенділердің дәстүрлі дала ойындарының маңызды рөлі бар екенін айтты.

PHOTO-2026-05-07-15-57-03 (2)

Салтанат сахнасында Қособа ауылдық округінің экономикалық дамуына, қоғамдық серпілісіне үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды.

Қособаның тойлайтын жөні бар. Жуырда Орал қаласында өткен “Ауыл – ел тірегі: даму мен серіктестіктің жаңа кезеңі” атты форумда Қособа ауылдық округінің әкімі Бейімбет Жайманов “Салауатты сана” аталымы бойынша ауылдық округ аумағында салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосқан үлесі үшін марапатталып, 10 млн теңге сыйақыға ие болды.

Бұл ауылдың бірлігі мен берекесіне берілген баға. Ал, “Қайсар” спорт клубының әдіскері Бекболат Елубайұлы Қособаға қызметке келгелі, ауылда ұлттық спорттың тынысы кеңігені рас. Балалар тұлпар мініп, серке ілуге жарап қалды. Бүгінгі бәйге - сол жобалардың жалғасы.

PHOTO-2026-05-07-15-57-03 (3)

Даланың шаңын тұлпарлар көтерді. Жарыс жолына арғымақтар аттанар сәтте ақсақал, Сырым ауданының Құрметті азаматы Құсайын Бақтияров бата берді.

 

Б. Шерім,

Сырым ауданы

Суреттер Қоңдыкер Елеуовтікі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале