8.05.2026, 11:15
Оқылды: 19

Жұлдызы  жарық жас өркен

Орал қаласындағы Дина Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебі – тарихы терең өнер-білім ошағы. Жас ұрпақты шығармашылыққа баулып келе жатқан бұл киелі шаңырақтың 1934 жылы негізі қаланып, 1955 жылы қазақ күй өнерінің шамшырағы, күй анасы Дина Нұрпейісова есімімен аталды. Биыл ұлы тұлғаның туғанына 165 жыл толуына орай мектеп ұжымы мен шәкірттері ауқымды концерттік бағдарлама ұсынып, көрерменге өнердің шынайы мерекесін сыйлады.

DSC03340

Мәдени кеш «Жұлдызы жарық жас өркен» атауымен шаһардағы «Атамекен» өнер ордасында ұйымдастырылды.  Салтанатты жиын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен күй өнерінің дара тұлғасы Дина Нұрпейісованың мерейтойына арналды.

Концерт барысында күй анасының «Әсем қоңыр», «Тойбастар» сынды жауһар туындылары орындалып, көрермен қауым ұлттық өнердің тереңіне бойлады. Жалпы кешке 700-ге жуық жас өнерпаз қатысып, бір жыл бойғы шығармашылық еңбектерінің жемісін паш етті. Жеке орындаушылармен қатар ансамбльдер, хор және оркестр ұжымдары өнер көрсетіп, ұлттық күйлер мен әлемдік классика, заманауи шығармаларды үйлестіре ұсынды.

Айта кету керек, кеш барысында мектептің бірқатар қызметкерлері облыс әкімдігі мен облыстық білім басқармасының алғысхаттарына ие болды.

– Бүгінде мектеп қабырғасында 2000-ға жуық шәкірт білім алып, оларға 230-дан астам тәжірибелі педагог тәлім беруде. Бұл көрсеткіштер өнер-білім ошағының шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін аңғартады. Ұжым жыл бойы қала және облыс көлеміндегі мәдени іс-шараларға белсене қатысып, жас таланттардың танылуына жол ашып келеді, – дейді Д. Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінің директоры Мұхамбетқали Далбаев.

Өнер кешінде күй анасының өмір жолы да кеңінен насихатталды. 1861 жылы Батыс Қазақстан өңірінде өмірге келген Дина жастайынан домбыраны серік етіп, Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы сынды ұлы күйшілердің мұрасын игерді. Ұстазы Құрманғазының батасын алған дарын иесі кейін Қазақ мемлекеттік филармониясы сахнасында еңбек етіп, 1939 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық байқауда топ жарып, қазақ өнерін әлемге танытты. 1944 жылы Ташкент сахнасында өнер көрсетіп, Қазақ КСР-ның халық әртісі атағына ие болды. Сонымен қатар кештің құрметті қонағы ретінде Дина Нұрпейісованың туған жиені Бағила Қайыржанқызының қатысуы іс-шараның мәнін арттыра түсті.

Жылдық есеп беру концерті тек шығармашылық есеп қана емес, өнерге деген сүйіспеншіліктің, ұстаз бен шәкірт еңбегінің жарасымды үйлесімін айшықтаған рухани шараға айналды.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале