Қазіргі технологияның, инновацияның қарқынды даму кезеңінде энергия көзі көптеген өндіріс және өнеркәсіп салалары үшін ең маңызды ресурстардың бірі болып табылады.

Өндірісті үздіксіз, жеткілікті, сенімді, арзан және тұрақты энергиямен қамтудың маңызы зор. Жалпы қай мемлекет үшін де энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету экономикалық тұрақтылық пен тұрақты өсуге бастайды. Дамыған және дамушы елдер тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге ұмтылады. Энергиямен жабдықтаудағы үзілістер және үзақ уақытқа қуаттан ажырау елеулі экономикалық және әлеуметтік шығындарға соқтыруы ықтимал. Көптеген елдегі саяси тұрақсыздық, энергетикалық инфрақұрылымға шабуылдар, табиғи апаттар және терроризм сияқты оқиғалар тұрақты энергиямен жабдықтауға әсер ететіні анық. Сонымен қатар энергетикалық қауіпсіздіктің және энергияның жеткілікті көлемінің болмауы өңірге инвесторлардың ат басын бұруына, жобаларды іске асыруға қызығушылығын төмендетеді. Соңғы онжылдықта энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, энергия ресурстарының импортына тәуелділікті болдырмау ҚР Президентінің жіті бақылауында және Үкіметтің күн тәртібінде ерекше мәнге ие болып отыр.
Электр энергетика саласы аймақтың тұрақты дамуында негізгі рөл атқарады. Соңғы жылдары энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу мақсатында айтарлықтай қадамдар жасалды. Елімізде өндірілетін электр энергиясының 80%-дан астамы жылу электр стансаларында өндіріледі. Соның ішінде шамамен 70% көлеміндегі энергия көмірден алынады. Қазақстанда электр энергия өндірумен 200-ге жуық станса айналысады. Энергетикалық стансаларда өндірілген электр энергия көлемі кейін республикалық және аймақтық электр желілері арқылы тұтынушыларға тасымалданады. Қазақстанда барлық электр желісінің ұзындығы 467 422 шақырымды құрайды. Бұл ретте энергетикалық нысандардың тозу деңгейі шамамен 65-70%-ды құрайды. Бұл тасымалдау және электр энергияны тұтыну кезінде айтарлықтай шығындарға соқтырады.
Бүгінгі таңда өңірде электр энергия көлемін өндіретін бес энергия стансасы жұмыс істейді. Олар – «Жайықжылуқуат» АҚ, «ҚПО б. в.» компаниясындағы ГТЭС, «Орал газтурбиналық электр стансасы», «Батыс Пауэр», «Жайықмұнай» ЖШС-лары. Өткен жылы барлық орнатылған стансалардың қуаттылығы 388,46 МВт шамасында, ал қолжетімді қуаттылық 343,01 МВт-ты құрады. Өңірдегі барлық станса табиғи газды жағу есебінен электр энергиясын өндіреді. Өңіріміздің 2013 жылғы электр энергия көлемін тасымалдау құрылымын қарастыратын болсақ, электр энергиясының 30%-ға жуық көлемі Ресей Федерациясынан импортталды. Ал 2016 жылы импорт 6%-ға төмендеді. 2023 жылы сырттан тасымалданатын электр энергиясының шамасы 3% болды. Яғни он жыл ішінде өңірімізде салынған электр өндіру стансалары жергілікті тұтынуды өз өңірімізде өндірілетін энергиямен толығымен қамтамасыз етуге қол жеткіздік. Ал осы импортталатын электр энергия көлемі бірыңғай электр желісінен оқшауланған шалғай аудандардың тұтынушылары үшін алынады.
Өткен жылы облыстың орташа айлық электр энергия тұтынуы 92,1 млн кВт/сағ құрады. Ең көп тұтыну 2024 жылдың қаңтар айына 109,5 млн кВт/с болып тіркелді. Сол жылдың қаңтарынан қараша айына дейін, 11 ай ішінде облысымыз 1 млрд кВт/сағ астам электр энергияны тұтынған, оның ішінде 34,32 млн кВт/сағат Ресейден импортталған. Мысалы, 2020 жылы тұтыну 692,6 млн кВт/сағ, 2021 жылы – 789,4 млн кВт/сағ, 2022 жылы – 783,5 млн кВт/сағ, 2023 жылы – 855,9 млн кВт/сағ, ал 2024 жылдың 11 айында тұтыну 1 млрд кВт/сағаттан асты. Бұл өңірдегі электр энергиясын тұтыну көлемінің өскенін көрсетеді.
Қазіргі кезде облыс бойынша «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ның теңгеріміндегі электр желілерінің ұзындығы 20 531 шақырымды құрайды. Бұл – басқа өңірлермен салыстырғанда ең ұзын желілердің бірі. Аталған серіктестіктің құрамына 16 аудандық және Орал қалалық электр желілері құрылымдық бөлімшелері кіреді. Сонымен қатар 35 кВ және одан жоғары 155 қосалқы станса, 495 трансформатор, 2988 дана 6-35/0,38 кВ жинақтық трансформаторлық қосалқы стансалар бар.
Өңірімізде электр тарату желілерімен қосалқы стансалардың негізгі бөлігінің жалпы тозуы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бүгінде олардың тозуы 80,7%-ды құрайды. Өңіріміз осы көрсеткіш бойынша республика бойынша 7-орында тұр. Мысалға, 1-орында Абай облысы болса (97%), 2-орында – Қарағанды (95%), 3-орында Алматы облысы (93%). Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2024 жылдың басынан бері өңірде электр энергиясымен қамтуда апаттық ажыратудың 167 дерегі тіркелді. 2023 жылы – 267, 2022 жылы 301 апаттық ажыратудың 301 жағдайы орын алды. Электр желілері мен қосалқы стансалардың тозуы бойынша көрсеткіштер келесідей:
- жасыл аймақта – Орал қаласы және 4 аудан (Жаңақала, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау);
- сары аймақта – 5 аудан (Бәйтерек, Бөкей ордасы, Бөрлі, Казталов, Сырым);
- қызыл аймақта – 3 аудан (Ақжайық, Жәнібек, Қаратөбе).
Тозудың ең үлкен бөлігі 0,4 және 10 кВ әуе желілері болып табылады. Биылғы жылдың қаңтарында электр желілерінің тозуы шамамен 79,3%-ды құрады. Мысалы, 2023 жылы бұл көрсеткіш 82% еді. Компания бұл көрсеткішті жыл сайын төмендету үшін жұмыстануда.
ҚР Президентінің 2024 жылғы 25 қыркүйектегі №658 Жарлығымен бекітілген Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 27-тармағында Үкімет энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобасында энергетикалық және коммуналдық секторлардың қолданыстағы активтерін жаңғырту және жаңартуды негізгі мақсат етіп қойды. Осыған байланысты өткен жылы «Батыс Қазақстан электр желілік компаниясы» ЖШС 925 км желіні жөндеуді аяқтап (жоспарды 330,42 шақырымға ұлғайтты), 19 қосалқы стансада және 245 жинақтық трансформаторлық қосалқы стансада тиісті жаңарту жұмыстарын орындады. «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік бағдарлама аясында 2024-2028 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруға 602,3 млн теңге сомасында қаржы жұмсау қарастырылды. Алайда жаңа шаралар енгізу арқылы жұмсалатын қаржы көлемі 874,3 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Былтыр компания жабдықтарды және желілерді жөндеу жобаларын іске асыруды жалғастырады. Бұл ең алдымен инфрақұрылымды жаңғыртуға және абоненттерге қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған.
«Батыс Қазақстан электр желілік компаниясы» ЖШС-ның капиталдық салымдар динамикасын қарастырсақ, 2013 жыл мен 2021 жыл аралығында жылына орташа есеппен 400-500 млн теңге қаражат бөлініп тұрды. 2022 жылы бұл көрсеткіш 800 млн теңгені құрап, 2024 жылы 2,8 млрд теңгеге дейін күрт өсті. Мұны серіктестіктің электр энергияны түпкілікті тұтынушыларға жеткізудегі желідегі шығындарының немесе ысырабының төмендеуінің көрсеткіші ретінде қарастыруға болады. Мысалы, 2013 жылы желідегі шығындардың нақты көрсеткіші 17%-ды құрады. Ал осы көрсеткіш 2024 жылы 13%-ға төмендеді. Яғни шалғайдағы тұтынушыға 1000 кВт электр энергиясы жіберілсе, оның 170 кВт көлемі желі мен қондырғыларда «жоғалатын» еді. Бұл көрсеткіш жыл сайын төмендеуде. Сонымен бірге жергілікті атқарушы құрылыммен аталған серіктестікке арнайы техникалар мен жабдықтарды сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд 900 млн теңге бөлініп, барлығы 58 арнайы техника сатып алынды. Арнайы техникалар аудандарға және қаладағы бөлімшеге берілді. Орал қаласының Зашаған кенті бөлігіндегі электр желілерінде туындайтын апаттарды жедел жою мақсатында жергілікті бюджеттен 596,3 млн теңге сомасында қаражат бөлініп, жөндеу-өндірістік базасы салынды.
«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр алты жобаға республикалық бюджеттен 762,604 млн теңге бөлініп, оның ішінде («Бөрлі ауданы Бумакөл ауылындағы электр желілерін қайта жаңарту», «Тасқала ауданы, Мерей ауылындағы электр желілерін қайта жаңғырту» және «Сырым ауданы, Жымпиты ауылы Алаш орда көшесін электрмен жабдықтау») үш жоба жүзеге асырылды. Биыл да («Бөрлі ауданының Приурал ауылындағы электр желілерін қайта жаңарту», «БҚО Теректі ауданының Подстепный ауылында қуаты 110 кВ электр желілерін салу (көшіру)» және «Шыңғырлау ауданындағы Шыңғырлау 0,4 кВ және КТПН -10/0,4 қайта құру») үш жобаны жандандыру жоспарланды.
«Батыс Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспары» аясында 12 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Үш жыл ішінде жалпы сомасы шамамен 20 млрд теңгеге 2019 шақырым электр желісі мен жабдықтарын (0,4-110 кВ қалалық, ауданаралық электр желілері) қайта жаңарту жоспарлануда. Сондай-ақ «Жылу энергетикалық жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында 2025 жылға 2 529,3 млрд теңгеге 138,1 шақырымды құрайтын «(БҚО, Орал қаласы, Тасқала, Бәйтерек және Ақжайық аудандарында) 110 кВ әуе желілерін қайта құру» жобасы жанданады.
«Жайықжылуқуат» АҚ өз қаражаты есебінен Орал қаласында 1,4 млрд теңгеге, 2 негізгі жабдыққа (№3, 5 энергетикалық қазандықтары) және 6,7 шақырым жылу желілеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмы-старын жүргізу жоспарланды. Ағымдағы жылы Орал жылу электр орталығының турбоагрегатын ауыстыру есебінен электр энергиясын өндіру 12 МВт-қа өседі деп күтілуде. Алдағы уақытта қуаты 100 МВт «Батыс Пауэр» ЖШС ГТЭС-тің екінші кезегін іске қосып, жалпы қуатын 200 МВт жеткізуді жоспарлануда. Осы іс-шараларды іске асыру жаңа өндірістер, әлеуметтік нысандар үшін электр қуаттарының жеке резервтерін құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде де оң өзгерістер болатыны анық.
Бейімбет Мусин,
БҚО энергетика және тұрғын
үй-коммуналдық шаруашылық
басқармасы басшысының орынбасары