6.02.2025, 11:30
Оқылды: 532

Ақжайықта би кеші өтті

«Мың бұрала билеген...». Өздерін сүйіндірген, тамсандырған бишілер хақында жұрт баяғыдан осылай дейді ғой. Қазақ жайдан-жай айта салмайды. Бояуы мың құбылып, жанды арбайтын бидің төркіні мыңдаған жылдарға тартатынына меңзейді емес пе?

IMG_0048

Аудандық мәдени-демалыс орталығында өткен «Би өрнектері» концерті осы ақиқатты жадымызда тағы бір әйгіледі.  Осы кеш  арқылы Үлгілі «Сымбат» би ансамблі көрерменін  қазақ ұлттық би өнерінің көркемдік әлеміне жетелеп, заманауи, классикалық хореографияның тылсымына бойлатты.

Бидің құдіретін айшықтаған концертті көруге келгендердің қатары қалың, залда ине шаншар орын болмады. Сахнаға көтерілген әр бишіге көрермендердің де ықыласы тіптен ерек болғанын айта кету керек.

Балғындарды би өнеріне баулып, талай дарынның бағын ашып, томағасын сыпырған ансамбльдің құрылған күннен бастап, үлкен белестерді бағындырғанынан ел хабардар. Олар республикалық, халықаралық байқауларда жоғары деңгейлерден көрінді, ауданымыздың мерейін асқақтатты. Түркия елінде өткен халықаралық «FOMGED» фестивалінде арнайы сертификатқа ие болса, Украина елін өнерімен тамсандырып, Ақтау қаласындағы республикалық байқауда бақ сынап, екеуінде де лауреат атанды.

Елуге тарта мүшесі бар ұжымның репертары өте бай. Қазақ ұлттық биі,  ырғақты модерн билер кезек-кезек жіберіліп, мың бұралған балауса бишілер қошеметке бөленген кеште кітапхана мен мәдени-демалыс орталығының қызметкерлері әсем әндер әуелетті.

Өнер кешінің мәреге жеткен шағында ансамбльдің негізін қалаған аудандық мәдени-демалыс орталығы директорының орынбасары Ләззат Құбаева сахнаға көтеріліп, көрермендерге ризашылығын білдірді. Ол сонымен қатар би ансамблінің өнер шыңына көтерілуіне ықпал еткен жетекшілер, дарынды шәкірттерді атап өтіп, топтың қазіргі жетекшісі Ардақ Серікбаеваға алғыс хат тапсырды.

Әсет Орынғали,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале