Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапханасында аудандық «Баспасөз – қоғам айнасы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Ұлттық кітап күні мен аудандық «Ауыл тынысы» газетінің 85 жылдығына орай өткен іс-шараға газет редакциясының ұжымы, сала ардагерлері, штаттан тыс тілшілер, кітапхана оқырмандары мен мектеп оқушылары қатысты.

Кездесу – тек мерейтойлық басқосу емес, сондай-ақ кітапхана мен газет арасындағы оңтайлы байланыс, оқырман ойы, ардагерлер естелігі және әдебиет әлемінде өзіндік орны бар қаламгермен онлайн сұхбатты қамтыды.
Мазмұнды іс-шара газет тарихы мен бүгінгі уақытқа сай даму деңгейін саралап, оған қосқан редакторлар мен журналистердің үлесі көрініс тапқан бейнероликпен басталды.
Газетте редакторлық қызмет атқарып, бүгінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру бөлімінің басшысы лауазымындағы Нұржан Дүзбатыр бұл бағыттың жанына жақын, мұндағы жауапкершілік те өзіне жақсы таныс екеніне тоқталды.

– Мен үшін де бұл дата өте маңызды. Себебі осы газетте өз еңбек жолымды жалғастырған кезеңім ерекше ыстық. Баспасөз – тек ақпарат құралы емес, қоғамның айнасы, халықтың үні. Журналист болу – үлкен жауапкершілік, ал редактор болу – сол жауапкершілікті еселеп арқалау.
Жалпы кітап оқу мәдениеті, жазу менің табиғатыма жақын, ал газет оқу ол әрбір өркениетті қоғамда маңызын жоймайтын игі үрдіс деп есептеймін. Осынысымен де бүгінгі кездесу өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беретін, баспасөздің қоғамдағы орнын танытатын маңызды бастама. Ол жастардың ой-өрісін кеңейтіп, шығармашылыққа шабыт береді,-деді Нұржан Тоғызбайұлы.
Өз кезегінде газеттің бүгінгі редакторы Сәкен Әбілхалықов тағылымды шараға ұйытқы болған кітапхана ұжымына алғысын білдіріп, қоғам өміріндегі газеттің алар орны турасында ой бөлісті. Ғаламтор ғасырының жаңалықтары үнпарақты қоғам қажеттілігінен ығыстыра түскенін, алайда бірден-бір сенімді ақпарат көзі саналып, кітапхана сөрелерінде тарихты мұра етіп сақтайтын журналистиканың көне саласының жойылмайтынын, заман көшіне сай жаңарту жолында осы барша қаламдас қауыммен бірге жұмыстанатынын жеткізді. Газеттің 85 жылдығы 85 іс-шарамен айшықтауының да астары басылым бағасын, беделін ел ішінде нығайтуға негізделгеніне тоқталды.

Кеш барысында қатысушылар газет тарихымен танысып, кітапхана қызметкерлері газеттің ел өміріндегі маңызына, басылым бетінде жарық көрген елеулі материалдарға шолу жасады.
Сала ардагерлері Николай Берендяев, Николай Анципрович және тілші Ольга Чеканова өз тәжірибелері жайында әсерлі ой тарқатып, оқушылардың сан қырлы журналистика әлеміне деген қызығушылықтарын оятты.
Іс-шара барысында жерлесіміз, журналист, жазушы, және аудармашы Жадыра Шамұратовамен онлайн сұхбат ұйымдастырылып, қатысушылар қаламгердің шығармашылық жолы, жазушылық тәжірибесі мен аударма саласындағы еңбектері жайлы мағыналы әңгіме тыңдады.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жеңісгүл Қалиева кездесу соңында басылымның шығармашылық ұжымына алғысын айтып, естелік сыйлықтар табысталды.
Гүлжаз Баделова
Бәйтерек ауданы