29.11.2016, 18:52
Оқылды: 102

Бекеттің бәрі қауіпсіз бе?..

Көзіқарақты оқырмандарымыздың есінде шығар, өткен жылы Алматыда бензин тасымалдайтын көліктің тежегіші істен шығып, жолдағы ағашқа соғылып, жойқын жарылыс болғаны. Соның салдарынан жүргізуші қайтыс болды және оқиға болған жердегі көп қабатты тұрғын үй өртенді. Төтенше жағдайлардың алдын алу ережесінде ондай көліктердің көпшілік шоғырланған орындармен жүруіне тыйым салынғанымен, іс жүзінде бұл талаптың сақталмайтынын күнделікті тірліктен көріп жүрміз. Ондай көліктерге «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмай-ақ қойды. Сондай-ақ май құю бекеттеріне кіретін бір бағыттағы жол кептелістен қашқан көліктерге айналма жолға айналғанын да көріп жүрміз. Сондықтан қауіптің қайдан деріңіз бар ма… Одан қалса биылғы тамыз айында Бөрлі ауданындағы Ақсай қаласында аутокөлікке жанар-жағармай құю бекетінде газ жарылысы болып, екі адамның зардап шегіп, содан ақыры көз жұмғаны мәлім.


Соңғы кезде Орал қаласында көлік санының артуымен бірге жанармай құю бекеттерінің көбейе түскені байқалады. Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысының орынбасары Максим Тілегеновтің айтуынша, 2015-2016 жылдары жанар-жағармай бекетіне 17, сауда дүңгіршектеріне бес жер телімі берілген.

img_6700Мұндай бекеттер қала орталығында қадам бассаңыз, алдыңыздан «менмұндалап» шыға келеді. Мысалға, Еуразия, Гагарин көшелерінің бойында бір-біріне іргелес қонғаны немесе қарама-қарсы орналасқандары да бар. Тіпті біреуі №2 база аялдамасының дәл артына орын тепкен. Ал облыстық Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығына таяу жерде «Гелиос» компаниясының жанар-жағармай бекеті бұрыннан жұмыс істейді. Үлкен сауда үйі мен өнер орталығы арасында «менмұндалап» тұрған бекетті өзге жерге «қоныс аударту» мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді.

Санэпидемиологтар Оралдағы қаптаған жанармай құю бекеттерінің адам денсаулығына, қоршаған ортаға ешбір зияны жоқ, мониторинг жүргізудеміз деп жұбатады. Бірақ жанар-жағармайдан бөлінетін улы газдардың денсаулыққа тигізетін зияны барын білетін тұрғындардың бекеттерден зәресі ұшады. Мысалға, Еуразия даңғылындағы «№8 мектеп» аялдамасы маңындағы «Гелиостың» бекетінен ескен бензиннің «хош» иісі қоңсы қонған көп қабатты үйдің тұрғындарын мезі қылды. Әсіресе, жаз айларында желді күндері және сыйымдылықтарға жанармай құйғанда, тұрғындар таза ауа емес, бензинмен немесе газбен тыныстап, тұншыға жаздайды. Айтқандай, бұдан 5-6 жыл бұрын осы бекеттен өрт шығып, сол жердің тұрғындарының зәре-құтын қашырғаны есімізде.

Орал қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Мәдениет Танауовтың айтуынша, жанармай құю нысандары 4-сынып қауіптілігіне жатады. Олар қоғамдық орындардан, әлеуметтік нысандардан, мектеп-балабақшадан, тұрғын үйлерден 100 метрден кем емес қашықтықта салынуы тиіс. Алайда тұрғын үй іргесінен, қоғамдық орындарға таяу салынғандары болса да, кәсіпкерге «Мұныңыз не?» деп алған бетінен айныта алмайсыз. Өйткені кезінде жер телімін заңдастырып алғаны жөнінде құжаттары бар. Сондықтан шаһардағы жүйткіген көлік біткенді отынмен қамтып, ақшасын сытырлатып санап отырған кәсіпкерлердің табысты бизнесінен гөрі тұрғындардың денсаулығы, қауіпсіздігі қызықтырады деу күлкілі.

Қазір кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау күшті. Бірақ мұндай бекеттердің қожайынымен тілдеспек түгілі, аты-жөнін білудің өзі қиямет. Осындай сәулет-құрылыс және санитарлық талаптарға, төтенше жағдайлардың алдын алу талаптарына толықтай сәйкес келмейтін жанармай бекеттерінің де құрылысы жеткілікті. Биыл жазда Теректі ауданындағы Подстепный ауылында екі бірдей жанармай құю бекетінің құрылысы басталып, ауыл тұрғындарының наразылығын тудырды. Ешкім де кәсіпкерлік нысандары салынбасын демейді, бірақ тұрғын үйлерден, қоғамдық орындардан аулағырақ орын берілуі тиіс. Мәселенің осы жағын қадағалауға келгенде кежегеміз кері тартатыны несі? Өйткені облыста нақ осы сәулет мәселесін егжей-тегжейлі қадағалап отыратын бұрынғы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының таратылып, бөлім болып қалуының да әсері айтарлықтай.

Талап күшейтілсе дейміз…

Бұрын қаладағы жеті мұнай сақтау қоймасы мен 88 жанармай бекетінің қызметін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің БҚО бойынша департаменті қадағалап отыратын. Өткен жылдың аяғынан бастап аталмыш департамент көлемі 200 тоннаға дейінгі жанар-жағармай бекеттері тәуелділігі жағынан жоғары дәрежеге жатпайды деген жаңа бұйрыққа сәйкес бекеттердің қызметін, құрал-жабдықтарының сапасын тексермейтін болды. Өйткені биылдан бастап күшіне енген Кәсіпкерлік кодексі бойынша әлгіндей шағын көлемдегі бекеттердің қожайындары қажет болған жағдайда аталмыш департаментке өздері өтініш жасап, нысанға тексеру жұмыстарын өз есебінен жүргізе алады. Әрине, кәсіпкерлерді қолдаудың қажеттілігі, оларға жөнсіз тексерістердің азайғаны дұрыс, бірақ та мұндай қауіпті нысандардың құзырлы орындардың тұрақты бақылауынан алынбағаны жөн-ау. Өйткені кейбір ақшаға құныққан қожайындардың бекеттердегі ескі жабдықтарды жаңалауды «ұмытып кетулері» ғажап емес.

Қорыта айтар болсақ, жер телімдерін бөлуді қатаң бекітілген жоспар бойынша бөліп, жұмыс жобасын мұқият дайындауға мәнмаңыз беретін уақыт жеткен сияқты. Сонымен қатар көне мен жаңа сәулеттің жарасым табатын жаңа заманның Оралын дамыту жөнінде арнайы бағдарлама қабылдау, шаһарды қауіпсіз қалаға айналдыру үшін қала ішіндегі самсаған бекеттерді қала сыртына шығару жөнінде шешім керектігі сөзсіз. Сонда ғана Оралдың тұрғындары мен меймандары өздерін қауіпсіз әрі жайлы сезінері хақ.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале