Бұрынғы "Хлебороб" ұжымшары, қазіргі Достық ауылының іргесі 1930 жылы қаланған. Бірінші төраға Чеколда Семен Яковлевич болған екен. Ұжымшарға бірінші болып кірген адамдар ретінде Сахацкий, Верещаг деген кісілердің аттары сақталып қалған. Ауыл тарихы туралы мәліметтерде 1938 жылға дейін шаруашылық техникадан көп қиындық көргені туралы жазылған. Соның өзінде алғашында шаруашылықта 3 "Универсал", 2 "СТЗ" тракторлары болған екен.

Жұмысқа жегетін малдар да аз болған. Негізінен бұқалар, жылқылар, түйелер жегілгенін айтсақ кейінгі жастарға сенімсіздеу естілуі мүмкін. Бірақ солай болған. Егіс көлемі 7 мың гектарды құраған. Негізінен бидай, арпа, тары, сұлы егілді. Ұжымшар өндірісіне әйелдер мен балалар белсене қатысқан. Өйткені енді аяғынан тұра бастаған елде соғыс басталып кеткені белгілі. Майдангер Анна Фоменконы елі ұмытпайды. Сонымен бірге, Борщ Харетина, Согул Анна, Логвиненко Мария, Мищенко Мария және басқа ауыл тұрғындарының еңбегі ерен. ҰОС жылдары шаруашылықты жүргізу қиын болғанын бәрі біледі. Көптеген ер адамдар майданға аттанды, ал негізгі жұмыс күші әйелдер болды. Бүкіл елдегідей бұл ауылға да оңай болған жоқ. Өзі жетпей жатқан ауылдан майданға деп техника, жылқылар алынды. Егіс алқабы үш мың гектарға дейін қысқарды. Колхозшылардың тұрмыс деңгейі күрт төмендеді. Әйелдер ерлердің кәсіптерін меңгерді, тракторларға отырды. Тракторларда Анна Слухота, Самойленко Е, Мартыненко, Симоненко Е. сияқты тракторшылар тынымсыз еңбек етті.

Соғыстан кейінгі жылдары ұжымшар экономиканы тез қалпына келтіріп, нығайта бастаған. 1953 жылы "Тың және тыңайған жерлерді игеру" туралы мемлекеттік қаулы шыққаны белгілі. 1954 жылы Буденовский МТС жанынан тың игеру бригадасы ұйымдастырылып, комсомол жолдамасы бойынша 5 адам жіберілген. «Мәскеуліктер: Гвоздев Г, Абраменко., және тегі есінде жоқ бір әйел, оның есімі Роза. Ақсайлықтар: Мишустин М. Щеколда В.С. білек сыбана іске кірісті. 1954 жылы тың жерлерді игеруге тың игерушілер келді. Бұл кезде шаруашылықта 3 бригада жұмыс жасайтын. 1957 жылы тың игеруге арналған төртінші, Анна Дмитриевна Глухота бастаған бригада құрылды. Бригадада 5 трактор болды, оның ішінде 3 дана ДТ – 54 және екі С – 100. С – 100–де жұмыс істегендер: Гвоздев Г., Абраменко., Щеколда В.С. Мишустин М. ДТ - 54-те жұмыс істегендер: Бодрягин Н.Ф., Ремыга И.Я., Кабаков Г.И., Гайдук Н.П., Урожай А.В., Глухата С.Д. Роза есепші болып жұмыс істеді. Жоғары өнімділік 50-ші жылдардың ортасынан 70-ші жылдардың ортасына дейін болды. Ұжымшар ауыл шаруашылығын дамытудағы озық жетістіктері үшін бірнеше рет мақтау қағаздарымен марапатталды. Егіс алқаптары ұлғайып, колхозда үлкен көліктер паркі пайда бола бастады. Ауылда құрылыс жұмыстары жүргізілді. 1965 жылы мектеп, балабақша салынды. 1967 жылы Мәдениет үйі, "Хлебороб" колхозының басқарма ғимараты. МТМ мен автокөлік гаражының құрылысы жүргізілді» - деп жазылған ауыл шежіресінде.

Әр жылдары ұжымшарды басқарғандар: Тютюма, Харченко, Мирошник, Костенко А.Е., Величко В.И., Логинов А.Ф., Денисенко В.Г., Ержанов Р.Е. 2000 жылдары "Хлебороб" колхозы "Хлебороб" ауылшаруашылық өндірістік кооперативі болып қайта құрылды, оны Лебед А.Г. және Кумаров Ж.О. басқарған.
60-70 ж.ж. «Хлебороб» колхозында озық трактор бригадаларын Халецкий Н.К., Мантис Н.И., Холод Г.П. басқарған екен. Олар еңбек жолында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген. Сол үшін бірнеше рет мемлекеттік наградалармен марапатталды. Соның ішінде 60-жылдары еңбек жолындағы жоғары көрсеткіштері үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған комбайншы Құлымжан Құлмановты ерекше атап өтуге болады. 90-шы жылдары Александров ауылындағы көшелердің бірі оның есімімен аталды. Сондай-ақ, 70-ші жылдары еңбек жолындағы жоғары көрсеткіштері үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған "Хлебороб" колхозының сауыншысы Мария Забельскаяның есімі ауыл тарихында алтын әріптермен жазылып қалды.
70-80 жылдары ауыл тұрақты дамып, еңбек өнімділігі артты.
Шаруашылықтың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан көптеген еңбеккерлер ордендермен және медальдармен марапатталды. Солардың қатарында тракторшы В.С.Щеколда Ленин орденімен, Халецкая В.И. 2 дәрежелі Еңбек Даңқы орденімен, Цяцко Ф.Н. Октябрь революциясы орденімен марапатталған және Орал облыстық «Еңбек даңқы кітабына» аты жазылған. В.К.Мясников «Еңбек Қызыл Ту» ордені және т.б. марапаттардың иесі. Сонымен бірге В.Мясников бір кезде Қаз КСР-ның «Алтын Құрмет кітабына» аты жазылған еңбеккер.
Шаруашылыққа зор еңбек сіңірген еңбеккерлердің бірі Степан Глухота. 12 жасынан бастап еңбекке араласқан ол тракторшы, мал бригадасының көмекшісі, электрик-механик, электрик-аккумуляторщик, мұнай базасының меңгерушісі болып жұмыс жасаған. Адал еңбегі еленіп, «Тың жерлерді игергені үшін», «Тыңға 50 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен және «1977 жылғы социалистік жарыстың жеңімпазы», «Коммунистік еңбектің үздігі» төсбелгілерінің иесі атанған.
Тағы бір ауыл мақтаныштарының бірі Иван Тылик. Осы ауылда туып-өскен ол тракторшы да болды, комбайн да айдады. Ұжымшардың ыстық-суығына күйіп, зейнетке шыққанша еңбек етті. Екінші және үшінші дәрежелі «Еңбек Даңқы», «Тың жерлерді игергені үшін», «Тыңға 50 жыл», «Еңбек ардагері» медалдарының иегері атанды. «1973 жылғы социалистік жарыстың жеңімпазы», «1978 жылғы социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгілерінің иегері. Сонымен бірге И.Тылик майдангер. Ол екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде Германияны жеңгені үшін» және «Г.Жуков» медалдарымен марапатталған. И.Тылик «Бөрлі ауданы және Ақсай қаласының құрметті азаматы».

Осы қатарда Ленин орденінің иегері, механизатор Василий Степанович Щеколда да бар. Сондай ақ, шаруашылықтың дамуына үлкен үлес қосқан еңбеккерлердің бірі Мария Марковна Халецкая. Осы ауылда туып-өскен ол көп жылдар сауыншы, аспаз болып еңбек еткен. Біраз жыл шахтада да жұмыс жасаған. Адал еңбегі үшін «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерекшелігі үшін», «Еңбек ардагері» медалдарымен, «197-1977 жылғы социалистік жарыстардың жеңімпазы», «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгілерімен марапатталған.
Қазіргі Достық ауылының тұрғындары, еңбек озаты болған, осы шаруашылықтың өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсаған Халецкая Мария Степановнаны (тұрмысқа дейінгі есім-сойы Согуль М.С.) да ұмытпайды. Мария Степановна еңбекке 13 жасынан бастап араласады. Ұжымшардың барлық жұмысын атқарады. Трактор бригадасында да жұмыс істейді. Қажырлы еңбегі үшін 1957 жылы «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапаталған.

Ауыл тарихындағы тағы бір ерекше есім Глухата Евдокия Федоровна (тұрмысқа дейінгі есім-сойы Бедник Е.Ф.). Евдокия Федоровна шаруашылықта қай жерде қол күші жетіспей жатса сол жердің жүгін көтерген. Өте еңбекқор жан тіркемеші де болып, басқа жұмыстарда да жасаған. Осы еңбегі еленіп, 1957 жылы «Тың жерлерді игергені үшін» медалінің иегері атанған. Сонымен бірге ерен еңбектерімен көзге түскен А.А.Шишкин, сауыншы Е.М.Недостоева, комбайнер-жүргізуші В.С.Пармехин, тракторшы Ф.К.Халецкий бар.

1985 жылы қайта құрудың басталуымен ауылда көптеген өзгерістер жүзеге асырыла бастады. Қазақстанның Тәуелсіздік алуымен және нарықтық экономикаға көшуімен ауылдағы ауыл шаруашылығының құрылымы түбегейлі өзгерді. Басында "Хлебороб" колхозы ыдырағаннан кейін оның орнында "Хлебороб" ӘКК құрылды. Кейіннен 1999 жылы шаруашылықта бірнеше жеке шаруа қожалықтары құрылды.
2005 жылдан өз жұмысын бастаған «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» бұл уақытта ауыл шаруашылығы қызметкерлері үшін үлкен көмекке айналған. Оны пайдаланушылар саны күннен күнге артқа түскенін байқауға болады. Бір Александров селолық округінің өзі осы жылы республикалық бюджеттен 5 млн.561 мың теңге субсидия, облыстық ауыл шаруашылығы қорынан 350 мың теңге несие алған. Машина – трактор паркі жаңартылып, 2008 жылы лизингпен 4 трактор, 4 комбайн алған. Осы ауылдың «Арай» шаруа қожалығының комбайнері Н.Борщ 2007 жылы облыс бойынша «үздік комбайнер» атанып, ВАЗ -2107 автомашинасымен марапатталған екен. Сөйтіп, облыста үздік шығып, аудан мерейін де бір көтеріп тастаса керек.

2019 жылдың қараша айында Александровский ауылдық округі Достық ауылдық округі болып өзгертілді. Қазіргі уақытта ауылдық округте 14 шаруа қожалығы жұмыс істейді, олардың жалпы жер қоры 26 019 гектарды құрайды. Шаруа қожалықтары бидай, арпа дәнді дақылдарын өсірумен айналысады. Негізінен дәнді дақылдардың жаздық түрлері егіледі. "Калашников" шаруа қожалығы күздік бидайды да өсіреді. Барлық шаруа қожалықтарында техника, негізінен тракторлар, астық жинайтын комбайндар бар. Егіс науқанын жыл сайын жүргізеді. Дәнді дақылдардың өнімділігі жекелеген жылдары әр түрлі болады. Бұл негізінен табиғи жағдайларға байланысты. Ауылдық округті әкім Ганжа Ғұсманұлы Тұрғаналиев басқарып отыр.
Дариға Нұрашова,
Бөрлі ауданы