«Сабақты ине сәтімен» дейді қазақ. Марқұм болған және қазір де тірі жүрген достарым жөнінде естелік сөз жазған сияқтымын. Ешкім де есімнен шыққан жоқ. Орекеңді (Орынбай Хайровты), Тасболатты, Ерболатты, Қуанышты, Серік Молдағалиевті, Әскерғалиді, Исатайды, болмаса, ертеректе дүниеден озған Натол мен Бақытты ұмыта алам ба? Солармен бірге жүріп, ойнап-күліп, бірімізді біріміз сүйемелдеп, өсіп жетілдік. Соңғы кезде өткенге көбірек көңіл бөлетін болдым. Сағыныш (ностальгия) деген құдірет билеп-төстеп барады.

Сондай қимас достардың, өзіме рухани жақынырақ адамдардың бірі танымал журналист, қаламгер, абзал жан Құбаш Қажымов болатын. Осы кезге дейін ол туралы ештеңе жазбаппын. Ол туралы айтып, онымен мақтанып жүрмін ғой, бірақ отбасының, ұрпағының көңілін көтеретін арнау сөз жазуым керек еді. Шамасы, ол туралы бірге істеген әріптестері, жолдастары жазатын шығар, жазып жүр ғой деп ойлаған шығармын. Құбаш туралы ой бөлісудің реті енді келіп тұр.
Құбаш та, мен де қарапайым адамдармыз. Өз жөнімізді, ісімізді білеміз. Міндетімізді ойдағыдай атқаруға тырысамыз. Бірақ өздерімізді дәріптеп, жарнама жасау ойымызға да келмейді. Құбаш та, мен де атақ, байлық дегендерге қызыққан емеспіз. Ғалым, доктор, профессор болған соң маған әртүрлі марапаттар берілгені рас. Тіпті ұстаздарға ұсынылатын Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен мені екі рет марапаттап қойды. Біріншісі, Кеңес заманында, екіншісі, (Ыбырай Алтынсарин атындағы төс белгі деп аталады) 2006 жылы берілді. Алғашқы медаль туралы Құбаш газетке жазып еді. Тиісті орындағылардың білмегені ғой, әйтпесе бір марапатты екі рет берудің реті жоқ сияқты. Мен де мұндай медаль бұрыннан бар екенін айтып жатпадым. Ал байлыққа ұмтылмаған себебіміз, Құбаш та, мен де жас кезімізден мұндай жетістік қолымыздан келмейтінін жақсы түсінген шығармыз. Ата-ананың тәрбиесі де бізді қанағатшылдыққа бейім етті-ау деймін. Қай нәрсенің де шектен шығып кетуі дұрыс болмайды. А. Чехов айтқан екен: «Шектен шығып кетсе, ең әдемі нәрсе де ұсқынсыз болып көрінеді» деп. Біздің өне бойы кішірейіп, шүкіршілік ете бергеніміз жақын-жуықтарымызға ұнамағаны белгілі. Бірақ бұл туралы Құбаш та, мен де қам жеп, қарекет қылғанымыз жоқ.
Құбаш та, мен де жасымыздан кітапқа құмар болдық. Екеумізде де үйде мол кітап қоры болды. Әрине, кітапты сәндік үшін жинаған жоқпыз. Оқу үшін, балаларымызды кітапқа тарту үшін жинадық. Өкінішке орай, қазіргі нарық заманы кітаптан басқа да «құндылықтар» бар екенін дәлелдеуде.
Құбаш екеумізді жақындатқан тағы бір жайтты сөз етейін. Мектепте жоғары сыныпта оқып жүргенде екеуміз де бір қызға құмар болыппыз. Бір күні Құбаш маған: «Полинаға хат жазып едім, өзім беруге батылым жетпей тұр. Сен апарып бер-дағы», – деп өтінді. Полинаға мен де ынтызар едім. Не істеу керек? Қасымда Қалимолда деген ақылшым бар. Полина мен Құбаш екеуі бір сыныпта оқиды. Хатты апарып берсем, Полинадан айырылып қалам ба деген қауіп те бар. Құбаштың хатын оқыдық, келістіріп жазған екен. Сөзге, қалам ұстауға бейім екендігі көрініп тұр. Ақыры хатты апарып берген жоқпыз. Есесіне Полинаға өзім хат жазып, Қалимолдадан беріп жібердім. Сөйтіп, қызды өзіме қараттым. Алты жылдан кейін Полина екеуміз үйлендік. Мен училищеде оқып, ауылда жұмыс істедім, әскерге сұранып кеттім, Киевке университетке түстім. Полина мені ұзақ уақыт күтті. Міне, содан бері 60 жылдан астам уақыт өтті, екеуміз тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Айта кетейін, Құбаш біздің тойымызда болды. Сөйлегенде хат туралы әзілдеп айтты. Бұл жайттың Құбаш екеумізді алыстатпай жақындатқан нәрсе деуім сондықтан еді. Мен сол кезде де, кейін де Құбашқа қиянат жасадым-ау деп ойлаған жоқпын. Оның мені түсінетінін білген шығармын. Әйтеуір, достық қатынасымызға нұқсан келген жоқ.
Құбашқа кейін Ақтөбенің Айдай десе айдай әрі әдемі, әрі жас, жақсы тәрбие көрген, шыдамды, еңбекқор, кейінірек өнегелі ұстаз, тәжірибелі тәрбиеші бола білген қыз тап болды. Айдай қазір Құбаштың үш қызы мен екі ұлын, немерелерін бағып, әкесін, атасын жоқтатпай, тіршілік жасап отыр. Айдай Құбаштың анасын да, жақын-жуықтарын да, достарын да риза қылып, көрегендіктің үлгісін көрсетіп келді. Түсінігі, түйсігі мол Айдай туралы Жұбан ақынның сөзімен: «Мен қазақ әйеліне қайран қалам» деп айтуға болады. Құбаш пен Айдай бірін бірі ерекше құрмет тұтты, мақтан етті. Бұлардың бірін бірі сыйлауы, қолдауы бәрімізді де талай тәнті етті. Бір сөзбен, Құбаштың Полинаға жазған хатына жауап болмағанмен, бұдан ол ұтылды деп айта алмаймын. Жақсыларды Құдай қосатыны рас шығар.
Біздер, философтар, «адам – жұмбақ» деген сөзді айта береміз. Құбашты жақсы білетін сияқты едім. Бірақ оның ақтығы, адалдығы, кеңдігі, аузын ашса жүрегі көрініп тұрғандай ақкөңілділігі ол кеткен соң, уақыт өткен соң жиі еске түсетін болды. Күн сайын көріп кездесіп жүргенде мұндай асыл қасиеттеріне мән бермейді екенбіз. Әрине, солай болуы керек қой, басқаша қалай болуы мүмкін деп жүре берген шығармын. Кіммен дос болдым, кіммен күліп-ойнап араласып жүрдім, кіммен жақын болдым деп мақтанып жүрем – осылардың бәрі қазір жиі-жиі ойға келеді. Тау алыстаған сайын биіктей түседі дейді. Құбашсыз уақыт ұзаған сайын ол бұрынғыдан да қымбат, бұрынғыдан да жақын бола түскендей.

Құбаш жас шағында да, есейіп ер жеткен кезде де біреуге қатты сөз айтып, ренжітіп, біреуге қиянат жасап көрген жоқ. «Болмасын деген оңбасын» деген де сөз бар. Құбаш біреуге болмасын деп ойлайтын кісі емес еді. Қызғаныш дегенді білмей-ақ кетті. Керісінше, айналасындағы адамдардың жақсылығы, жетістігі үшін олармен бірге қуанатын қожанасырлау адам еді.
Құбаш соңғы кезде инсульт алып, ауырыңқырап жүрді. Бірақ ауруға бой бермеді, өзін өзі күтті, ауада көп жүретін болды. Бірде қыс кезінде Құбашта қонақ болып отырып, оның жалаңаяқ қар үстінде жүргенін көріп, бұлай да аурумен күресуге болады екен ғой деп танданып едік.
Қартайған сайын адамның құрдастары азая береді екен. Міне, мен де сексен жетіге аяқ басқанда Құбаштай көптеген құрдастарымнан айырылып қалдым. Қазіргі кәсібім – соларды сағыну, соларды еске алу, соларға риза болу. Құбаш досымның, басқа да о дүниелік болған достардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, рухы жасай берсін деп тағы бір естелігімді аяқтайын.
Тілекжан Рысқалиев,
профессор,
Орал қаласы