30.06.2025, 9:30
Оқылды: 256

Жаңыл - жыр, Жаңыл  - дария, Жаңыл - ана!

Бүгін Сырым ауданында белгілі ақын, “Сырым ауданының құрметті азаматы”, Жайық өңіріндегі айтыстың көрнекті тұлғасы Жаңыл Жұрмағамбетованың туғанына 100 толуына орай мәдени шаралар өтті.

WhatsApp Image 2025-06-30 at 10.29.05Жаңыл ақын тек айтыс аламанында топ жарған жүйрік емес. Ол механизатор болып, еңбек майданында да ерен танылды. 2025 жылды ҚР Президенті Қасым - Жомарт Тоқаев “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп белгілегені белгілі. Механизатор ақынның құрметіне арналған еске алу кешінің ауылшаруашылы мамандарын даярлайтын Сырым колледжінің аки залында өтуі заңдылық секілді. Шараның ашылуында Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева сөз сөйледі. Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Ерлан Сарсенов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Тимур Құбаев мейман ретінде қатысты.

Кеш тізгінін С. Датұлы атындағы тарихи - өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева ұстады. Колледж сахнасында “Көңіл толқыны” атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Жаңыл ақынның өлеңдері, айтыстары жинақталған жинақты құрастырушы - қызы Меңдігүл Есенғалиева. Алғы сөзін жазған - ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Махмет Қажиахметов.

“Атақты ақын болу үшін Астанада ғұмыр кешу міндетті емес” - деп басталады ақын толғанысы.

IMG_3918

- Жаңыл ақынның тағылымға толы айшықты айтыстары мен шынайы шымыр жырлары жас ұрпақ тәрбиесіне, Отанын, туған жерінің қасиетін, ұлтының өнерін сүюіне үндейтін үлгі болмақ. - деп баға береді ол жырдағы әпкесіне.

Дерек үшін айтайық, Жаңыл Жұрмағамбетова 1925 жылы 7 сәуірде бұрынғы Бұлан ауылы кеңесінің Қосағал деген жерінде дүниеге келген Жаңыл өлең дертімен жасынан “ауырған”. Бірақ, Отанның екінші шетінде от жанып, оқ ұшып жатқасын, елдегі еркек кіндік тегіс майданға кетті де, желкілдеген жеткіншіктер еңбекке ие болып қала берді. Жаңылдың трактор рөліне отырғанда жасы 16 - да еді. Өлең қуатын жай болмады.

Бірақ, “Алтынның титтей жерін тот баспайды, жетпіс жыл жер астында жатса - дағы…” - деген ән иірімінде айтылғандай, қанға сіңген қасиетті, бойға біткен өнерді трактормен ауыл сыртына сүйреп апарып тастай алмайды екен адам, бәрібір бұлқынып өзін білдіреді екен.

Жаңыл да жүрегінде жыр ырғағы барын сезетін.

Жаңыл Жұрмағамбетова алғаш рет айтысқа аудандық газеттің редакторы Қуан Тастайбековтың шақыруымен шықты. 1958 жылы облыстық ақындар айтысы өткізіліп, осы айтыста қаратөбелік Хамит Әбіловпен айтысып, екінші жүлдені иеленсе, ал одан бір жыл өткен соң облыстық айтыста бірінші орынды жеңіп алды. 1972 жылы өткізілген айтыста Батыс аймағына белгілі Құбайыс Қаратаевпен айтысқа түсті. 1985 жылы Алматыда өткен республикалық ақындар айтысында Жаңыл апайымыз Орал облысының намысын қорғады. Мұхит Мерәліұлының туғанына 140 және 150 жыл толуына арнаған мерейтойлардағы ақындар айтысын ашты. Зейнеткерлік жасқа дейін сауда саласында еңбек етті. Сауда деп сылап - сипап айтқанымыз ғана, әйтпесе тоқырау кезеңдерінде Жаңыл өзінің ақын  ғана емес, жар әрі ана екенін ұмытпай, Жымпиты көшесінде тары - талқан сатып, күнкөріс қылды.  Осы кезде - ақ оның аты Жымпиты айтысының тарихында алтын әріптермен әдіптеліп жатқан-ды.

IMG_3885

«Айтыстың алғашқы қарлығашы» кешінде Армат Жұмагелдиев, Алмас Елшібеков секілді әншілер өнер көрсетті. М. Есламғалиев атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі арнайы кітап көрмесін таныстырды.

Ақын болды соры әлде бағына ма?!

Жоғалған талант қайта табыла ма?!

Жымпитыда даласындай сарқырайды,

Жаңыл - жыр, Жаңыл - дария,

Жаңыл - ана!

Бұл енді шара төрінде сөз сөйлеген біздің ақындық сөзіміз.

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале