11.08.2025, 15:00
Оқылды: 147

“ГАЗ - 69”  Тындырған “Ұлы іс” немесе ағаны аңсау

 

Әдетте, жазушы - ақындар туралы естеліктерді олардың қаламдастарынан сұрап жатамыз. Әрине, шығармашылық тұлғалары айтарын айшықтап айтады. Әңгімелеріне әдеби рең, бояу да қосылып кетіп жатады. Міне, осы жерде шындық буалдыр тарта бастайды. 

Біздіңше, белгілі адамдардың сырлары, ел алдындағы бейнелері мен оңашадағы құлықтары олардың көлік жүргізушілеріне аян секілді. Көлік жүргізушісі - басшының қызметшісі, серігі, тіпті сырлас досы. 

Биыл белгілі қаламгер Бақтығұл Ойшыбаевтың туғанына 85 жыл толады. Жымпитыдағы аудандық газеттің редакциясында ұзақ жыл көлік жүргізушісі болып қызмет еткен Темірболат Құспанов аяулы әріптесі, абзал ағасы Бақтығұл туралы өз толғанысы бар. 

***    

Бақтығұл ағай Тайпақ аудандық «Ленин жолы» газетінің редакторы болған шағында біз мектеп оқушысы едік. Ағаның Жайық жағасындағы еңселі үйі әлі көз алдымда. Ұмытпасам, көше Темір Масиннің атында болды.

Сол кезде Тайпақ ауданының хатшысы Т. Жұмақаев ағамыз еді. Бақтығұл Ойшыбаев газеттің адамымын деген жоқ, елдік мәселелердің шешіміне тікелей араласып, хатшымен қоян-қолтық еңбек етті.

Ауданның хатшысының астында ГАЗ – 24, ГАЗ – 69 автокөліктері, ал редактор Ойшыбаевтың мекемесінде су жаңа УАЗ – 469 тұрды. Бұл көлік ол кезде кез-келгенге “жалынан сипатпайтын”.

PHOTO-2025-08-06-14-24-15

Кейін Бақтығұл аға Жымпиты ауданының «Қызыл ту» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. 1976 жыл. Менің Мәскеуден әскери борышымды өтеп келіп жатқан бетім. «Казсельхозтехника» мекемесіне жұмысқа тұрғанмын. Ағай қызметке шақырды.

- Газет редакциясында жасау үшін не жазушы не ақын болу керек. Менің қолымнан жазу келмейді, - деп едім.

- Фотокорреспондент боласың! - деді. Сөйтіп, көліктің рөлін тастап, мойыныма ФЭД - 2 фотоаппаратын асынып, бас редактормен бірге қыр аралап жүрдім. Бұл бала жексенбіде де іссапарда жүреді. Қосымша ақы төлеу керек! - деп, жалақымды бухгалтердің табысымен шамаластырып берді. Фотоаппаратты әрі қарай арқалай беруге болар еді, бірақ, техникаға деген іңкәрлік басылмады. Ақыры, сұранып, редакциядағы қызметімді көлік жүргізушісі ретінде жалғастырдым.

Кеңес үкіметі мешіттердің жұмысын тоқтатып, ғимараттарын мекемелерге пайдалануға берген уақыт. Абырой болғанда, Жымпитыдағы мешіт газет секілді рухани – ағарту мекемесіне бұйырды.  Дін білімінің де, жазу ісінің де көксегені - сана жарығы ғой.

Астымызда “Газ - 69”. Апта сайын Орал қаласына барамыз. Қала мен екіортада шабыс көбейді. Бақтығұл Ойшыбаев қаладағы қайқиып тұрған мекемелердің есігін қайыра ашып кіріп, ұзынсонар келіссөздің соңына түсті. Сөйтсек, біз «ұлы іс» жасап жүр екенбіз.

Кейін Бақтығұлдың табандап тұрып алуының арқасында Жымпитыда қосқабатты баспа үйі салынып, редакция өз алдына отау болды. Бақтығұл ағамыз тура сөйлейді, бір материал жазса кейіпкерлерімен бетпе-бет кездеседі. Сырласып, сұхбаттасып барып жазады. Менің ойымша, бүгінгі қазақ журналистикасына осы жетіспейді. Аудандағы тілшілердің арқа еті арша, борбай еті борша болып әлі күнге шаруашылық аралап, мекемелердің есігін қағып респондетімен жүзбе – жүз жолығатынын анық білемін. Ал, жекелеген сайттар «Анау былай айтыпты, мынау былай депті» деп үшінші тараптан әңгіме соғып отырады. Бақтығұл аға оларға өкпелер еді.

Бәкеңнің ата – анасы сабырлы, жақсы адамдар-тұғын. Жұмаш қарт қуақы, әңгімешіл кісі еді. Әжеміз де кең адам болды. Жұмаш атамызды Базартөбе елді мекеніне апарып жерледік.

Бақтығұл ағай өзінің парасат биігіне сай жар таңдай білді. Мәнира жеңгей - тәжірибелі ұстаз. Перзенттері Жанат, Гүлжамал, Кемелбек, Еркінбек - әке мектебінен қырандай қомданып шықты.

«Журналистті аяғы асырайды» - деген сөз бар. Бақтығұл ағамыз Жұбан Молдағалиевпен ағалы-інілі сияқты сыйластықта болды.

Бір жылдары іссапармен «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі Боранғали Ырзабаев, қаламгерлер Қадыр Мырза Әли, Шөмішбай Сариев, Мұқадес Есламғалиев біздің ауданға келді.

Кеңшарларды аралап, далалық жұмыстармен танысып, еңбекшілермен кездескен  олар кеште Қособа ауылындағы жастар бригадасының басына келіп аялдады. Жетекшісі – Аспандияр Сатаев. Кеңшар директоры – Нөкен Молдашев қарсылап алды. Аудан басшылары жазу адамдарына құрмет қылып, бірге жүрді.

Сол кеш жүрегімді әлі жылытады. Сол кештегі ақындардың саңқылдаған үнін, Бақтығұл ағамның өз «үйіріне» қосылып, еркін көсілгені әлі көз алдымда. Алматыдан, әдеби ортадан жырақ жүрген оның жаны Алатауды аңсайтын еді. Олар жасыл шалғынды жамбастап жатып, кештен таңға дейін әңгіме айтты. Әңгімелерін тыңдай бергің келеді.

Шөмішбай ағамыз өлең оқыды.

Бақтығұл ағамыз олармен иық теңестіріп тең отырды.

Тағы бір сапар жадымда. Ақын Абдолла Жұмағалиевпен бірге майданда болған Әбу Сарсенбаев ағамыз Абдолланың туған жері Жосалыға, үйінің орынына барып, Құран оқып, досын еске алған-ды. Жазушылар Орал жаққа Бақтығұл ағамызсыз аттаушы ма еді? Әрине, бас редакторымызбен бірге ол сапарда біз де жүргенбіз.

Ақын – жазушылар ол кезде Жымпитыға көп келеді, бірақ қонақүйге бармайды. Бәрі Ойшыбаевтың ордасына түседі.

Дала жұмысында дамыл жоқ: қар тоқтату, егін егу, жиын терін, мал өргізу, төлдету. Бәрінің басында қапсырма жағалы костюмін киіп, галстугын шарт буып, Бақтығұл жүреді. Репортаждар жазады, еңбек адамдарымен сұхбаттасады. Іссапардан келіп үйіне емес редакцияға түседі. Кейде газетті таңға шейін тексереді, қол қояды. Бірақ келесі күні таңертең жұмыста отырады.

Бақтығұл Ойшыбаев - жазу адамы ретінде құпия әлем, ал адам, азамат ретінде көңілінің кілті жоқ адамгершілігі мол, туған туысқандарына, әріптестеріне тілеулес жан еді жарықтық.

PHOTO-2025-08-06-14-24-15 (1)

Менің де үйсіз жүргенімді көріп, баспана алып беруге қолдау білдірген.

Әріптестері оны лауазымына бола емес, адами биігі үшін сыйлады. Кезіндегі кеңшар директорлары - Тоғанастағы В. Шубин, Бұлдыртыдағы С. Қабышев, Талдыбұлақтағы Ж. Есенғалиев, Тасқұдықтағы Б. Жолбатыров, Жетікөлдегі А. Кәрімов, Өлеңтідегі А. Бердіғалиев Бәкеңмен зор сыйластықта қызмет атқарды.

Биыл асыл ағаның туғанына 85 жыл. Мен әлі газеттің қызметтік көлігінің тізгініндемін. Оңаша отырғанда Бақтығұл аға туралы ойларға берілемін.

 

Темірболат Құспанов, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале