19.08.2025, 17:00
Оқылды: 253

Жадымызда сақталады жақсы адам

Еңбек ердің атын шығарады. Бұл қай уақыттан қалыптасқан өмір қағидасы, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген тәмсілдің нақты дәлелі десек жаңылмаймыз. Шыңғырлау  ауданында да маңдайдың терін өмірінің мағынасына айналдырған, ерен еңбегімен  есте қалып, халықтың  сый-құрметіне ие болған азаматтар аз емес. Сондай жарқын тұлғалардың бірі - Бисенов Шоқты ағамыз.

WhatsApp Image 2025-08-19 at 17.06.22

Мен сол Батыс Қазақстан облысының  Шыңғырлау  ауданынының  Шыңғырлау совхозына (кейінірек Новопетровка, ал қазір Қарағаш ауылдық округі аталады)  партия  комитетінің хатшысы болып, 1981 жылдың тамыз айында сайланып едім. 1931 жылы құрылған шаруашылықты сол уақытта Байменов Болат басқарған болатын. Ал, совхоздың №3 бөлімшесі-Қарағаш деген елді-мекен (қазіргі Ақсуат ауылы) 1976 жылдан бері Бисенов Шоқты ағамыз басқарған екен. Бөлімше негізінен мал шаруашылығымен айналысатын еді. Табиғаты көркем, жері құнарлы Қарағаш (Ақсуат ауылы) жерінде қой, сиыр, жылқы малдары отар-отарымен өсірілді. Шоқты ағайдың қарауында бірталай  мамандар жұмыс жасады: зоотехник Мақсот Қабиев, веттехниктер Мейрамбай Абақов, Мақсот Нысанов, бригадирлер Марат Берғалиев, Бернияз Мусин, малшы-аға шопандар Қайырғали Мұханбетқалиев, Сапар Досжанов, Дәрібай Блекешов, жылқышы Әшім Махимов ағайлар.

Бөлімшеде сол уақыттың талабына сай 8 жылдық мектеп, кітапхана, клуб  жұмыс жасап тұрды.

Мектептің салыну тарихына аздап тоқтала кетейін: Ауыл халқының 35 шақырымдағы совхоз орталығы Нова-Петровка ауылына 80-ге жақын балалардың барып-келіп оқуы  қиындық тудырған соң, мектеп салып беруді талап етіп, қайта-қайта жазған өтініштері бойынша 1970 жылы мектеп құрылысы басталып, қабырғалары қаланып, төбесі жабылып тұрып қалған. Мектеп құрылысының тоқтап қалғанын екі жыл күткен халық ренішпен қайта жазған. Тұрғындардың бұл талабын сол уақыттағы Орал облысының облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Құспановқа Шоқты ағайдың өзі тікелей жеткізуінің арқасында 1973 жылы мектеп құрылысы аяқталып, ашылған. Сондай ұжымды басқара отырып, Шоқты  өзіне тапсырылған жұмыс үшін барлық жауапкершілікті  мойнына алып, әр механизатор мен малшыдан өз жұмыстарын қатаң орындауын талап етіп жүргенін көргенбіз.

Шоқты ағамыздың отбасы жақсы есімде қалды. Жұмыс бабымен Қарағаш ауылына барып, шаруашылық жұмыс-сұрақтарды  атқарып   болған соң, Шоқты ағай біздерге «Жол алыс үйге жүріңіз, шай ішіп кетіңіз» деп өтініш білдіретін  еді. Үйінде көп баланы дүниеге келтірген Латипа жеңгеміз ашық көңілмен қарсы алып, дастарханын жайып құрметтейтін еді. Өмірде көпті көрген Шоқты ағамыз шай үстінде әңгімелерін айтып отыратын. Бір айтылған әңгімесі әлі есімде, ертеректе сол Қарағаш ауылының қасында Сарқырама деп аталатын шағыл астынан шығып жатқан бұлақ, қалың орман бар, сол аймақта ертеде Табын руының Нармағамбет деген өте бай, заманында болыс болған адамы тұрған. Сол Сарқырама жағасына мектеп салып, Орынбор қаласынан орыс мұғалім алып келіп, ауыл балаларының сауатын ашқан екен.

Ағамыз өзі туралы көп сөйлемейтін еді, бірақ ауыл қарттарынан ағамыздың өмірі туралы естігенімді, көргенімді айта кетуді жөн көріп отырмын.

Ағамыз 1929 жылдың мамыр айының 2-күні сол Шыңғырлау ауданының  Қарағаш (Ақсуат) ауылында дүниеге келген. Әкеден 3 жасында қалғанымен, анасы екеуі әкесінің інісінің екі қызын анасымен қамқорлықтарына алып, өмір қиыншылығын ерте көріп өскен екен. Ұлы Отан соғысы басталып, азаматтар соғысқа кеткенде 12 жастағы бала еңбекке ерте араласқан. Ауылдағы жалғыз ЧТЗ маркалы тракторына әуелі көмекші болып бастап, содан 14 жасында ауылдың тракторисі болып жұмыс жолын бастаған. Бұл кездерде тылдағы жағдай өте ауыр болған, бас көтерер ер-азаматтар соғыста, шаруашылық ауылда қалған аналар мен қарттарға қарап қалып, бала-шағаларды еңбекке ерте араластырған. Қиыншылыққа қарамай Шоқты ағамыз еңбек ете жүріп, 1951 жылы Латипа жеңгейге үйленген.

1954-ші тың игеру жылы Ақшаттың Қасқыртау деген жеріне жер жырту басталуына сол кездегі облыстық партия комитетінің тапсырмасымен келген Ұлы Отан соғысының ардагері Хиуаз Доспанова сол жаңағы Қасқыртауда жердің бірінші соқа салуды үлкен сенімділікпен Шоқаңа берген екен. Бұл жағдайды Шоқты ағамыздың баласы Абылай былай баяндайды:

- Әкемнің естеліктері көп еді, кей-кейде айтып қалғанын тыңдайтынбыз. Сондағы бір әңгімесі осы Хиуаз Доспанова апамызды көргені туралы болатын. Тың игеру науқанының алғашқы тұсында Ақшаттың (бұрынғы Лубен совхозы) Қасқыртау деген жеріне егін салу керек болған, бірінші соқа салып, борозда тілуге көп адамдар жиналыпты сол жерге. Сонда бірнеше орыс механизаторлар таласқа түсіп, солар бастайын деп тұрғанда облыстық партия тапсырмасымен келген Хиуаз Доспанова апамыз: «-Сен қазақ баласысың, жергілікті бала екенсің, соқаны сен саласың»,-деп Шоқты әкеме бірінші борозданы салдырған екен. Әкеміз «ол апайдың батыр адам екенін біз білмейтін едік ол кезде, бірінші және соңғы көргенім де сол» деп айтып отыратын.

Жоғарыда айтқанымдай кей-кейде айтқан естеліктерінің бірінде бала кезінде Лубенге 4-класс оқыған екен бір топ Қарағаштың баласы. Бір күні Лубеннен ауылдарына қарай жаяу шығып келе жатқан бір топ баланың қасына ескі «УАЗ» көлігі тұра қалып, ішінен өте әдемі бір апай түсіп, балаларға конфет-шоколад таратқан екен. Сол оқиға мәңгі есімде қалды дейтін әкем. Кейінірек білсе, әлгі апай сол кезде ел аралап өнер көрсетіп жүрген Роза Бағланова апамыз боп шыққан. Балаларының жадында қалған Шоқты ағамыздың осындай естеліктері бар екен.

Арада бір жыл өткен соң яғни 1955 жылы жас механизатор Шоқты Бисенов Мәскеу қаласында ашылған әлемдік халық шаруашылығы көрмесіне жолдама алады. Бұл ол үшін үлкен дәреже, алғашқы қуанышы еді. Кеңестік Республикалар Одағының жоғарғы советінің 1956 жылдың 20 қазанындағы Указымен «Тың жерді игеру» медальмен марапатталған. Бері келе 1961 жылдан 1976 жылдың мамыр айына дейін трактор бригадасының бригадирі болып еңбек еткен. №3 бөлімше-Қарағаш ауылының басшысы қызметіне 1976 жылы тағайындалып, 1989 жылы зейнеткерлікке шыққанша атқарған.

Ағайдың еңбегі бағаланып «Еңбек даңқы» орденімен бірнеше медальдармен марапатталған. Зейнеткерлікке шыққанмен еліне, халқына қамқор, ауыл мектебінің жағдайынан тыс қалмады. Аудан әкімдері келсе алдынан шығып мектеп жағдайын, керегіне көмек сұрап, ел жайын жоқтап жүретін осынау жақсы адамның арқасында мектеп күрделі жөндеуден өтті, оқушыларын түрлі сайыстарға алып баратын жаңа «УАЗ» автокөлігімен қамтамасыз етілді.

Ел игілігін еселеу жолында талмай еңбек еткен ардақты ағамыз 2012 жылы қараша айында дүниеден өтті. Өмірден өтсе де артында айта жүрер еңбек  жолы, қол жеткізген табыстары, өнегелі ғұмырын, ізін жалғар 3 қыз, 7 ұл қалдырды. Олардың ішінде үлкен қызы-Гүлшат Қуағаш орта мектебінде көп жыл мұғалім болып, содан зейнеткерлікке шықты. Кезінде Жәдігер деген үлкен ұлын  коммунистік партия қатарына өткізгенім есімде. Абылай есімді ұлы жоғары білімді, Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясында бас инспектор-мемлекеттік аудитор боп көп жыл жұмыс жасап, сол мекемеден зейнеткерлікке шықты. Досполай деген ұлы Бөрлі ауыл шаруашылығы техникумының механизация факултетін бітіріп, ауылда қатар жұмыс жасады. Тыныштыбайы да жоғарғы білімді. Шаған орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі. Кіші қызы Толқын Талпын ауылында балабақшада тәрбиеші болып қызмет атқарады.

Міне, туған жері мен отбасына  өшпес рухани байлық қалдырып, маңдай терін сіңірген Шоқты ағамыздың есімін Шыңғырлау ауданының халқы да ұлықтап, өскелең  ұрпаққа үлгі етіп келеді. «Жақсының аты өлмейді»- деп дана халқымыз айтқандай Шоқты ағамыздың жасаған ерен еңбегін жерлестері де, артынан қалған ұрпағы да ұмытпай, ұлықтайды.

 

                     Серік Дәулетжанов,

Зейнеткер,

Орал қаласы

                    

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале