31.08.2025, 16:30
Оқылды: 230

«Қаладан – ауылға»: Казталовта ұстаздар жаңа баспанаға ие болды

Ауылдық аймақтарды дамытуға серпін беретін «Қаладан – ауылға» өңірлік жобасы ауданымызда жүйелі түрде жүзеге асуда. Бұл бастама Батыс Қазақстан облысында 2023–2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы аясында қолға алынып, нақты нәтижелерін беруде. Жобаға қатысуға ниет білдірушілердің қатары күн санап артып келеді. Олардың ішінде ел игілігіне қызмет етемін деген білім мен денсаулық саласының жас мамандары да бар.

FB_IMG_1756629723780

Бүгін Қараөзен ауылында осы жоба аясында қоныс аударған қос ұстазға жаңа тұрғын үйдің кілті табысталды. Салтанатты рәсімге аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысып, жас мамандарға ізгі тілектерін жеткізді.

— Өткен жылы Казталов ауданына 19 отбасы, яғни 106 адам қоныс аударып, жаңа өмірге қадам басты. Ал биылғы жылы 4 дәрігер отбасымен көшіп келіп, баспаналы болды. Қазіргі таңда бағдарламаға 19 ауыл енгізіліп, соның ішінде 12 ауылға 24 отбасы, 129 адамның көшіп келу ниеті бар. Бұл – ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттырып, олардың жаңаруына тың серпін беретін игі бастамалардың жемісі. Жобаға қатысушы әрбір азамат жаңа ортаға бейімделіп, кәсібін дөңгелетіп, ел дамуына үлес қосады деп сенеміз. Бұл – туған жерге жанашырлық пен еңбекке адалдықтың айқын көрінісі, — деді аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы.

FB_IMG_1756629729905

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Тамыз конференциясында: «Біз өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керек», — деп атап өтіп, Үкіметке нақты тапсырмалар берген болатын. Бүгін ұстаздардың баспаналы болуы – сол міндеттердің орындалуының жарқын көрінісі.

FB_IMG_1756629713808

Жаңа қоныс иелері де өз ризашылығын білдірді.

— Мемлекет тарапынан ұстаздарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Бүгінде облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Қаладан – ауылға» жобасы арқылы баспаналы болып отырмыз. Бұл – ауылдық жерлерде еңбек етемін деген мамандар үшін зор мүмкіндік. Осы уақытқа дейін Орал қаласындағы №42 «Ақ ниет» гимназиясында жұмыс істеп, қазіргі уақытта Қараөзен мектеп-лицейінде математика пәнінің мұғалімі қызметін атқарудамын. Ауыл – халқымыздың алтын бесігі, руханиятымыз бен дәстүріміздің қайнар көзі. Сондықтан ауылды түлету – баршамыздың ортақ парызымыз. Жаңа баспанаға ие болуымызға жағдай жасаған облыс пен аудан басшылығына алғыс білдіреміз, — деді жас ұстаз Әсемжан Тасқали.

FB_IMG_1756629726372

Тұрғын үйлердің құрылысын жүргізген мердігер Серікжан Темірханов құттықтау сөз сөйлеп, игі тілегін айтты. Ал еңбек ардагері Болат Бекешов жиналған жастарға ақ батасын беріп, елдің бірлігі мен берекесі үшін еңбек етудің маңызын атап өтті. Округ әкімі Нұрхат Болаев «Қаладан-ауылға» бағдарламасы аясында көшіп келген әр отбасыға ауыл азаматтарының атынан бұзаулы сиыр және 10 бас қой мен ешкі берілетінін жеткізді.

«Қаладан – ауылға» жобасы арқылы ауданға қоныстанып жатқан әрбір отбасы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, ауылдық жерлерде жаңа мүмкіндіктердің ашылуына жол сілтеуде. Жоба жалғасын таба отырып, алдағы уақытта да жас мамандарды тартуға, оларға қолайлы жағдай жасауға және ауылдық аймақтардың өркендеуіне ықпал етпек.

Асылбек Нәсіпқалиұлы
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале