Бөрлі ауданы 90 жылдық мерейтойын алты алашқа атой салып, жоғары деңгейде атап өтті. Жоспарлы іс-шаралар, көпшілік мерекелік кеште әдемі атмосфера тудырды. Бөрлінің төріндегі дүбірлі тойға жан-жақтан келеген меймандар үн қосты. Дала қызықтарында қомақты жүлделер тігіліп, ат тұяғының дүбірі даланы тербеді. Палуандардың күресіне ел қызыға қарады. Сахнаның саңлақтары жергілікті әншілермен бірге үйлесімді ән шырқап, кештің көрігін қыздырды. Сахналық қойылымдарға көпшілік тәнті болып, рухани құндылығымыз жарқырап көрсетілді. Сахнаға облысымыздың үздік ақындары шығып, Бөрлі туралы толғата, төгілте жырлады.

Әркім өз қолынан келгенше тоқсан жылдық тойға тарту жасап жатыр. Біздің қолымыздан келетіні қалам тербеу. Ауданымыздың тоқсан жылдық торқалы тойына біздің ауданымызда туып, білім алып, Қазақ ССР ағарту ісінің министрі қызметіне дейін көтерілген Кенжәлі Айманов туралы тапқан мәліметімізді ұсынып көреміз. Тоқсан жылдықтың тартуы осы болып тұр.
Биылғы жылы ауданымыздың мерейтойына байланысты аудан тарихы біраз қазбаланғаны рас. Бұрынғы энциколпедиялар не жазды, ақпаратты қалай ұсынды деп архив ақтарып кеттік. Қолымызға 2006 жылы "Бөрлі жаршысы" баспасынан шыққан "Бөрлі ауданы энцикопедия" кітабы түсті. Энциклопедияны құрастырған: ОКЖ директоры А.А. Тасимова, Әдістеме - библиографиялык бөлімінің меңгерушісі Г.Т. Тайкешева, библиограф Ғ.С. Әбішева, кітапханашы С.К. Меңдібаева, аудармашы К.С. Өтешева, хатшы-аудармашы Г.А. Хасанова деп көрсетілген. Жинақта негізінен аудан тарихынан басталып, ауылдардың тарихы жеке-жеке қамтылған. Сонымен қатар жердің географиялық ерекшелігі, сол кездегі әлеуметтік нысындардың салынуы, ауданның тыныс-тіршілігі түгел баяндалыпты. Парақтап отырып, "Білім беру" атты бөлімшені таптық. Білім саласына байланысты ақпараттар жинақтың 117-бетінен бастап, 137 бетіне дейін қамтылған екен. Бөлімшенің басында "Білім беру бөлімінде 1935-1936 жылдары ауданда 20 мектеп, 11 қазақ және орыс тілінде оқытатын 9 мектеп жұмыс істеді. Аудандық оқу бөлімінің алғашқы меңгерушісі Айтқалиев Гильман болды. Бірінші мектептер Қарашығанақ, Миргород, Приуралье, Бөрлі, Березов, Даниякөл, Жаныбек, Облавка, Утвинка, Сборный, Тереңсай, Байшеркеш селоларында және Ақсай бекетінде ашылды. Алғашқы мектепке кейінгі мекемелердің бірі 1938 жылы ашылған, теміржол бала бақшасы еді. Қарашығанақ орталау аралас мектебінің аудандық статусы болды, осы мектепті бұрынғы Қазақ ССР ағарту ісінің министрі К.А.Айманов бітірген" деген ақпараттан басталған. Басындағы ақпараттар бізге таныс болғанымен соңындағы "Қарашығанақ орталау аралас мектебінің аудандық статусы болды, осы мектепті бұрынғы Қазақ ССР ағарту ісінің министрі К.А.Айманов бітірген" деген жолы көзімізге оттай басылды. Сол жылдары білім саласының тізгінін ұстаған азаматтың біздің ауданда білім алуы үлкен жетістік емес пе? Мұны қалай жылы жауып қойған деп жан-жақты сұрау салдық. Өкінішке орай Кенжәлі Айманов туралы ауданымызда ақпарат кем болып шықты. Қарашығанақ ауылындағы шағын музеймен байланысу, ауыл үлкендерінен, ардагер ұстаздардан сұрастыру еш нәтиже берген жоқ. Тарихи салада қалам тербеп, Бөрлі ауданына қатысты біраз тың ақпарат ұсынып жүрген облысқа танымал ағаларымыздан да Кенжәлі Айманов туралы сұраған едік, одан да ештеңе шықпады. Ақпараттың аздығына жерлесіміз К. Аймановтың елден ерте кетуі себеп болған сияқты. Содан интернет ақтарып көрдік. Бірінші тапқанымыз Қазақстан білім және ғылым минстрлігі шығарған ғылым саласындағы атаулы даталар жинақталған кітап болды. 2021 жылы жарық көрген "Календарь знаменательных и памятных дат в образовании на 2022 год" рекомендательный библиографический указатель" атты орыс тілінде шыққан жинақтың басында Кенжәлі Аймановқа 105 жыл толады деп көрсетілген. Кітапты К.Ж. Иманбекова құрастырса, А.Ш Сайдембаева редактортық жасаған екен. Кітаптың тұпнұқасында "1 января – 105 лет со дня рождения Кенжалы Айманова (1.01.1917-25.08.1974), педагога, ученого, государственного деятеля, члена-корреспондента Академии педагогических наук СССР, министра просвещения КазССР (1963-1971), министра высшего и среднего специального образования КазССР (1971-1974)" деп шағын өмірбаяны мен атқарған қызметі көрестілген.
Википедияның мәліметінше Кенжәлі Айманов (1.1.1917, Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Жәнібек (Батыс Қазақстан облысы) – 26.8.1974, Алматы қаласы) – мемлекет қайраткері, КСРО Педогогика Ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі (1971). ҚазПИ-ді (1937, қазіргі ҚазҰПУ) бітірген. 1941 жылы Қазалыда мұғалім болады. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Брест қорғанын қорғауға, Сталинград шайқасына және Керчьті азат етуге қатысқан. 1945 жылы Алматыға оралады. Алғашында қалалық комсомол комитетін басқарады. 1947-1952 жылдары №18 мектепте физика мұғалімі, кейіннен директор. 1952 жылы Абай атындағы ҚазПИ-де физика-математика факультетінде оқытушы( болып қызмет атқарды. ҚазПИ-де кафедра меңгерушісі (1960–63) Қазақ КСР-інің Оқу-ағарту министрі (1963–71) Республика Жоғары және арнаулы орта білім министрі (1971–74) қызметтерін атқарды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 7 және 8 шақырылымдарының депутаты. Қазақстан Компартиясының 12, 13 съездерінің делегаты, сол съездерде Қазақстан Компартиясы ОК мүшелігіне сайланды. КОКП 24 съезінің делегаты. Аймановтың негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары жоғары сынып оқушыларының автоматика, телемеханика, электроника элементтерін меңгеру мәселелеріне арналған. "Атомная энергетика и её использование" (Алма-Ата, 1959), "Физика и автоматика: Пособие для учителей" (Алма-Ата, 1963) атты еңбектердің авторы. Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, "Сталинградты қорғағаны үшін" медалімен және басқа да бірнеше мапапаттардың авторы деген мәлімет ұсынып отыр. Википедия дереккөздер ретінде 2002 жылы Алматыда "Арыс" баспасынан жарық көрген Батыс Қазақстан облысы. энциклопедиясын көрсеткен.
Ең қызығы википедиядағы мәліметте Кенжәлі Аймановтың туған жері Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Жәнібек деп берілген. Орысша ақпаратта да солай беріліпті. Кей тұстарда Ішкі Ордадағы Жәнібек ауылы деп те көрсетілген жерлері бар. Дегенмен біздер нақты дереккөзге сілтеме жасалған жоғарыдағы википедияның ақпаратына сенгіміз келеді. Қолымыздағы нақты дәлелдерді пысықтап, тағы да мол ақпарат ұсынуға тырысамыз. Біздің пайымымызша Бөрлі ауданының құрамында бұрындары Жәнібек атауымен ауыл болған. Бұл туралы өзіміз оқыған едік. Тап бүгін қолымызға сол деректі түсіре алмадық. Дегенмен алдағы уақытта бұл табылатынына күмән жоқ. Айтпақшы, Бөрлі ауданының тарихы жинақталған "Ел тұлғалары" атты кітапта (2006 жыл) Кенжәлі Айманов Бөрлі ауданынан шыққан тұңғыш министр деп көрсетілген. Сол сияқты ауданымыздың "Жарсуат" шаруашылығы туралы тарихи мәліметте "1933 жылдың күзінде Қарашығанақта тракторшылар курсы ашылған. Осы курсты "Димитрово" ұжымшарының бірінші басқармасы, кейіннен білім министрі болған К.А. Айманов бітірген" деген мәліметті көріп бір қуанып қалдық.
Бірақ біздің айтпағымыз ол емес еді. Қай жерде туылса да Кенжәлі Айманов қазақ ғылымына өте мол еңбек сіңірген тұлға. Оның үстіне "Бөрлі ауданы энцикопедиясы" кітабында Кенжәлі Аймановтың Бөрлі ауданында орналасқан "Қарашығанақ" метебінде білім алғаны тайға таңба басқандай жазылған. Және дәл дереккөзге сілтеме жасаған википедияның оның туған жері Бөрлі ауданы деп көрсетуі де тегін емес. Тіпті ғалым туралы деректер ұлттық энциклопедияға да енгізіліпті. Біздің айтайын дегеніміз ауданның осындай мерейлі кезеңдерінде тарихты жасаған, оқ пен оттың ортасынан аман келіп, білім саласына елеулі үлес қосқан, тіпті ғылымға да өзіндік із қладырып, үлкен жаңалықтар әкелген тұлғаның аты ұмтылмаса, қайта жаңғырса деген жақсы ой ғана. Осындай тұлғаның атына тіпті бір мектептің атын берсе де жарасып кетер еді. Кенжәлі Айманов Бөрлі ауданынан шыққан тұңғыш ғалым десек те артық айтпаған болар едік. Қалғанының бәрі уақыттың еншісінде. Біз бұл тақырыпта әлі қалам тербей бермекпіз.
Мейрамбек Сыдықов,
Бөрлі ауданы