30.09.2025, 14:30
Оқылды: 160

Елдік рухтың мерекесі

Өткен жұма және сенбіде Ақжайық ауданының орталығында Қазақстанның Халық жазушысы  Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығы кеңінен аталып өтті.

WhatsApp Image 2025-09-26 at 11.58.50

Мәдени-көпшілік шара Жұбан орталығы ғимаратының алаңынан басталды. Жан-жақтан жиналғандарға Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі, облыс ақыны Мейірман Шәкенов арнау-сәлемін жеткізген соң, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз құттықтау сөз сөйледі. Ол жампоз тұлғаның даңқты датасы еңселі, бірлігі мол ел болуымызға жетелейтінін айтты.

Жұбан Молдағалиев ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін оқыды.

Одан кейін қалың көпшілік Жұбан орталығының жұмысымен танысты. Орталықтағы, мысалы, «Тарихтың төрі – туған жер» атты көрмеде ақынның кіндік қаны тамған топырақтан бастап, ізі қалған күтір-мекендер макеті, атырабымызға қатысты бай дерегі бар материалдар қойылған. Дарабоз дарынды мәңгі есте қалдыру мақсатында өлкеміздегі сан қырлы істерді «Ақын атын ардақтап» атты көрме баяндайды. Сондай-ақ оның сан жинағы, қолтаңбасы бар кітаптар аса құнды дүниелердің қатарында тұр.

Осында «Жұбан Молдағалиев. Естеліктер. Тарихи-ғұмырнамалық анықтамалық» деген кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл рәсімді орындау құрметі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева мен ҚР Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілі, журналист-жазушы, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллинге берілді. Бұл еңбек – ақынның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген кітаптың толықтырылған нұсқасы. Жаңа  кітапқа Жұбан ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер, көзкөргендердің естеліктері енгізілді. Сондай-ақ оның парақтарынан ақынның туған жерінің тарихына қатысты географиялық атаулар мен елді мекендер туралы құнды деректер де табылады. Аталған анықтамалықтың жарық көруіне Ақжайық өңіріне қатысты жиырмадан астам тарихи-танымдық жинақтардың ауторы, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы, жидашы-қаламгер Бақтығали Қоспаевтың сіңірген еңбегі орасан.

WhatsApp Image 2025-09-26 at 12.03.46

Аудан мектептерінде білім алатын Жұбан есімді үш оқушы осы шараға қатысты. Оларға А. Бақтыгереева: «Өмір жалғасы деген осы. Жұбан ақынымыз бар, Жұбан есімді балаларымыз бар. Осы атқа лайық болыңыздар. Намысты болыңыздар. Жолдарың жарқын болғай», – деп батасын берді. Жаңабұлақтық 8-сынып оқушысы Жұбан Медет «Мен қазақпын» поэмасынан үзінді оқыды. Әйгілі композитор, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақанов тіпті шалғай жерлерден келе жатып Жұбан орталығына тоқтайтындарды көріп жүргенін айтып, осындай керемет ғимараттарды көтергендерге зор алғысын арнап, орталыққа өз әндерінің шығу тарихын баяндайтын кітаптарын, басқа да басылымдарын сыйлады.

Айтулы күн аудандық мәдени-демалыс орталығында «Тарих. Тағдыр. Тұлға» атты республикалық аймақтық ғылыми-танымдық конференциямен жалғасты.  Жиналған қауымның назарына ұсынылған «Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске» көрме-қойылымы ерекше әсерге бөледі. Ақынның кітаптары, фотолары қойылған көрме бірнеше бөлімге бөлінген. Алғашқысында ақынның балалық шағы, Зеріп ананың бала Жұбанға берген тәлімі, ардақты ананың ақынның қалыптасуындағы рөлі дәріптелді. Ж. Молдағалиевтің майдандағы жауынгерлік жолы мен қаламгерлік қызметі, замандасы Сағынғали Сейітовпен соғыста кездесуі әсерлі сахналық қойылымдар арқылы бейнеленді. Қойылымға оқушылардың «Мен – қазақпын» поэмасынан үзінді оқып, нүкте қоюы ақын жырының құдіретін ұғындырды.

WhatsApp Image 2025-09-26 at 11.59.02

Конференция алдында Жұбан еліне, қадірлі меймандарға облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің сәлемін, ықыласын жеткізіп сөйлеген облыс әкімі аппаратының басшысы Н. Ораз халқымыздың қай кезде де батырлық пен ақындықты қатар қойғанын әңгімеледі.

«Ел іргесіне төнген жауға қарсы шыққан қаһармандары ақын болған, бұқараны серт сөзімен соңына ерте білген ақындары батыр болған. Жыр-Жұбан, міне, осындай арыстан азамат ретінде жұртының жүрегінде сақтаулы. Ұлы Отан соғысында жүргенде жазған «Шығыста туған елім бар» атты жырында «Шығысқа, сонау Шығысқа, Көз талғанша қараймын. Басылмайды құмарым, Қарасам да талай күн. Ешбір желді сүймеймін, Өз өлкемнің желіндей...» дегенінен-ақ ұлтына, Отанына ұл болуға құштарлығы, мұраты көрінді. Ғұмырының бойында халқының аңсарлы арманы, алдан күткен үміті түп-санасында екенін көрсетті. Міне, 105 жылдығында туған топырағындағы шаралар соны жаңғыртуда. Өнегесіне, өсиетіне тағзым бұл. Жас ұрпақ оның жырларын біліп өссе, естілік деген осы. Мұрасы озық ел болуымызға үндейді», – деді ол.

– «Қазақстан өз еркімен Ресейге қосылды» деп әнеу кезде айтылып жүрді ғой. Қайдан, өз еркімен қосылған жоқ. Әлгі сөз менің де намысыма тиетін, – деді өз сөзінде Ілия Жақанов, – «Еділді келіп алғаны, Етекке қолды салғаны. Жайықты келіп алғаны, Жағаға қолды салғаны. Ойылды келіп алғаны, Ойдағысы болғаны...» демеп пе еді Мұрат Мөңкеұлы? 1981 жылдың күзінде «Еділ-Жайық» әнін жазу ойыма келді. Ал әнге сөзді кім жазады? Ойландым. Толғандым. Қуаты алапат ақын кім? Жұбағаң ғана ерекше зорайып көрінді. Екеуіміз бірнеше күн ұзақ отырдық. Сұрапыл екпінді, асқақ сезімді туындымыз өмірге келді. Ол «Екеуіміздің аяғымыз бармаған жерге осы ән барады» дейтін. Солай болды да».

М. Өтемісов атындағы БҚУ қоғамдық даму департаментінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев қазақ поэзиясы дүлдүлінің әдебиетімізді жауһар жырларымен байытқанын баяндады. «Бәрі бойға сіңімді, ойға қонымды. Тек оқып-тоқи біл. «Мен – қазақпын, биікпін, ерікті ұлмын» деп кеуде толтыра, көсілді дала перзенті. Ақындық лирикасы салмақты, тартымды. Әйел-ананы жоғары бағалайды, асылдығын ардақтайды. «Мен қазақ әйеліне қайран қалам» деп, небір ауыртпалықты көтерген нәзік иықтыларға сөзбен сомдап ескерткіш соқты.

Қайғы-қасіретті, тауқымет-тақсіретті басынан кешірген, мың өліп, мың тірілген қазаққа қызыл биліктің үстемдігіне Желтоқсанда қасқая қарсы шығу, «Что хотите от моего народа?» деп, бүкіл ащы ақиқатты батылдықпен ақтару, міне, Ақжайықтан түлеген азамат осындай болды. Зердемізден өшпеуі керек. Жастарға мұрасын көрсетіп жүргеніміз жөн. Елдік рух солай шыңдалады», – деді  ғалым.

WhatsApp Image 2025-09-26 at 15.02.06

М. Өтемісов атындағы БҚУ қауымдастығы профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Гүлшара Бисенова поэзия сапарының тең жарымы поэмадан тұратын шайырдың кең құлашын, әріден тереңдеп жазуын саралады. Өмірдегі өзгерістермен қатар ащы шындықты да жырлауы, айталық, «Туған жер» дастанынан анық көрінеді. Кейіпкері Қабаш қария – 1937 жылдың белгілі аласапыранында Жыланды жерінен амалсыз Ресейге кетуге мәжбүр болғандардың бірі. Оған «Ескіден қалған сарқыншақ, Жақтайды халық жауларын» деген жала жабылған екен. 1962 жылы, яғни кеңестік идеология күркіреп тұрған кезде жазылған көлемді дүниесінде қалам иесі қуғын-сүргінге кім кінәлі екенін астарлап жеткізген. Өзі ой елегінен өткізіп, халықтың, жалпы адамзат ұрпағының назар аударуы қажет деген мәселелерді көтеретінін поэмаларынан аңғару қиын емес. Адамды адалдыққа үндеуі, мысалы, «Кісен ашқан» поэмасында да айшықталған. Бұл – ұлы композитор Құрманғазының Исатай мен Махамбет сынды арманда кеткен ерлердің тағдырын күй әсері арқылы танытатын дастан.

Кезінде жыр жампозының батасын алған ауылдас қарындасы, ұстаз, ақын Үзілдік Елеубайқызының жұбантанудағы еңбегі республикамызға аян. 90-жылдар басында еліміздегі Қ. Айтқалиев атындағы республикалық атаулы мектептің мүшесі бола жүріп, білім ұяларында Ж. Молдағалиев шығармаларын оқытуға байланысты ұсыныстарынан бастап, барлық зерттеуі бағалы ғылыми жұмыс болып табылады. Ақынның әдебиет әлеміне әкелген қолтаңбасын, мұхиттай терең мұрасын, ұлттық сана-сезімді қорғаған қайраткерлігін насихаттауы рухани дәулетімізді еселеді. Еселей де бермек.

Конференция барысында Ү. Елеубайқызы қазақтың қыран тектес перзентінің жырларына арқау болған кейіпкерлер мен өмірде болған жандар жайында тартымды сөз саптады.

«Болат медиа» мекемесінің директоры, белгілі журналист, баспагер Болат Батырұлы ұлт поэзиясының жұлдызын жарқырата түскен ақынды ардақтауы айрықша ақжайықтықтарға, өңір тұрғындарына шынайы алғысын білдіріп, сөз  сөйледі.

Жиын соңында аудан әкімі Мұрат Сердалин Ілия Жақанов, Ақұштап Бақтыгереева, Болат Батырұлы, Абат Қыдыршаев, Гүлшара Бисенова, Бақтығали Қоспаев және шараның өтуіне демеушілік көрсеткен жандарға алғысхат табыстады. Сонымен қатар аудан басшысы осы тойға арнайы келген Жұбан Молдағалиевтің келіні Айгүл Идиянқызы, немересі Дина Азаматқызы мен оның зайыбы Мұрат Болатұлына аудан атынан естелік сыйлықтар ұсынды.

Жұбан тойы осыдан соң «Дәуір дауылпазы – Жыр-Жұбан» облыстық ақындар айтысымен жалғасты. Осы аламанда бақ сынаған 12 ақынның төртеуі – Ақжайық ауданынан. Төрт сағаттан астам уақытқа созылған айтыста көрерменнің ықыласы ерек болды. Олар тапжылмастан ақындардың әр сөзін, шумағын, ұтымды әзілдерін, орынды ұсыныстарын ду қол шапалақпен қабыл алды. Алғашқы жұп – Айнабек Бисенғалиев (Ақжайық ауданы) пен Эльдар Ихсановтың (Теректі ауданы) сөз сайысынан басталған айтыста өлеңнің құдіреті туралы ой-толғам, жыр тасқыны жарқырады. Ал Талғат Мықи (Бөкей ордасы) Орынбек Меңдіқұловпен (Жаңақала) өзара айтысында жезде мен балдыздың әдемі қалжыңымен тыңдарманын бір серпілтті, олардың Жұбан ақын жырға қосқан ұлттық құндылықтар туралы ортаға байыпты ой тастауларын да көпшілік жылы қабылдады. Облыс, республикаға танымал айтыс ақындары Абылайхан Мақсұтов (Ақжайық ауданы) пен Әділ Ахметов (Орал қаласы) сыни сұрақ, ұтқыр жауаппен, сәтті теңеу, шебер ұйқастарымен айтыссүйер қауымның көңілінен  шықты.

Баласының  кіндігін  ақын бол деп Қаламменен кесетін Жұбан елі, – деп Ақжайықты ардақтаған Әділдің жыр сәлеміне де көпшілік зор ықыласпен қол соқты. Жұбан ақынның қайраткерлігі мен батырлығын айтыстағы ерек талантымен танылып жүрген сырымдық Бауыржан Ширмединұлы тамаша жырлады. Бөрлілік Жарқынбек Шынтаевпен жұп болған ол ұрпақ тәрбиесіндегі кемшіліктерді де жасырып қалмады. Жәнібектік Мұрадым Мирланов пен ақжайықтық Бекболат Қаленов те екеуара айтыста Жұбан рухын жаңғыртып, атажұртында өткен тойдың мәнін арттырды. Ақжайықтық Мейірман Шәкенов пен атыраулық Шалқарбай Ізбасаров айтысты әдемі тәмамдады. Әп дегенде арындатып, тасқындатып бастаған Мейірман ауылдардағы мәселелермен қатар рухани ілгерілеудегі серпілісті жырына арқау етсе, Шалқарбай Жұбан туған топыраққа құрметін жырмен өрді. Шараны Ғ. Құрманғалиев атындағы филармония директоры Бауыржан Халиолла қорытындылады. Аудан әкімі М. Сердалин Жұбанның рухын жырмен асқақтатқан айтыс ақындарына ақжайықтықтар атынан алғысын арнап, әрқайсысына ақшалай сертификат табыстады.

2444d34b-cbea-4b20-9de7-18b9452f2532

Орталық саябақта өткен мерекелік кеште «Жұбанын әлдилейді Ақжайығы» ІІ аймақтық ән байқауының жеңімпаздары мен аудан көркемөнерпаздары өнер көрсетіп, Жұбан тойын ұйымдастыруға үлес қосқан ақжайықтықтар  марапатталды.

Бәйгетөбе алаңында өткен дала қызықтарын тамашалауға жиналғандардың қатары қалың болды. Аудандағы 18 ауылдық округ әрқайсысы осы алаңда ақшаңқан киіз үйден құрып, қонақтарды бар ықылас-құрметімен қошеметтеді. Мерекеде алдымен аудан әкімі М. Сердалин құттықтап, даңқты жерлесіміздің мерейтойын мерекелеу – осы жылдың ең айтулы оқиғаларының бірі екенін айтты. «Жыл бойына аудан көлемінде осы датамен ұштастырылып, ақынға құрметін айшықтаған шаралар бүгінгі тоймен мәреленуде. Сондықтан бүгінгі той – елдіктің тойы, ақын аманатына адалдықтың тойы», – деді ол.

4491b7a6-035b-4edb-b8dd-c768ce68f555

Дала қызықтары көтеріңкі көңіл-хоштағы қалың жанкүйердің қиқуымен өтті. Топ бәйгеде маңғыстаулық Мирас Сайыновтың «Найзағай» есімді жүйрігі мәреге бірінші болып жетті.  Тартысты өткен аламанда ақжайықтық Нұралы Кенжемұраттың «Көзмоншағы» топжарып, жүлдеге тігілген аутокөлікті иеленді. Қазақ күресінде Бөрлі ауданынан Темірлан Көлбайға боз кілемге шыққандардан тең келер ешкім болмады. Күштілікке, табандылыққа сын болған арқан тарту сайысында «Орал-2» командасының жігіттері үздік көрінсе, қой көтеруде ақжайықтық Мәдениет Нұрсейітов  жеңімпаз  атанды.

Болат Қосжанұлы,

Әлия Шарапиева

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале