3.11.2025, 15:30
Оқылды: 248

Айтысқа бала Бекарыс келді

Жуырда Астана қаласында “Қола домбыра” республикалық оқушылар айтысы өтті. 

WhatsApp Image 2025-11-03 at 15.44.08

Желілерде айтыстың жаңалығы деп батысқазақстандық оқушы Бекарыс Дайрабиді таныстырып жатыр. Ал, сол балғын Бекарыстың түбі біздің Қособа ауылынан екенін білесіздер ме?

Дайраби Бекарыс Нұржанұлы - Орал қаласындағы Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы. Оқу озаты. Биылғы оқу жылынан бастап «Ақындық әліппесі» үйірмесіне қатысып жүрген Бекарыс тәуекел деп тас жұтып, қолына домбыра алып, республикалық айтыстан бір-ақ шықты.

WhatsApp Image 2025-11-03 at 15.43.25

«Қола домбыра – 2025» айтысы - оның суырыпсалма жыр бәйгесіндегі алғашқы қадамы.

«Жеребе – соқыр» - деген бар. Жеребеде Бекарысқа тұрғыласы жолықпай, жоғары сыныптың баласы түсті. Батыр жау таңдап соғыспайды. Өскемендік ақын, 11-сынып оқушысы Руслан Силамбекпен айтысқан ол жоғары ұпай алды. Балл алғаны былай тұрсын, ағалардың ақ батасын айтсаңшы. Серікзат Дүйсенғазы, Ринат Заитов, Еркебұлан Қайназарво секілді айтыскерлер жас Бекарысқа ақ жол  тіледі.

Айтыс қорытындысында ол  Есенқұл Жақыпбеков атындағы арнайы жүлдемен (100 000 т) сертификат, дипломмен марапатталды.

WhatsApp Image 2025-11-03 at 15.42.38

Бекарыс әдебиет апталықтарында тақпақ айтып, әрі кеткенде дәптерін қолтықтап өлең жарыстарына барып жүре берер еді, егер де оны ақын, педагог Ертай Бимұханов байқамағанда. Ертай Бимұханов жүйрікті құлынынан танып, «Ақындық әліппесі» үйірмесінде сөз өнерін үйретіп, міне, топқа қосты.

- Бекарыс Дайраби - сөз қонған елдің баласы. Әкесі Нұржан - Сырым ауданы, Қособа ауылының тумасы. Еңбек адамы. Анасы - мәдениет қызметкері. Мектепте ән айтып, көркем сөз оқып жүргенін көріп, көзінен от байқадым. Алғашқы қадам сәтті болды. Бірақ, біз әлі шыңдаламыз, дайындаламыз, - дейді ұстазы Ертай ақын.

«Қола домбыра» - жай жыр бәйгесі емес, айтыстың жас буынын тәрбиелейтін мектеп, таланттарды таныстыратын тұғыр. Айта кетейік, қазақ айтысында жылдың үздік ақынына «Алтын домбыра» беріледі. Ал, Шымкент қаласы жас ақындарға «Күміс домбыра» тігіп жүр.

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале