27.01.2026, 17:15
Оқылды: 10

Әйелдер кәсіпкерлікке ден қоюда

Ақжайық ауданында  2210 кәсіпкерлік субъектісі ресми тіркелген. Соның 2124-і  жұмыс  істеп  тұр. – Тіркелген кәсіпкерліктердің 854-і қыз-келіншектерге тиесілі.  Ер-азаматтармен қатар түрлі салада кәсібін дөңгелетіп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып жүрген әйелдер баршылық. Олар аудан орталығындағы сауда нысандарының, қызмет көрсету орындарының қызметтерін жолға қойып, халыққа қызмет көрсетуде, – деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әлібек Бәкіров.

әйел

Бөлім басшысының айтуына қарағанда, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге немесе кәсібін бастағысы келетін ауыл тұрғындарына арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аудан көлемінде тиісті деңгейде жүзеге асырылуда. 2023 жылдан бастау алған бағдарламаға 2023-2024 жылдары 139 адам қатысып, 1 млрд 31 млн теңге несие алып, кәсібін бас-тады. 2025 жылы 24 ақжайықтық азамат 80 млн тегеден астам несие алып, кәсіптерін  бастап  жатыр.

– Бағдарлама арқылы кәсібін ашқандардың 59-ы – нәзік жандар. Оның ішінде Тайпақ ауылындағы қой жүнін өңдеу шеберханасының иесі Ләззат Сейіткерееваны, Алғабас ауылындағы сүттен түрлі өнімдер жасайтын Самал Айтқұлованы, Тайпақтағы дәріхана құрылғыларын алған Әлия Шадыманованы атап өтуге болады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына тиімді. Біріншіден, арзан несие тек ауылдық жерлердегі тұрғындарға бағытталған. Екіншіден, пайыздық үстемесі төмен, яғни 2,5% және кепілге ауылдағы тұрғын үйлерді де қоюға болады. Биыл аталған бағдарлама бойынша біраз әйел кәсіпкер несие алды.  Мөлдір Мырзағалиева наубайханаға құрылғы сатып алды.  Одан басқа пейнтбол клубын ашқан Назгүл Усағалиева, жеке балабақшаға жиһаз алған  Жанар Бердалиева және жартылай дайын өнім шығаруға арналған құрылғы сатып алған Ботагөз Шәкілова сынды кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көрді, – деді Әлібек Бәкіров.

Бөлім басшысы ауылдық округ әкімдерінен келер жылы несие алуға ниетті тұрғындар жөнінде мәлімет жинақталып жатқанын айтады. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауданға 567 млн теңге шамасында лимит берілген. Сонымен қатар ағымдағы жылы бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, қажетті қаражатқа кепілі жетпеген тұрғындарға «Даму» қорымен мемлекеттік кепілдік арқылы ішінара қамтамасыз ету тетігі іске қосылады деп күтілуде. Сондықтан ақжайықтықтар аталған бағдарламаға белсенді қатысып, өз кәсіптерін бастауға берілген мүмкіндікті пайдаланса дейміз.

Ләззат  Сейіткереева, кәсіпкер, Ақжайық  аудандық іскер  әйелдер  кеңесінің  төрайымы:

– «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында Тайпақ ауылында жүн өңдеу цехының  ашылғанына көп уақыт болған жоқ. «JICA» халықаралық жобасының сарапшысы Акихиса Карагучи ауылға арнайы келіп, жүн өнімдерін дайындау үрдістерімен танысып, өзінің кеңесін берді. Өндірістік цехта дайындалған  кәдесый бұйымдары, аяқ киім, бас киім, көрпе, сөмке нарықта сұранысқа ие. Тайпақтық өнімдер бірнеше халықаралық көрмеге  қойылды.

Жүн өңдеу цехында бастапқыда шеберлеріміз жүнді жуу, тазарту, түту, басу жұмыстарын қолмен атқаратын. Қазіргі кезде оның барлығын қажетті техника атқарады. Бұған «Ауыл аманаты» жобасының көмегі тиді. Жеңілдетілген несие алып, Ресейден қажет  техниканы  алдыртып, орнаттық.

Өткен жылғы шілде айында жергілікті қой жүнінен 2х3 өлшемдегі киізді басып, шығара бастадық. Алайда
жұмыс орнының тарлығы және жүнді, өнімді кептіретін құрылғы болмағандықтан, қысқы мезгілде шаруамыз баяулады. Біздің цехта жүнді түту, жуу  қызметі көрсетіледі.

Гүлнәр  Шәңгерей,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале