Райхан Қамидоллақызы Сүлейменова Казталов ауданының тумасы. 1972 жылы Богатырев орта мектебін бітірген. 1973 жылы ҚазМУ-дың заң факультетіне оқуға түсіп, 1978 жылы тәмамдайды. Шымкент қаласында әртүрлі мекемелерде заңгер болып қызмет атқарып, 2012 жылдан бері зейнет демалысында. Мамандығы заңгер болғанымен поэзия, журналистика саласында да тұшымды дүниелері тұрақты жарияланып келеді. Ол – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Біз бүгін сонау Шымқаладан жерлесіміз – Райхан Қамидолла жолдаған кезінде емші, сынықшы, көріпкел, арқалы адам болған Әбду ата туралы мақаласын жариялап отырмыз. Арқалы атаны көре қалған, білген, естіген жандар болса, ауторға хабарласуын өтінеміз.

Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Мен алғаш рет атақты Әбду (Абдулахим) ата туралы әңгімелерді мектеп қабырғасында жүрген кезде әуелі, әкемнен, қала берді ауыл адамдарынан естідім. Әрине, Әбду ата бейнесі мен өмірі мені ол кезде қатты қызықтырғаны рас. Кейін жылдар өте қаламды серік қылған шақтарымда ата туралы жазғым келіп, талай оқталдым. Бірақ, біріншіден, мен ата өмір сүрген кездегі ұрпақ өкілі болмағандықтан, екіншіден, ол кісіге үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын жақыны болмауым, үшіншіден, туған жерден алыста, екі мың шақырым жерде, Шымкент қаласында тұратындықтан жазуға кірісіп кете алмадым. Шынын айтсам, жүрексіне бердім. Алайда ол туралы жазсам деген ниетті, ойымнан қанша рет шығарып тастағым келгенмен, оған да ерік-жігерім жетпеді. Тоқетерін айтқанда, әңгімені «не, бастай алмай, не, тастай алмай» сарсаңға түстім. Дегенмен, күндердің күнінде тәуекел еттім. Жуырда Әбду ата туралы менен басқа ешкім жазбайтынына (болашақта жазылар) көзім жеткеннен кейін көлемдірек шығарма жазып бітірдім. Бұл деректі шығарманы, алдағы уақытта өз қаражатыма 50-100 данамен шығарып, кітабымда осы тақырыпқа қатысты фотосуреттерді қоса жарияламақпын. Ол кітапқа Дәдем атаның шөбересі Жұмазия (Құрманзия) Құспанова туралы «Дәдем атаның қасиеті» – деп аталатын деректі әңгімем де кіреді. Ал енді Әбду ата туралы шағын әңгімемді туған жердің облыстық газетіне беріп отырғаным, облыс көлемінде атамыз хақында нақты деректері бар адамдар табылып қалар, «Әбду атаның ағасы Нұрмұхамбеттен қалған ұрпақтар бар ма, болса олар қазір қайда жүр екен?» деген сұраққа жауап іздеу. Атадан қалған жәдігерлер – қамшы мен белбеуінің қайда сақтаулы екені белгілі. Ал ол ұстаған Құран кімдердің қолында қалды екен деген де сұрақтар мені мазалаумен келеді. Кезінде Әбду атаның бауырына басқан қызы марқұм Мастурамен 4-5 рет кездесіп, одан біраз деректер алғанмын. Ата мен оның ағасына 2004 жылы Жамбыл облысынан мәрмәр тастар алдырып, Шымкентте құлпытастар дайындатып әкелгенде, айналадағы 2-3 ауылдың азаматтары қолдау білдіріп, шағын зират орнатқанбыз. Ол жәйлі және ата туралы оннан астам естелік оқиғаларды толық шығармамда жазып көрсеттім.
Әбду ата емші, сынықшы болумен қатар, арқалы адам, көріпкел, эзотерик, экстрасенс, телепат, көп ғылымнан хабары бар, сегіз қырлы, бір сырлы адам болған дейді. Әсіресе, жүйке ауруына ұшырап, дәрігерлерге бой бермеген науқастарды құлантаза жазып жібергені жайлы әңгіме де, мысалдар да көп-ақ. Емші-сынықшы ретінде тағы алысқа кеткеніне қарамастан ол қарапайым, кішіпейіл, әділ адам екен. Ел аузынан жеткен әңгімелерге қарағанда, адам сенбестей белгісіз бір тылсым күштердің иесі болыпты.
Ата халық арасында «Емші, сынықшы Әбду (Әбдуғалим) ата» атымен танымал болыпты. Мастураның айтуынша, шын аты – Әбдуғалим (Абдулахим) Ботақанұлы дейді. Ол кісі тек Орал облысында ғана емес, Қазақстанның Ресеймен шекаралас аудандарында да жақсы белгілі болған. Совет заманында атеизмның дәуірлеп тұрғанына қарамастан, атаға сол Ресей жерінен де талай лауазымды тұлғалар, ем алған екен. Ата Орал облысы (БҚО) Казталов ауданы, «Шильная балка» (қазіргі «Аққурай») деген жерде жерленген. Ол жерде алдында атаның Нұрмұханбет деген туған ағасы жерленген екен. Ата осы «Шильная балкадан» 8-9 шақырым жердегі «Көпкүтірде» тұрған. Жалпы ол кісі өмірінде Казталов ауданының «Көпкүтір» (бұрынғы «Қосшы», «Парфеновка») «Болашақ» (бұрынғы «Богатырев» – К. Маркс атындағы колхоз» – «Большой лиман»), секілді екі ауылда тұрыпты. Мастураның айтуы бойынша, ата 1889 жылы туып, 1957 жылы 20 қаңтарда қайтыс болып, 22 қаңтарда жерленген. Ең болмағанда, атаның қайтыс болған уақыты туралы құжат жүзіндегі дәлелдеме (қайтыс болғаны туралы куәлік) алайық деп, Казталов ауданының мемлекеттік мекемелеріне адвокаттық сұрау салғанмен, ондай құжат табылмады. Мекеме қызметкерлері ол кездерде алыста тұратындарды дәрігерден анықтама алып жерлей бере-тінін, куәлік алуға мүмкіндік те, міндетті де болмағанын айтты.
Тағы бір сұрауымызға БҚО мемлекеттік мұрағатының Жалпақтал филиалынан берген анықтамада атаны 1871 жылы туған деп көрсеткен. Мұрағаттан 24.09.2010 жылы берілген №С-39 анықтамасында (сөзбе-сөз келтіріліп отыр) былай деп жазылған: «Орал облысы, Казталов ауданы Шилин (Талап) ауылдық кеңесі» «Карл-Маркс» колхозының мұрағаттық қорындағы тұрақты сақталатын істерінің 1951-1953 жылдардағы №1 шаруашылық кітабындағы №1 тіркеу бойынша Ботаканов Абдудің жанұя құрамында: Ботаканов Абду – үй иесі 1871 ж., туған. (Бір мың сегіз жүз жетпіс бірінші) Қазақ, сауатсыз, 1929 жылдан колхоз мүшесі.
Ботаканова Т. – әйелі 1901 ж. туған» Бұл адамдар туралы басқалай дерек беру мүмкіндігі жоқ. Негізі: Қор-305, Т-2, іс 19, б.-2.
2025 жылы қайтадан сұрау салғанда да, осы деректен басқа ешнәрсе табылмады. Егер Әбду ата 1929 жылдан бері колхоз мүшесі болса, сол колхоздардың құжаттарында ол туралы деректер болуы мүмкін.
Казталов ауданының мемлекеттік архивіне жіберілген сұрауымызға да архив мекемесі Әбду ата туралы ешқандай дерек жоқ деп жауап берді.
Ерекше қасиеті (мысалы гипноз) бар адамдар бұрында ҰҚК-да (КГБ) арнайы есепте тұратын деген соң, ол мекемеге де бардық. Бөлім бастығы қабылдап, ол архивариусқа тапсырма берді. Архив қызметкері жеке адамдарға қатысты құжаттардың барлығын Үкімет қаулысына сай, 2014 жылы облыстық полиция департаментіне өткізгенін, қазірде оларда жеке адамдарға қатысты құжаттар жоқ екенін айтты. БҚО полиция департаментіне жолдаған сұрауға мемлекеттік мекеме өзінің 17.08.2024 жылғы жауабымен Әбду атаға қатысты ешқандай деректер жоқ екенін жазды.
Мастураның айтуынша, ата екі айдай ауырып, оны Саратовтан келген Виноградов деген профессор дәрігер емдепті, оның аты-жөні есінде қалмаған. Ата туралы, менің ойымша, бұрын баспасөзде ешнәрсе жазылмаған секілді. Бірақ менің білмеуім де мүмкін. Архивтерден, құпия құжаттармен қоса, тереңірек іздесе табылып қалуы да ғажап емес. Басқа аудан архивтерінен немесе көршілес Ресей аудандарының архивтерінен де табылуы мүмкін. Заман талабына қарай, Құдай жоқ, дін – апиын деген түсінік белең алып тұрғанда, сол кездегі баспасөзде ол кісінің қасиеттері туралы жазу қауіпті болған секілді. Бірақ жанына ем іздеген адамдар әр қиырдан келуден үзілмеген. Мүмкін, артымыздан жастар шығып, қызығушылық танытып, осы аудан мен облыстан шыққан сол кездегі газеттерді (1929-1957 жылдар аралығы) парақтап, аудандардың құжаттарынан архивтен атаға қатысты деректер іздеуі де мүмкін ғой деп ойлаймын.
Осы жерде толықтырып жіберетін бір мысал: 2008 жылы Алматыдағы «Арыс» баспасынан Казталов ауданының құрылғанына 80 жыл толуына орай 192 парақтан тұратын «Казталов ауданы. Шежіре» деген кітап шыққан. Онда аудан тарихы, экономикасы, пайдалы қазбалары, әлеуметтік-мәдени даму жолы, тарихи тұлғалары мен абзал азаматтары туралы жазылған. Кітаптың шығуына мұрындық болған сол кездегі аудан әкімі Е. Қалиев бастаған бір топ азаматқа, оның ішінде шығармашылық топ пен баспа директоры болған Ғ. Әнес (марқұм) бастаған баспа қызметкерлеріне мың алғыс! Туған жерінің тарихына көз жүгіртіп, тарихи тұлғалары мен абзал адамдарын ұрпағымыз ұмытпас үшін оларға аманат етіп, үлкен еңбек атқарған. Осы кітапта Әбду ата туралы былай деп көрсетілген:
«Ботақанұлы Әбду (Әбдуғали) (1884, Казталов ауд. Көп-күтір а., 1957) – сынықшы, емші болумен қатар арқалы адам болған. Түрлі шөптерден дәрі жасап, науқас адамдарды емдеп отырған. Есінен шатасып, психологиялық ауруларға ұшыраған адамдарды емдеп, құлантаза жазып жіберген. 2004 жылы Әбду атаның басына кесене тұрғызылды. Кесене Аққурай ауылының күншығыс бетінде» деген аздаған жолдар бар. Иә, бұл кесене деп ауыз толтырып айтатындай, менің ойымша кесенеге онша ұқсамаған, бірақ жоқтан тәуір еді.
Бұл кітап менде жоқ, іздестіргенмен, ертеректе тарап кеткендіктен қолға түсіру мүмкін болмады. Енді мен шығармашылық топтың ішінен Әбду ата туралы жазған адамды іздестірдім. Жерлестеріміз Ахмедияр Батырханов пен Миржан Карабалин деген жан-жақты, ізденімпаз азаматтардың көмегімен шығармашылық топтағы екі адамның телефондарын алып хабарластым. Ата туралы жазған Көпкүтір ауылының тұрғыны, мамандығы тарихшы, сол ауылда мектеп директоры болып істеген Мирболат Мырзағалиев деген азамат екен. Ол кісімен хабарласқанда жүрегіне операция жасатқан екен, көп сөйлесе алмады. Ол Әбду ата туралы адамдардан естігенін көлемді етіп жазғанмен, редакция алқасы қатты қысқартып, ата туралы тек жоғарыдағы жолдарды қалдырғанын айтты. Ата туралы жазған көлемді жазбасы өзінде сақталмаған және қолында еш құжат болмаған екен. Ол кітаптағы атаның туған жылы 1884 ж. деп көрсетілгені қате сияқты.
Мастураның айтуынша, Әбду атаның ағасы Нұрмұханбет атадан Ғазиза деген қыз қалған. Ол бұрынырақта қайтыс болыпты. Одан Хасан (Хали), Нұрман, Қалампыр, Жібек, Рабиға деген балалары болған. Олардың бертіндегі тағдырын Мастура білмейді. Менің ойымша (болжамым), атаға менің алдымда шағын тас белгі қойған Нұрмұханбет атаның қызы Ғазизадан тараған ұрпақтары секілді. Оның себебі де бар. Тасты (2003 ж.) тұрғындардың айтуынша, Оралдағы кәсіпкер Ғайса ұлы Ғали қойған. Онда «Белгі қойған Ғайса ұлы Ғали» деген жазудан кейін «Ботақанның немересі Бекболат ұлы Әбдуғали» деген сөздер барын жазыппын. Меніңше, ол тас шөгіп, жерге кіріп, астыңғы жағындағы жазылған сөздер көрінбей қалған. Мастурадан да, Дамира апайдан да сұрағанда бұл жігіт туралы ештеңе айта алмады. Ал қыздан тараса жиен емес, неге немере деп жазған дегенге келсек, қазіргі қазақтардың кейбірі, әсіресе қала мен орыс жерінде тұратындар, ұлдың баласы – немере, қыздың баласы – жиен дегенді ұстана бермейді, орыс халқы секілді бәрін немере деп атай береді.
Меніңше, әр адам өзінің туған жерінің тарихына, жақсылы-жаманды өзгерістеріне немқұрайлы қарамауы керек деп ойлаймын. Әбду атадай жұмбақ адамды түсіне білмейтініміз анық. Түсінбегендіктен қадіріне жетпеген шығармыз? Оның үстіне ол өмір сүрген уақыт «Құдай жоқ», «Дін – апиын» деген атеизмнің өршіп тұрған кезі болатын. Бірақ біздің туған жерімізде, ауданымызда, ауылымызда осындай жұмбақ құбылысты, ерекше адамның өткенін біз ғана емес, болашақ ұрпақ та білу керек қой. Алланың өзіне берген тылсым күшін айналасындағы адамдарға жақсылық жасауға жұмсап, қарапайым ғана өмір кешкен Әбду атаның бейнесі ұмытылмауы керек. Егер кімде-кім Әбду атаға қатысты нақты естеліктер айтып, деректер жіберем десе, төмендегі нөмірге хабарласуларын өтінемін?..
Райхан Сүлейменова,
Шымкент қаласы
8-777-227-09-50
(ватсап та осында)
эл. пошта raisul@mail.ru