
Наджаф Мамедов, «Бірлік» әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы:
– Алғыс айту күнінің мән-мазмұны өте терең. Біз тұрақтылық пен келісімді ұлттық құндылықтар ретінде жиі айтамыз. Бірақ, шын мәнінде, олар нақты іс-әрекеттерден туындайды. Көршілер бір-біріне қамқор болса, әртүрлі мәдениет өкілдері қоғамдық бастамаларды бірлесіп жүзеге асырса, жастар барлық ұлт-ұлыстың салт-дәстүрін құрметтеуді үйренсе, қоғамда мығым достық пен бірлік үстемдік етеді. Осындай күнделікті қарапайым қадамдардан өзара сенім қалыптасады. Бұл – біздің қоғамымыздың ең үлкен байлығы.
Қазақстан халқы ассамблеясы ұлтаралық келісімді нығайтуда ерекше рөл атқарды. Ол диалог пен ынты-мақтастықтың рөлі зор екенін дәлелдеді. Қоғамдық келісім – мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықтың нақты тәжірибесі.
Жақында біз маңызды таңдау жасаймыз. Жаңа Конституция жобасын референдумда қолдау – мемлекетті одан әрі дамытуға және әділеттілік пен тұрақтылық қағидаттарын нығайтуға бағыт-талған қадам.
Бүгін мен ұрандатып емес, шынайы сөздермен айтқым келеді. Алғыс айту – қоғамның жетілуінің көрсеткіші. Бұл – қайырымдылықты есте сақтау, қолдауды бағалау және бірлескен еңбек нәтижесін қадірлеу қабілеті. Біздің ортақ мақсатымыз – азаматтардың бір-біріне құрмет көрсететін ортаны сақтау және оны жас ұрпаққа өмірдің бұлжымас заңы ретінде жеткізу. Алғыс айту күні құтты болсын!

Бэлла Тю, облыстық кәріс этномәдени бірлестігінің жетекшісі:
– Алғыс айта білу – адамның ең ізгі қасиеті. Біз жанымыздағы адамға рақмет айту арқылы оның өміріміздегі орнын белгілеп береміз. Осы әрекет арқылы қарым-қатынастың қаншалық құнды, маңызды екенін көрсе-теміз. Сол үшін Алғыс айту күнінің жөні бөлек. Сондықтан адамға, табиғатқа, өмірге, өзімізге алғыс айтып үйренгеніміз абзал. Өз басым ұлт пен ұлысты біріктіретін, қарым-қатынасын нығайтатын осындай мереке ба-рына қуанамын. Алғыстың түбінде бірлік, бірігу, тұтасу жатыр. Облыстық корей этномәдени бірлестігі кейінгі жылдары қыс мезгілінде, әсіресе күн қатты аяз кездерінде «Жүрек жылуы» іс-шарасын ұйымдастырып келеді. Яғни этномәдени бірлестік өкілдері үйден мол етіп пигоди, бауырсақ пісіріп, ыстық шай алып шығады. Оны көшеде жұмыс істеп жүрген «Жайық Таза Қала» ЖШС-ның қар тазалаушыларына, коммуналдық қызметтің жұмысшыларына, «Жедел жәрдем» жүргізушілеріне береді. Біз алаңсыз ұйықтап жатқанда олар қаланың тазалығы үшін, коммуналдық апаттарды болдырмау мақсатында уақытпен санаспай еңбек етеді. Оларға алғысымызды солай жеткізудеміз.
Этнос өкілі ретінде, алдымен қазақ халқының кіршіксіз ниеті, кең пейілі үшін алғыс айтқым келеді. Жеті атасын, салт-дәстүрін сыйлайтын ел өзгенікін де өгейсімейді. Қайта әр ұлт пен ұлы-стың бірегейлігін сақтауға, салт-дәстүрін жаңғыртуға көмектеседі. Өзге ұлттың мәдениетіне, дініне, діліне құр-метпен қарайды. Өркен жаюына септеседі.

Ильяр Муталипов, облыстық ұйғыр этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары:
– Барша қазақ халқын және Қазақстандағы барлық этносты Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – бір-бірімізге ризашылық білдіру мен мейірімділікті бөлісу күні ғана емес, сонымен бірге біздің ортақ тарихымыз бен тағдырлас тағдырымыздың белгісі. 1 наурыз – Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн ретінде таңдалған, ол этностар арасындағы татулық пен өзара түсіністіктің нығаюына жол ашты және қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің символына айналды.
Біздің тарихымызда қиын кезеңдер көп болды. ХХ ғасырдың ортасында немістер, поляктар, корейлер, ше-шендер, ингуштар және басқа да көптеген этнос өкілдері қазақ жеріне мәжбүрлі түрде көшірілді. Сол кезде қазақтар көмектесіп, сыйластық пен адамгершіліктің, бауырмалдықтың озық үлгісін көрсетті. Қазақстанға та-баны тигендерге пана болып, баспанамен қамтып, ас-ауқаттарын берді. Бұл тәжірибе қоғамымыздағы тату-лық пен келісімнің негізі болып әлі күнге дейін қолданылады. Міне, осы тарихи оқиғалар мен біздің ортақ өткеніміз бүгінгі Алғыс айту күнінің мағынасына айналды. Қоғамдағы әр этностың еңбегі мен үлесі – мемле-кетіміздің дамуына қосылған үлкен үлес, ал бір-бірімізге көрсеткен қолдауымыз – біздің біртұтастығымыздың кепілі.
Қазақ халқымен бірге бір шаңырақ астындағы барлық этностың өзара сыйластығы мен достығы – қоғамымы-здағы ең басты байлық. Бірлігіміз мықты болса, қиындықты да бірге еңсеретініміз сөзсіз. Әр шаңыраққа амандық, әр жүрекке жылылық, елімізге береке мен тұрақтылық тілеймін. Бірлігіміз мықты, достығымыз берік, аспанымыз ашық, еліміз тыныш, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

Ирина Разенкова, облыстық беларусь этномәдени орталығының төрайымы:
– Мен өзге ұлттың өкілі болсам да, тағдырымды қазақ жерімен байланыстырған адаммын. Осы кең даланың төсінде өсіп, осы елдің нанын жеп, суын ішіп, өмірдің талай белесін өткердім.
Қазақ халқының дархандығы туралы көп айтылады. Бірақ оны есту бір басқа да, сезіну бір басқа. Мен сол дар-хандықты күнделікті өмірімде көріп келемін. Қиындықта қол ұшын созатын, қуанышта құшағын кең ашатын мінез – бұл ұлттың табиғатына тән қасиет. «Қонақ келсе – құт» деп, төрін ұсынған халықтың кең пейілі талай жанға пана болды.
Тарих беттерін парақтасақ, қазақ жері түрлі ұлт пен ұлысқа құтты мекен болғанын көреміз. Сол кезеңдерде қазақ халқы талай тағдырды бауырына басты. Бүгінгі таңда сол бауырмалдықтың жемісін көріп отырмыз. Біз, түрлі этностар, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Бұл – ең алдымен, қазақ халқының сабыр-лылығы мен парасатының нәтижесі.
Мен үшін қазақ ұлты тек мемлекетті құраушы халық қана емес. Ол – салт-дәстүрін сақтаған, сөзге тоқтаған, үлкенді құрметтеп, кішіні ізеттеген мәдениеті биік ел. Қазақ тілін үйрену арқылы мен тек жаңа тіл меңгеріп қана қоймай, тұтас бір дүниетанымды таныдым.
Қазақ халқына айтар алғысым шексіз. Ынтымағымыз ажырамай, татулығымыз баянды болсын! Бір шаңырақ астындағы бірлігіміз нығая берсін!