«KAZMEAT Akzhayik» ЖШС-ның құрылтайшысы Қайыржан Наурызғалиев Бәйтерек ауданындағы Янайкин ауылындағы бос тұрған мал шаруашылығы кешенін ашық аукционнан сатып алды. 2024 жылы кешен жұмыс істей бастады. Сатып алу кезінде нысан өте апатты жағдайда еді: су мен электр қуаты айырылған, тоңазытқыш жабдықтары бұзылған, мал мүлдем болмады. Жаңа құрылтайшы алты ай ішінде бодақылау алаңын қалпына келтірді. 2025-2026 жылдары өңірдегі мал шаруашылықтарынан шамамен 11 000 ірі қара мал сатып алынды. Бұл күндері бордақылау алаңында 9000 ірі қара бар. Етті ірі қара малды өсіріп, бордақылайтын, ет өндіретін отандық кәсіпорында болып, ондағы барлық жұмыс циклімен танысу мүмкіндігі туды.

Алдымен ет комбинатындағы мал етін бөлшектеу үрдісін бақылап, өндіріс орнының тыныс-тірлігімен таныстық.
– Еттің сапасы жоғары. Өйткені мал кем дегенде 180 күн бордақылауда тұрып, сапалық азықпен қоректенеді. Малды сойғанға дейін зоотехник, ветеринарлар бақылайды. Тәулігіне 80-100 бас сойылып, жалпы 22-23 тонна ет өндіреміз. Одан әрі ет өндірістік тоңазытқыштарда сақталады. Кейін етті сүйегінен ажыратып, сүйексіз ет вакуммдық қаптамада шығарылады, – деді ет өңдеу комбинатының бастығы Мейрамбек Жұмағалиев. Оның айтуынша, сиыр еті Орал қаласының базарлары мен бөлшек сауда желілеріне, Атырау, Ақтау және Астана өңірлеріне саудаға шығарылады. Ал жарты ұша Тәжікстан мен Өзбекстанға экспортталады. Жергілікті ет өнімі облыс нарығының тек 10-15%-ын ғана құрайды. Өйткені өңіріміз – етті ірі қара мал өндіруде көшбасшы. Малдың ішек-қарны келісімшарттар бойынша зоопитомниктерге, зоопаркке берілді. Теріні тұздап, тері өңдеушілерге сату ұйымдастырылған. Комбинат келешекте қалдықсыз өндіріс құруға қам жасауда. Мұнда 50 адам жұмыс істейді.
Ең тиімді баға
Шыңғырлау ауданындағы Ақшат ауылындағы «Азамат» шаруа қожалығы негізінен ірі қара өсіреді. Қожалықтағылар мал басын асылдандырумен айналысады. Аталған шаруашылық жетекшісі Азамат Жалдықұлов (суретте) ерте туып, ала жаздай енелерін еміп, бірге жайылатын бұзауларының қоңды, салмағы жоғары болатындықтан, жақсы бағаға өткізетінін айтады. Янайкиндегі бордақылау алаңында кездескен Азамат Сырымұлын әңгімеге тарттық.

– Осы кәсіпорынға етке мал тапсыру бізге тиімді. Өңірдегі ең пайдалысы осы үлкен компания болып отыр. Мысалға, 250 келі тартатын 7-8 айлық бұқашықты 1800 теңгеден есептегенде, 450 мың теңгені құрайды. Осы кезге дейін мұндай қаржыға ешкім сиыр сата алмады. Ветеринарлық талаптарға сәйкес есептік нөмірді алып үлгермедік. Ондай нөмірді алған жағдайда мемлекеттен мал басына 75 мың теңгеден (250 келіге дейін) субсидия беріледі. Сонда бір бас малым шамамен 525 мың теңгеге шығар еді. Бұқашықтардың салмағын өлшемей, көзбен қарап, саудалай келгендерге сатып жібергеннен пайда көрмейміз. Одан гөрі осындай алаңға тапсырған әлдеқайда пайдалы. Қазақтың ақбас тұқымды сиырын ұстаймыз. Малымыз ерте төлдейді. Күзде мал тапсыратын уақытқа дайын болады. Тапсырылған малдың ақшасы есепшотымызға аударылады. Ақшамызды бермей қалады-ау деп уайым шекпейміз. 2025 жылы 100 бұқашық тапсырдық, – деді Азамат Жалдықұлов.
Бордақылау алаңындағы әр бөлікте мал салмағына қарай бөлінген. Алдындағы астауға салынған жем-шөппен шаруасы жоқ кейбір мал алаңсыз күйіс қайырып жатыр. Сауырлары сауыс-сауыс бұқашықтар топырлай өтіп бара жатқан бөтен адамдарға «Неге келдіңіздер?» дегендей маңғаз, аңтарыла қарайды. «Мына алаңдарда 12 мың басқа дейін мал жиналады. Содан сойып, азайта береміз. Тамыз айында бұл жерде аша тұяқ қалмайды. Қыркүйек айынан бастап бұқашықтарды қабылдауды бастаймыз», – деді Қайыржан Наурызғалиев.

Нысанның бастапқы қуаты 8600 бас болды. Кейін оның қуаты 15 000 басқа дейін өсті. Алаңда бір уақытта ең көбі 12 000 бас ұсталды, ал қазір шамамен 9000 мал бар. Бұл – кешеннің екінші толық жұмыс маусымы. Бұл күндері компанияда 130 адам, олардың 100-ден астамы тікелей Янайкин алаңында жұмыс істейді. Осы жұмысшылардың 68-і – жергілікті тұрғындар. «Янайкин тұрғында-рын жұмысқа қабылдауға басымдық беріледі. Кеңсе, бухгалтерия және сату бөлімдері Орал қаласында орналасқан», – деді Қайыржан Махсотұлы.
Мамандар, жұмысшылар не дейді?
- Бұл кәсіпорын 2023 жылдың мамыр айында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына тіркелді. Содан бері өңірдегі аудандардан 16 395 бас осы орынға тапсырылды. Мал тапсырушылар ветеринарлық форма - 1 анықтамасын алып келеді. Онда малдан бір рет қан алынғаны, сібір жарасына, қарасан, аусыл ауруларына қарсы міндетті түрде екпе алғаны туралы ақпарат болуы тиіс. Ветеринарлық стансадан бір маман осы орталықта жұмыс істейді. Ол маман ауыл шаруашылығы жануарлары базасында малдың қозғалысын бақылайды. Бұл жерде эпизоотиялық ахуал қалыпты, – деді бордақылау алаңында кездесіп, сұхбат берген Бәйтерек ауданының ветеринарлық станса директоры Әсет Әубәкіров.
Бордақылау алаңына өткізілген жануарлар міндетті түрде карантинге алынады. Оларды күн сайын бақылайды әрі соған қарай электронды жазбалар жүргізеді. Біз барған кезде малды қайта өлшеу және дегельминтизация (паразиттерге қарсы инъекциялық емдеу) жұмысы жүргізіліп жатты. «Мақсатымыз – биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету және жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау. Карантиндегі малды 21 күннен кейін жағдайына қарай бордақылау жүйесіне ауыстырамыз», – деді серіктестіктің бас ветеринары Ораз Балтаев.
Янайкин ауылының тұрғыны Николай Макуханың аталған бордақылау алаңында малшы болып жұмыс істегеніне екі жылға жуықтаған. «Маған өз жұмысым ұнайды, жалақы уақытында төленеді. Үйден жұмысқа компанияның аутобосымен қатынаймыз. Менің міндетіме малға толық күтім жасау кіреді. Компания өз қызмет-керлерін қолдайды. Демалыс береді, қаржылай көмек көрсетеді. Балалар жыл сайын лагерьге компания есебінен жіберіледі және Жаңа жылға сыйлықтар алады. Екі балам лагерьге барды. Бұрын ауылда жұмыс табу қиын еді. Енді бізде тұрақтылық пен болашаққа деген сенім бар», – деді қарапайым еңбек адамы.
Әлеуметтік жауапкершілік жүгі ауыр
Янайкин ауылдық округі аумағында орналасқан компания әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын ұстанады. Жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосуда. Мысалы, салық төлемдерінің аталған округ бюджетіне тікелей түсуін қамтамасыз ету үшін «KAZMEAT Aqjaıyq» ЖШС нақты шешім қабылдады. 2024 жылдың 26 сәуірінде оралдық компания Янайкин ауылына тіркелді. 2025 жылы компания шамамен 90 миллион теңге салық төледі.
– Биоқалдықтарды жою мәселелері заңмен қатаң реттеледі. Әкімдікпен мал моласын пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Қажет болған жағдайда қалдықтарды толығымен жою үшін қоқыс жағу пешікрематор жабдықтары алынды, – деді Қайыржан Махсотұлы.

«KAZMEAT Aqjaıyq» ЖШС 2010 жылы ашылғаннан бері іс жүзінде жұмыс істемей тұрған өндірістік кешенді қалпына келтіру кезінде Янайкин ауылдық округіне демеушілік және қаржылық көмек көрсете бастады. Компания өз бастамасымен қызметкерлердің балалары үшін жазғы лагерьлер ұйымдастырып, «Мектепке жол» әлеуметтік бағдарламасы арқылы аудан тұрғындары мен олардың отбасыларына үздіксіз көмек көрсетіп келеді.
Янайкин ауылының әлеуметтік өміріндегі кәсіпорынның маңызы туралы Т. Бигелдинов атындағы орта мектептің директоры Жасталап Сабыров ризашылықпен айтты. Мектепте 180 оқушы білім алуда – бірнеше жыл бұрын олардың саны шамамен 130 еді. Директордың айтуынша, ауыл республикалық тасжолдың бойында орналасқан және өмір сүруге барлық қолайлы жағдай жасалған, тек тұрғын үй қорының ескіруі мәселе болып отыр. Биыл компанияның қолдауымен, құрылтайшы Қайыржан Наурызғалиевтің бастамасымен мектепте тегін шахмат үйірмесі ашылды. Компания шахматтан спорт шеберлігіне кандидат маманды Оралдан шақыртты. Үйірмеге 15 оқушы қатысуда. Жаттықтырушының жалақысы компания есебінен төленеді. Сонымен қатар серіктестік мектепке жүйелі түрде қолдау көрсетеді. «Мектепке жол» акциясы аясында 300 мың теңге көлемінде көмек берілді. Компания оқу кабинетін жөндеуге, сапалы интернет желісін тартуға және интерактивті тақта орнатуға қол ұшын беруге ниетті.
Балалар саны аз болғанына қарамастан, мектеп жоғары спорттық нәтижелер көрсетіп отыр. Соңғы бес жылда мұнда спорттың әр түрі бойынша Қазақстанның 17 шемпионы дайындалған. Дойбыдан оқушылар Азия деңгейінде жеті күміс медаль иеленді. Мәселен, төртінші сынып оқушысы Исабек Кемеңгер биыл Стамбұлда өткен халықаралық жарыста екі күміс медаль жеңіп алды. Мектеп түлектері мен шәкірттері арасында каратэ, гір спорты және өзге де спорт түрлері бойынша шемпиондар бар.
Мектептегі шахмат үйірмесін он жылдан астам еңбек өтілі және бай спорттық тәжірибесі бар жаттықтырушы Ерлан Бауенов жүргізеді. Ол – бірнеше мәрте облыс шемпионы, Қазақстан Республикасы жарыстарының жүлдегері. 1997 жылы республикалық жарыста үшінші орын алған. Қазіргі уақытта Ерлан Бауенов – ФИДЕ ұйымының ресми спорт шеберлігіне кандидат және Arena International Master атағының иегері. Сондай-ақ ол қаладағы жеке шахмат клубында бірінші разрядты оқушыларды үйретеді.
– Ауылда шахмат клубы небәрі бір ай бұрын ашылды. Сабақтар аптасына үш рет түске дейін өткізіледі. Қазір үйірмеге жасы шамамен 6-14 жасқа дейінгі балалар қатысып жүр. Болашақта жоғары сынып оқушылары үшін түстен кейінгі уақытқа сабақ ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – деді жаттықтырушы.
«KAZMEAT Aqjaıyq» ЖШС 2026 жылы Янайкин ауылына көшуге ниет білдірген жас мамандар мен қаладан тыс жердегі қызметкерлер үшін төрт қоспәтерлік жеке үй салды. Кірпіштен салынған баспананың әр пәтерінің аумағы – 80 шаршы метр. Қазір жаңа үйлерде мамандар отбасыларымен тұрады.
Болашақта компания өзінің жем өндірісін дамытуды жоспарлап отыр. Қазіргі кезде заңды түрде бөлінген 1100 гектар жер учаскесі ресімделуде. Бұл жем өндірісін құруға және болашақта өзінің жем зауытын іске қосуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік даму аясында қызметкерлерге арналған жатақхана салуды қолға алмақ. Стратегиялық жоспарлардың ішінде қуаты үлкен тағы бір бордақылау алаңын салу қарастырылған.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»,
Бәйтерек ауданы