20.03.2026, 16:30
Оқылды: 12

Бәйгеге шабу да өнер

Наурыз мейрамы қарсаңында Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханада «Жылқы мәдениеті: дәстүр мен тағылым» атты танымдық    этнографиялық кеш өтті. Кітапхана төріндегі кештің мақсаты – қазақ халқының атқа міну мәдениетін таныту, жастарды атакәсіпті құрметтеуге тәрбиелеу, ұлттық ойындар мен ат спортын насихаттау. Іс-шара «Наурызнама» онкүндігі мен «Құндылыққа бағдар» атты жоба аясында ұйымдастырылды.

DSC06918

Қазақ халқы жылқыны ежелден «төрт түліктің төресі» деп ерекше қастерлеген. Сондай-ақ «Ер қанаты – ат» деп бағалаған қазақтар үшін жылқы жеті қазынаның бірі саналады. Кеш барысында осы ұғым-түсініктер терең айшықтала түсті. Себебі кеш қонақтары жылқы малымен біте қайнасып, кәсібімен ұлттық өнерді ұлықтауға үлес қосып жүрген жандар болды. Олар Қамбар ата түлігінің қасиеті, халық өмірінде алатын орны жөнінде ойларын айтты.

Теректі ауданының Табын ауылынан келген кәсіпкер, атбегі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Әміржан Бекенов 15 жылдан бері жылқы шаруашылығымен айналысып жүр. Ол аттарды құлын кезінен баптап, бәйгелерге қосуда.

– Теректі ауданының Подстепный ауылында тұратын Ақылбек деген ініміздің шабандоз баласы Саян ата-анасының рұқсатымен біздің шаруашылыққа келіп тұрады. Әлихан деген ұлыммен тетелес. Екеуі қорадағы аттарды қарайды, мінеді, баптайды. Түрлі додаларға қатысады. Бағы мен бабы келіскен аттарымыз жүлделі орындар алып жүр. Арасында қалыс та қалады. Жылқының тілі жоқ, десе де оны түсіну керек. Жылқы – сезімтал жануар. Мінгі білетін жылқы адамның қорқып тұрғанын немесе сескенбейтінін сезеді. Шабандоз балаларды батыр деп айтуға тұрарлық. Себебі жылқыға қызығып жүрген жүз баланың оны ғана атқа шабады десем, артық айтқаным емес. Бәйгеге шабу да өнер. Ол да есеп-қисапты қажет етеді. Шабандоз аттың басын жіберіп қойып қана отырмайды. Мысалы, көлік жүргізушілері қай кезде тормоз басып, қай кезде тез жүру керектігін біледі. Сол сияқты шабандоз да аттың тізгінімен қалай жұмыс істеу керектігін білуі тиіс. Саян баламыз түрлі додаға қатысып, шемпион атанды. Алда талай бәйгеде топ жаруына тілекшімін. Елімізде ат спортының дамып жатқаны қуантады. Бүгінгі ұрпақ күндіз-түні телефонға телміргенше, қазағымыздың ұлттық өнерімен айналысқаны дұрыс, – деген атбегі жылқы баптау оңай жұмыс екенін атап өтті.

DSC06899

Кештің кішкентай қонағы болған Саян Айболат – облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бәйге бөлімініспортшысы. Подстепный ауылындағы қазақ орта мектебінің 8-сыныбында оқиды. Облыста бірнеше рет жас үздік шабандоз атанған Саян алты жасында атқа отырып, сегіз жасында бәйгеге қатыса бастаған. «Мені атқа отыруға әкем үйретті. Мен әр жігіт ат құлағында ойнауы тиіс деп санаймын», – дейді ол. Шабандоз бала өнерден де құралақан емес. Ол домбыра тартып, күй шертеді. Жайық жүйрігі атанып жүрген жас өркен былтыр Бөрлі ауданының 90 жылдығына арналған торқалы тойда темір тұлпар ұтып алған.

DSC06898

Бұл кешке Саянның анасы Мақпал Орынбасарова да қатысты. «Біз 2017 жылы ат әбзелдерін сатумен айналысатын отбасылық «Арғымақ» жеке кәсіпкерлігін аштық. Оған қоса малдәрігерлік дәріханамыз бар. Өзіміз ат әбзелдерін жасап, жылқы жабуын тігеміз. Жұбайым Ақылбек Дүйсенов жылқы өсіріп, бәйге аттарын баптайды. Ұлымыз Саян – шабандоз. Осылайша ат спортының, жылқы мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрміз деп ойлаймын», – деді кәсіпкер.

Орал қаласындағы кәсіпкер, атбегі, «Нұр-Ер» ат спорты кешенінің құрылтайшысы, Орал қалалық мәслихатының депутаты Нұрболат Исмағұлов болса, көптеген ұлттық ойын жылқысыз өтпейтінін атап өтті. Ұлттық ат спортының орны ерекше екеніне тоқталды. Мәселен, жамбы ату, көкпар, бәйге көрерменнің делебесін қоздырып, ұлттық ойынға деген қызығушылығын арттыра түседі. «Өзім алты жасымда атқа мініп үйрендім. Біздің кешенде төрт жылдан бері жылқы өсіріп, ат жарытып келеміз. Түрлі додаларға бәйге аттарын қосып жүрміз», – деген кәсіпкер ат спорты кешенінің ел игілігі үшін қызмет етіп жатқанын  айтты.

Танымдық этнографиялық кеш барысында әннен шашу шашылып, тақырыпқа сай интеллектуалды ойын ұйымдастырылды. Облыстық кітапхана директоры Шолпан Оразаева тұшымды әңгіме айтып, кештің мазмұнын ашқан қонақтарды алғысхатпен марапаттады.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале