27.03.2026, 16:00
Оқылды: 17

«Ауыл аманаты» қолжетімді  ме?  

2023 жылдан бастап іске қосылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған маңызды жоба. Екі жыл ішінде Ақ Жайық өңіріне 14 млрд 400 млн теңге бөлініп, оның 10 млрд 500 мың теңгесі игерілді.  1 421 жоба қаржыландырылып, 1 808 жаңа жұмыс орны құрылған. «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ өз қаражаты есебінен облыс кооперативтерін қолдауға көңіл бөлген. Мысалға, 2024 жылы қанатқақты режімде жалпы сомасы 311 млн 200 мың теңгеге алты кооперативке, сондай-ақ бағдарлама аясында  2024-2025 жылдары 566 млн 400 мың теңге сомаға 21 кооперативке ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға лизинг берілді.

Аталған бағдарламаның өңірдегі операторы ұсынған  ресми дерекке қарағанда, нәтиже жаман емес. Алайда мәселе саннан сапаға көшу, яғни бағдарламаның нақты тиімділігі мен ұзақмерзімді тұрақтылығында емес пе?

мамандар галереясы мал шаруа (8)

 Қаражат игерілді, бірақ тең бөлінді ме?

 «Ақжайық» ӘКК» АҚ «Ауыл аманаты» жобаларын кредиттеу басқармасының бастығы Азамат Ахметовтің айтуынша, бағдарлама қаржысы аудандардан түскен өтініштерге қарай бөлінеді. Ақжайық, Бәйтерек, Теректі аудандары әбжіл қимылдайды, ал қалған аудандардың белсенділігі төмен. Неге? Бұл жерде маңызды сұрақ өз-өзінен туындайды: қаржы шынымен сұранысқа сай бөлінді ме, әлде ақпаратқа қолы жеткендер ғана пайдаланып отыр ма?

Олай дейтін жөніміз бар. Ауылдардың бәрінде бірдей ақпараттық және цифрлық қол-
жетімділік жоқ. Amanatnesie.kz платформасы мен eGov арқылы өтініш беру мүмкіндігі бар болғанымен, шалғай ауылдарда интернет сапасы, цифрлық сауат деңгейі әртүрлі.

Мал көбейді, бірақ қосылған құн қайда?

Бағдарлама аясында несие алушылар 7 041 бас сүтті (оның 1 997-сі  – асыл  тұқымды), 1 855-і –етті ірі қара мал, 17 499  қой, 55 752  құс сатып алған. Одан басқа 780 сүт өндіру, 226 мал бордақылау, 3 балық өсіру, 18 жылыжай және 31 ашық жерге отырғызу, 58 құс шаруашылығы, 26 қайта өңдеу, 9 тігін цехы, 11 көлік жөндеу стансасы және шағын бизнестің басқа бағыттағы 145 жобасы іске қосылған. Көрсеткіштер жаман емес. Бірақ қарайған жобаның  26-сы ғана қайта өңдеу бағытында. Бұл жалпы көлемнің өте аз бөлігін құрайды. Демек, бағдарламаға әзірге шикізаттық бағыт сипаты тән. Ал ауыл экономикасының тұрақтылығы үшін қайта өңдеу, сақтау, логистика, брендтеу қажеттігі сөзсіз. Әйтпесе, ауыл тек мал өсіріп, оны бұрынғыдай арзан бағамен өткізіп отыра береді.

саумал бие жп

«Ауыл аманаты» бағдарламасына 2025 жылы енгізілген өзгерістерде қайта өңдеуге жеті жыл мерзімге, 8000 АЕК-ке дейін несие беру қарастырылған. Бұл, әрине, дұрыс қадам болғанымен оны сөз жүзінде қалдырмай, іс жүзінде күшейту қажет.

А. Ахметовтің сөзіне сүйенсек, қазіргі кезде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша берілген несиелерді  өтеу уақтылы жүргізілуде.  Несие портфелінің тек 2%-ы ғана кешіктірілетіні айтылды. Бұл бағдарламаға қатысушылардың қаржылық тәртіпті жақсы сақтайтынын көрсетеді.  Алайда мамандар назар аударуы тиіс мәселе баршылық. Мысалға, бағдарлама негізінде несие алып, жеке кәсіп ашқандардың қызметінің табыстылығы мен өміршеңдігі, қанша жобаның нақты табыс әкеліп отырғандығы, қанша кәсіпкерлік нысанының тек несие жабу үшін ғана жұмыс істейтіндігі, қаншасы субсидияға тәуелді деген  сауалдардың нақты жауабын таба алмадық. Бұл көрсеткіштер ашық талданбайынша, бағдарламаның шынайы тиімділігін айту қиын. Ал мұндай сараптаманы жүргізу аталған оператор –  әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының құзыретіне кірмейді. Мына ауданнан мұнша адам қатысты деп рапорт бергенмен, оның арғы жағында не болып жатқаны белгісіз.

Кооперация – ең  әлсіз  буын

Басқа облыстарды қайдам, біздің өңірдегі ауылдық жерлерде кооперативтер құру деңгейі төмен екені аян. Түсінікті тілмен айтсақ, ауыл тұрғындарының кооперативтерге бірігу арқылы мемлекеттік бағдарламаға қатысу деңгейі тиісті дәрежеде емес. Мұны осы бағдарлама операторы – «Ақжайық» ӘКК» АҚ мамандары да растайды.

– Өйткені ауыл тұрғындарының кооператив туралы түсінігі жеткіліксіздеу, сенімділік төмен, бірлесіп жұмыс істеу мәдениеті әлсіз. Сонымен қатар бастапқы капитал мен техника тапшылығы бар, инфрақұрылымның әлсіздігі және өнім өткізу нарығының шектеулілігі де салқынын тигізеді. Осы мәселені шешу үшін тұрғындарға кооперативтің мәнін, артықшылықтары мен жұмыс тетіктерін түсіндіру қажет. Табысты кооперативтердің тәжірибесін насихаттау, аудандық және жергілікті әкімдіктер мен мамандардың қатысуымен халыққа ақпараттық-түсінік жұмыстарын жиі ұйымдастыру маңызды. Мемлекеттік бағдарламалар (мысалы, «Ауыл аманаты») арқылы жеңілдетілген несие, сәйкесінше субсидия алу мүмкіндігі бар. Сатып алынған техника мен құрал-жабдықтарға мемлекет субсидиясының 30-50% көлеміндегі төлемі кооператив құруға айтарлықтай көмек болады. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржылық қолдау көрсету, техниканы сатып
алу немесе жалға алу бойынша жеңілдіктерді арттыру керек, – деді Азамат Ахметов.

Сарапшылардың пікірін малдансақ, ауыл экономикасын көтеретін негізгі тетік – кооперация. Жалғыз шаруа бәсекеге қабілетті бола алмайды. Біріккен жағдайда ғана техника тиімді пайдаланылады, өнім көлемі артады, нарыққа шығу жеңілдейді және қайта өңдеу дамиды. Алайда көп жағдайда кооперативті қағаз жүзінде құрып, нақты іс жүзінде жұмысы жүрмей «тумай жатып шөккеннің» күйін кешетін жайттар кездеседі. Мемлекет басшысы 2025 жылғы 28 қарашада ауыл әкім­де­рімен кездесуінде: «Көбіне мұн­дай кооперативтерді бірне­ше адам ғана құрады. Олар жеке шаруашылық иелері мен өнім өңдеушілер арасында делдал бо­лып жүреді. Соған қарамастан мемлекеттен жеңілдіктер алады. Бірақ бұл ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға кедергі кел­тіреді», – деген болатын.

Бағдарламаны қайтсек қолжетімді етеміз?

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл-аудандарды дамытуға серпін бере алмай отыр. Негізі, кооперативтерге ар­налған 31,5 млн теңге, жеке тұлғаларға бағытталатын 9 млн теңге аз ақша емес. Алайда қарапайым ауыл тұрғынының ондай соманы алуға кепілзаты жоқ. Ауылда да, қалада да жылжымайтын мүлкі бар шаруашылық иелері  қомақты несие алып, шаруаларын гүрілдетуде. Содан да мем­лекеттік қолдау  кәсібі жоқ ауыл тұрғынына емес,  шаруасы күйлі шаруа адамына бағытталып отырғаны жасырын емес. Содан соң алыс елді мекендердегі үйлердің көбі кеңес заманында салынған. Жаңадан салынған баспана болған күннің өзінде екінші деңгейдегі банктер аудан, округ орталығынан, ауылдан қашықта орналасқан ауылдағы ағайынға қомақты несие беріп, тәуекелге бармайды. Өйткені 10 млн теңге несие алған адам несиесін өтей алмаса, банк шалғайдағы елді мекендегі үйді 10 млн теңгеге өткізе алмайды. Оны кім алады?  Негізі, кепілге салынған үйдің бағасының 70%-ы көлемінде несие беріледі. Содан да шалғайдағы ауылдарға 3-4 млн теңгеден артық несие берілмейді. Сондықтан бағдарламада мұндай алыстағы елді мекендердің тұрғындарына несиенің ке-пілзатына басқаша талап қойылуы керек.

 

Аталған бағдарламаның 2-бағыты бойынша өндіріске, яғни ауылдық жерде өнім өндіруге несие беріледі. Ет өндіруді, өңдеуді аудан орталығында немесе қалаға  жақын жерде болмаса, алыс елді мекендерде дамыту қиын. Өйткені ауылдардағылардың  қорасында малы бар, етті өздері өндіреді. Сонымен «Ауыл аманаты» бағдарламасын қайтсек халыққа қолжетімді етеміз десек, сараптамалық тұрғыда төмендегі ұсыныстар маңызды дер едік.

Олар:

  1. Ауданаралық теңгерімді саясат. Белсенді емес аудандарға арнайы ақпараттық штабтар жіберу қажет. Ауыл тұрғындарынан өтініш күтіп отырмай, оларды іс жүзінде жобалық сүйемелдеу керек.
  2. Жобалық консалтинг енгізу. Ауыл тұрғындарының бизнес-жоспары әлсіз. Әр ауданда тегін бизнес-кеңесшілер болуы тиіс.
  3. Қайта өңдеуге басымдық. Мал алуға лимит 40%-дан аспау керек деген шектеу дұрыс. Бірақ қайта өңдеу жобаларына гранттық элемент қосу қажет.
  4. Бағдарламаға қатысушылардың өнімдерін өткізу нарығын мемлекеттің ұйымдастырғаны жөн. Ең үлкен мәселе – сату. Өнім бар, нарық жоқ. Облыстық деңгейде кооперативтік сауда желісі құрылуы қажет.
  5. Кооперативтерді «міндетті ынталандыру». Жеке несиеге қарағанда кооперативке төмен пайыз, ұзақ мерзім, қосымша субсидия қарастырылғаны дұрыс. Әйтпесе, халықтың кооперативтерге бірігуі қиын. Сондықтан ауыл шаруашылығы коо-перативтері туралы заңға өзгерістер енгізіліп, кооперацияны дамы­ту­дың бағдар­ла­масы қабылдануы керек. Сондай-ақ әр ауданда қанатқақты режімде кооперативтер құрылғаны жөн.
  6. Нәтиже мониторингі. Тек несие беру емес, 3-5 жылдық экономикалық тиімділік мониторингі енгізілуі тиіс.

«Ауыл аманаты»  әзірге қанатын кеңге жая алмай отыр. Қаражат, цифрлық мүмкіндік бар, әкімдік арқылы құжат тапсыру жолы қалыптасты.  Бірақ ауыл экономикасын шынайы дамыту үшін шикізаттық бағыттан арылып, қосылған құн моделіне көшу, кооперация мәдениетін қалыптастыру, қайта өңдеу мен нарыққа шығуды жүйелі қолдау мәселелерін шешпейінше, істің ілгері жылжуы қиынға соғады.

Азамат Ахметов

Азамат Ахметов, «Ақжайық» ӘКК» АҚ «Ауыл аманаты» жобаларын кредиттеу басқармасының  бастығы:

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске қосылған жылдары мал шаруашылығын дамытуға басымдық берілді. Қазіргі кезде ауыл тұрғындары құс өсіруге, бау-бақша шаруашылығына, қайта өңдеу саласына мән-маңыз  бере бастады. Бұл ауыл кәсіпкерлігінің әртараптандырылып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге деген қызығушылығының артқанын көрсетеді. Осыған байланысты алдағы уақытта қайта өңдеу бағытындағы жобаларды қолдауды күшейту, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және өткізу нарықтарына
шығуға қолдау көрсету маңызды деп санаймыз. Жалпы бағдарлама ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға бағытталған және бағдарламаны одан әрі жетілдіру арқылы тиімділігін арттыруға болады. Мысалға, ауылдағы мал терісін, жүнін  өңдеу бағыттарына бет бұру керек.

Асхат Тойшыбаев

Асхат Тойшыбаев, Қаратөбе ауданындағы Аққозы ауылдық округінің әкімі:

– «Ауыл аманаты» бағдарламасының ауыл-аудандарда таралуына кедергілердің бірі ретінде –
кепілзатты айтар едік. Ауылдағы үйді кепілдікке салып, мол несие қаражатқа қол жеткізу қиын. Несие сомасын молырақ алу үшін қалада кепілдікке салынатын үй болу керек. Ал ауыл тұрғындарының баршасында ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан бағдарламада шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына несиенің кепілзатына басқаша жеңілдетілген талап қойылса дейміз. Бағдарламаға қатысушы несие алып, мал сатып алды делік. Енді ол жұмыс орнын ашуы керек. «Ақжайық» ӘКК» АҚ-мен келісімшарт жасағанда,  жұмыспен қамту мәселесі алдынан шығады.  Өзі жұмыссыз
болса, екі-үш бас малға неше кісі жалдайды? Ол малды өзі де қарайды ғой. Сондықтан  аз сомада несие алғандарға жұмыспен қамту деген талапты қоймай, алып тастаған дұрыс болады деп ойлаймын.  Рас, 10-20 млн теңге алып жатса, оның жөні бөлек. Бағдарлама ауылды көтеруге, дамытуға бағытталған.  Өндірістік кооператив құрып,  мал да, мехника да алуға болады. Бағдарламада сүтті және етті сиыр өсіру, мал бордақылау бағыттарына басымдық берілгені дұрыс.

Лаззат Сейіткереева

Ләззат  Сейіткереева, кәсіпкер, Ақжайық  ауданы:

– Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 19 млн теңге несие алып, Ресейден қажетті станоктар алдым. Бағдарламада жол және жабдықтарды орнату шығындары  қарастырылмаған. Мысалға, Ресейдің Орынбор облысының Орск қаласынан жабдықтарды 500 шақырым жердегі Ақтөбеге, одан Оралға, Тайпаққа жеткізуге  шығындандым.  Жабдықтарды орнатып, қуат көзіне қосуға  электр қуатына қосуға электрик мамандарды жалдадым. Соның барлығын есептесем, 3 млн теңге  қаржы жұмсаппын. Мемлекеттік кірістер құрылымдарынан шетелден жабдықтар әкелдіңіз, енді 12% қосымша құн салығын  (2 млн 330 мың теңге) бір айдың ішінде төлеңіз деген ескерту келді. Уақытында төлемесем,  есепшотым бұғатталады екен. Салықты төлемейінше, жабдықтарды іске қоса алмайды екенмін.  Содан аудандық қоғамдық кеңеске,  мемлекеттік құрылымдарға барып, мәселені айттым.  Сол салықты 3 не 12 айға бөліп төлеуге неге болмайды? Каспи банктен несие алып, айына 53 мың теңгеден ҚҚС-ті әлі төлеудемін. Ондай  жабдықтар  елімізде  де, Қытайда  да  жоқ.

Қазақстанда түрлі көрме, кәсіпкерлік форумдарға қатысып жүргенде байқағаным жүннен өнім жасайтындардың 80%-ы өңделген дайын жүнді (жуылған, боялған) алып, пайдаланады екен. Мен секілді ешкім белшесінен батып жүрген жоқ. Жүн өңдеу цехын ашып, өнім өндіруге кіріскелі бері әлі пайда тапқан жоқпын. Қосымша кафеден түскен табысымды осы цехтың жұмысына салудамын. Тағы бір мәселе, қала әкімдігі бізді ауыл шаруашылығы азық-түлік жәрмеңкесіне  қатыстырмайды. Жүннен жасалған өнімдерді жәрмеңкеге неге шығармасқа? Кооперативтердің өнімдері, азық-түлік түрлері шығарылады.  Бұл да мал өнімі емес пе? Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтеріне өнімдерін шығаруға дүңгіршек (орын) беріледі екен. Ал қой жүні өнімдеріне ондай орын атымен берілмейді. Жүн өңдеу станоктары субсидияланбайды. Ал трактор алсаң, демеуқаржы бөлінеді. Мұны да дұрыстау керек. Қорыта айтар болсам, аталған бағдарламаның  жетілдірер  тұстары  баршылық.

Гүлжан Қадыралиева1

Гүлжиян Қадырәлиева, Ақжайық  ауданындағы Ақсуат  ауылының тұрғыны:

– Ұлым Айбек Қадыралиев жеке кәсіпкерлік ашып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 5 млн 600 мың теңге жеңілдетілген несие алды.  Бұған Оралдағы жайлы пәтерімізді кепілдікке салды. Несие қаржысына  Жәнібек ауданынан 10 бас сүтті сиыр сатып әкеліп, өсіруде. Несиенің  пайызы төмен, алынған әр миллионға 25 мың теңгеден үстеме қосылады. Осы жағын, яғни бағдарламаның тиімділігін ауылдағы  азаматтарға  дұрыстап  түсіндіру  керек.

Сатып алынған мал әртүрлі жаста. Олардың барлығы бірдей төлдей қоймады. Бұрнағы жылғы төлдеген малдың екі-үш бас бұқашықтарын сатып, жем-шөп алдық.  Ауылда сүт, май-қай-
мақ сатып алатын кісі жоқ. Әркім өз малының өнімін пайдаланады. Сауған сүтті, одан алынған өнімдерді қалаға таситын сауын сиыр  көп емес.   Енді алдағы уақытта мал басын көбейтіп, одан өнім алуды мақсат тұтудамыз. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкерлігі бар, несие алып, мал сатып алған қатысушыларға шағын жер, шабындық берілсе, құба-құп. Жері болса, біреуден техника алып, шөбін шауып алар еді. Осы жағы ескерілсе дейміз.

Гүлбаршын  Әжігереева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале