1.04.2026, 15:30
Оқылды: 21

Оқырман отбасы рухани байлық бастауы

«Дән» мәдениет үйінде Шыңғырлау аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен «Оқырман отбасы – 2026» атты аудандық байқау жоғары деңгейде өтті. Рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бұл шара отбасы институтының маңызын арттырып, кітап оқу мәдениетін насихаттауды мақсат етті.

image-01-04-26-09-57-3

Қазіргі таңда жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттыру – басты міндеттердің бірі. Осы тұрғыда отбасындағы оқу мәдениетінің орны ерекше. Кітап – адамзаттың рухани азығы десек, оны бала бойына сіңіру ең алдымен ата-ананың үлгісінен басталады. Кітап оқуға баулу арқылы біз өскелең ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын байытамыз. Білім мен тәрбиені қатар ұштастырған ұрпақ қана елін сүйетін, халқының болашағына қызмет ететін нағыз азамат болып қалыптасады.

image-01-04-26-09-57

Аталған байқауға аудан көлемінен Дәулетовтер, Кенжетаевтар және Сағидановтар отбасылары қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар екі кезең бойынша өнер көрсетті. Алғашқы «Оқитын отбасы – трендте» бөлімінде отбасылар өздерінің кітапқа деген сүйіспеншілігін, оқу дәстүрін таныстырса, екінші «Отбасымен оқыған – ойлы ұрпақ» кезеңінде әдеби шығармалар арқылы тәлім-тәрбие берудің маңызын көрсетті.

Байқау барысында әр отбасының шығармашылығы, бірлігі мен кітапқа деген құрметі айқын байқалды. Қатысушылар тек білімдерімен ғана емес, сахна мәдениетімен, ой ұшқырлығымен де ерекшеленді.

Шара соңында аудандық орталық кітапхананың директоры Гүлмира Бердегалиева байқаудың маңыздылығына тоқталды: «Бүгінгі байқау – жай ғана жарыс емес, бұл – ұрпақ тәрбиесіндегі кітаптың орнын айқындайтын маңызды алаң. Отбасымен бірге кітап оқу – балаға берілетін ең құнды тәрбие. Осындай бастамалар арқылы біз қоғамда оқу мәдениетін қалыптастырып, рухани бай, ойлы ұрпақ тәрбиелеуге жол ашамыз. Отбасы – ұлттық тәрбиенің алтын бесігі. Сондықтан кітап оқитын отбасы – болашақтың кепілі», – деп,байқауға қатысқан барлық отбасыларға алғысын білдірді. Жүлделі орындарға ие болған қатысушылар арнайы марапаттарға ие болып, естелік сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

image-01-04-26-09-57-1

Байқау қорытындысы бойынша Амангелді ауылынан келген Кенжетаевтар отбасы үздік деп танылып, «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы – 2026» облыстық байқауына жолдама алды.

image-01-04-26-09-57-2

Айта кету керек, мұндай тағылымы мол шаралар отбасы құндылықтарын нығайтып қана қоймай, ұлттың рухани дамуына да зор үлес қосады. Өйткені отбасы – тек бір шаңырақ астындағы жандардың бірлігі емес, ол – тәрбиенің, мәдениеттің және жарқын болашақтың бастауы. Отбасы берік болса, мемлекет те мығым, ал ұрпақ бақытты болары сөзсіз.

 

Светлана Байтенова,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале