17.04.2026, 21:00
Оқылды: 37

Оралда «Абай мұрасы – Қазақстанның қазіргі экономикалық ғылымы аясында» атты халықаралық ғылыми конференция өтті

WhatsApp Image 2026-04-10 at 15.10.53

Таяуда Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде «Абай мұрасы – Қазақстанның қазіргі экономикалық ғылымы аясында» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.  Ғылыми жиынға отандық және шетелдік ғалымдар қатысып, ұлы ойшылдың мұрасын заманауи экономикалық үдерістермен сабақтастыра талқылады.

Конференцияны БҚИТУ-дың Білім және менеджмент институтының қаржы және экономика кафедрасы офлайн және онлайн сипатта ұйымдастырды. Іс-шараның ашылуында университеттің ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Ізімғали Жұбантаев, Білім

және менеджмент институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағамбетов, сондай-ақ қаржы және экономика кафедрасының меңгерушісі Шолпан Сәлімбаева құттықтау сөз сөйлеп, жиынның маңыздылығына  тоқталды.

– Біздің бүгінгі кездесуіміз ғылымның қазіргі қоғам дамуындағы рөлінің айрықша екенін тағы бір мәрте айқындай түседі. Университетіміздің серіктес жоғары оқу орындарынан келген әріптестерімізге, сондай-ақ конференцияға қызығушылық танытып, қатысып отырған баршаңызға алғысымды білдіремін. Бүгінгі конференцияға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей Федерациясынан келген зерттеушілер қатысуда. Мұндай кең география ғылымның шекараға бағынбайтынын және оның барған сайын ашық әрі қолжетімді бола түскенін көрсетеді. Осы орайда, Тәжікстан мемлекеттік коммерция университетінен арнайы келген қадірлі қонақтарымызға ерекше алғыс айтамын. Атап айтқанда, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент, оқу ісі жөніндегі бірінші проректор Абдукарим Курбоновқа және физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Назарали Салимовқа ризашылығымды білдіремін. Сіздердің университетімізге арнайы келіп, конференция жұмысына тікелей қатысуларыңыз халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың дамуына зор үлес қосатыны сөзсіз, – деді Ізімғали Жұбантаев.

Ал экономика ғылымдарының магистрі Шолпан Сәлімбаева Абай мұрасының бүгінгі таңдағы өзектілігіне тоқталды.

– Абай Құнанбайұлының тұлға үйлесімі, құндылықтар жүйесі, адал еңбек және білімнің шешуші рөлі туралы ойлары қазіргі нарықпен үндеседі. Атап айтқанда, адами капиталды дамыту, этика мен әлеуметтік жауапкершілікті нығайту, басқару сапасын арттыру – осының барлығы Абай еңбектерінде терең көрініс тапқан. Конференция бағдарламасы да кең ауқымды тақырыптарды қамтиды. Атап айтсақ, білім экономикасы, цифрлық трансформация, тұрақты даму және әлеуметтік кооперация мәселелері қарастырылмақ. Бұл өз кезегінде мазмұнды кәсіби пікір алмасуға және тәжірибе бөлісуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Спикерлер өз сөздерінде Абай Құнанбайұлының мұрасы тек әдебиет пен руханият шеңберінде ғана емес, қазіргі экономикалық ғылымда да маңызды әдіснамалық негіз бола алатынын атап өтті. Әсіресе адами капитал, білім экономикасы, еңбек мәдениеті мен жауапкершілік сынды ұғымдардың Абай еңбектерінде терең кө-рініс тапқаны ерекше айтылды.

Пленарлық отырыс барысында шетелдік және отандық ғалымдар түрлі тақырыптарда баяндама жасады. Алматыдағы Narxoz University-нің өкілі Джоэл Эриксон қалалық зертханалардан бастап жұмыс орындарында жасанды интеллектіні қолдану мәселесін көтерді.

Көкшетау қаласындағы гуманитарлық-техникалық академияның өкілі Юлия Мауль Абай мұрасын білім экономикасындағы адами капиталды дамытудың әдіснамалық негізі ретінде қарастырып, оның бүгінгі білім беру жүйесіндегі өзектілігін дәлелдеді.

– Менің ойымша, конференция тақырыбы алғашында тарих, философия немесе әдебиетке жақын көрінуі мүмкін. Бірақ Абай мұрасына тереңірек үңілсек, оның шығармашылығы тек рухани мұра ғана емес, бүгінгі экономикалық мәселелерді түсінуге негіз болатын маңызды этикалық тірек екенін көреміз. Өзім үшін Абайдың «Қара сөздері» – үнемі жүгінетін, ойланғанда қайта оралатын өмірлік кітап. Әсіресе басқару саласында бұл еңбектің берері өте көп деп санаймын. Бүгінгі таңда адами капиталға жаңаша қарау қажет. Ол тек білім мен дағдылар жиынтығы емес, сонымен қатар сенім, жауапкершілік және бірлесе әрекет ету қабілетін қамтиды.

Абайдың «білім адамгершілікпен ұштаспаса, қауіпті» деген ойы осы тұрғыда өте өзекті. Сонымен қатар білім беру жүйесі тек орындаушы емес, ойлай алатын, шығармашыл тұлға қалыптастыруы керек. Ал инновациялар мәселесінде біз бәрін сол күйі қабылдай бермей, сыни тұрғыда қарауымыз қажет. Абай айтқандай, адамның кемелдігі  ақыл, қайрат және жүрек бірлігінде, – деді Юлия Мауль.

Ал Тәжікстан мемлекеттік қаржы-экономикалық университетінің доценті Фаридулло Убайдуллоев «зекет» ұғымын экономикалық тұрғыда талдап, оны капиталды әділ жолмен қайта бөлудің тиімді тетігі ретінде сипаттады.

Орталық Азиядағы шағын бизнестің тұрақтылығы мен дамуына жаһандық экономикалық саясаттағы белгісіздіктің әсерін Қоқан университетінің өкілі Бобурмирзо Хурсаналиев зерттеу нысанына айналдырды. Сонымен қатар әріптесі Мария Перес Санчес экотуризмді Қазақстан мен Өзбекстан туризмін дамытудың негізгі бағыты ретінде бағалап, халықаралық туристер тәжірибесіндегі эмоциялық әртүрлілік ұғымын ғылыми тұрғыда талдады.

Тәжікстандық ғалымдар да өз елдерінің экономикалық даму үрдістеріне тоқталды. Абдукарим Курбонов шетелдік инвестициялардың рөлін сараласа, Назарали Салимов цифрландыру мен цифрлық экономиканың кезеңдеріне жан-жақты тоқталды. Ал Ресей Федерациясынан келген профессор Наталья Курепина ұлттық валютаны басқару мен «Адами капитал» жобаларының экономикалық қауіпсіздікке ықпалын сөз етті.

Конференция модераторы Бақыт Оразова өз баяндамасында Абайдың білім мен ғылым туралы көзқарастарын қазіргі адами капитал тұжырымдамасымен байланыстыра отырып, ұлы ойшыл идеяларының бүгінгі күнмен үндестігін нақты мысалдар арқылы  көрсетті.

Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, ғылыми ой-тұжырымдарын ортаға салды. Пленарлық отырыс нәтижесінде Абай мұрасының тек рухани ғана емес, экономикалық даму тұрғысынан да өзекті екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Жанерке МЕРЕКЕҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале