Тереңкөл ауылдық округіне қарасты «Жасқанат» шаруа қожалығы ата кәсіптің тамырын үзбей, төрт түлік мал өсірумен айналысыр келеді. Тынымсыз еңбек арқасында шаруашылық бүгінгі таңда берекелі тірлігін жалғастырып келеді.

Қожалықта бүгінде сиыр, жылқы және қой малы өсірілуде. Мал басын көбейту мен сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Мемлекеттік қолдаудың да тиімді пайдаланылуы – шаруашылықтың алға басуына оң әсерін тигізуде. Атап айтқанда, «Жасқанат» шаруа қожалығы ірі қараның аналығына және еділбай қойына берілетін субсидияларды алып, мал санын арттыруға қол жеткізген.

Биылғы қыс табиғаттың қатал мінезін танытқанымен, қожалық иелері оған тыңғылықты дайындықпен қарсы тұрған. Уақытылы дайындалған шөп-жемнің арқасында төрт түлік қыстан аман-есен шықты. Қазір көктемнің шуақты күндерімен бірге төл алу науқаны да қызу жүріп жатыр.
Бүгінде шаруашылықта 100-ге жуық аналық сиырдың 50-60-ы бұзаулап үлгерген. Ал қой шаруашылығында 150-ге тарта қозы алынған. Төл алу науқаны әлі де жалғасуда. Жылқы малы да табиғаттың тосын мінезіне қарамастан, құлындарын беріп, қожалықтың ырысын еселей түсуде.

Жаз айларында шаруашылық өз техникаларының көмегімен жайылымнан мал азығын дайындайды. Қожалықтың материалдық-техникалық базасында екі трактор, шөп шабуға арналған екі “пешенка” (бірі қос орақ, бірі үш орақ), екі пресс-жинағыш және үш тіркеме бар. Бұл техникалар мал азығын дер кезінде әрі сапалы дайындауға мүмкіндігін береді.
- 2004 жылы ата кәсібімізді жалғастырайық деген ниетпен жеке шаруашылығымызды құрған болатынмын. Содан бері еңбектеніп, шаруашылығымызды дамытып келеміз. Бүгінде өз кәсібімізді жүргізіп, табысты еңбек етудеміз. Биылғы жылы қыс қатал болғанымен, аман-есен шығып төлімізді алудамыз. Мемлекеттік бағдарламалардың да көмегі бар. Қазір шаруашылықта “Күміс жас” бағдарламасы аясында бір адам жұмыс істейді, — дейді шаруа қожалығының жетекшісі Асхат Бақтияров.
«Жасқанат» шаруа қожалығы бүгінде еңбектің, төзім мен табандылықтың арқасында жемісті жұмыс істеп келеді. Төрт түлігін түлетіп, несібесін адал еңбекпен тауып отырған қожалық иелері алдағы уақытта да шаруашылығын кеңейтіп, жұмысын жалғастыра беретінін айтады.
Гүлнұр Сәуірғалиқызы
Казталов ауданы