Тереңкөл ауылдық округіне қарасты «Молдаш» қыстағында «Ұлан» шаруа қожалығы берекелі еңбекпен айналысып келеді. 1998 жылы іргетасы қаланған қожалық бүгінде ата кәсіпті үздіксіз жалғастырып, ауыл шаруашылығының дамуына өзіндік үлесін қосып отыр.

Жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен тынымсыз еңбектің арқасында қожалықтың тынысы кеңейіп, мал басы тұрақты өсуде. 2021 жылы несие қаражаты арқылы 43 бас аналық мал сатып алынып, шаруашылықтың әлеуеті одан әрі нығайған. Қазіргі таңда қожалықта 100-ге жуық ірі қара мен 200-ге тарта қой өсірілуде.
Көктем келісімен төрт түлік төлдету науқаны да қарқын алған. Шаруа қожалық жетекшісі Ерназар Ізбасарұлының айтуынша, қыстан аман шыққан малдан жақсы нәтиже күтілуде.
— Қыстан аман-есен шығып, төл алу науқанын бастап кеттік. Сиыр малынан 80 пайызға жуық бұзау алдық, әлі де жалғасып жатыр. Қойдың сахманы енді басталды, алдағы уақытта одан да жақсы көрсеткіш болады деп отырмыз, — дейді ол.
Қыстың қамын жаз ойлаған шаруашылық өткен жылы мал азығын алдын ала қамдап, Тасқала ауданынан өз техникалары арқылы тасымалдаған. Биыл да табиғаттың қолайлы жағдайын тиімді пайдалануды көздеп отыр.
— Биыл көк жақсы шығып келеді. Соған байланысты мал азығын молынан дайындап аламыз деген жоспар бар, — дейді шаруашылық жетекшісі Ерназар Ізбасарұлы.
Қожалықтың материалдық-техникалық базасы да жеткілікті. Шаруашылықта МТ-80 тракторы, ЛАУН-854 тиегіші, ЗИЛ техникасы және шөп шабуға арналған агрегаттар мен басқа да қажетті құрал-жабдықтар бар. Бұл жұмыстарды уақытылы әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік береді.

Ең бастысы – бұл шаруашылықта сырттан жалданған жұмысшы жоқ. Барлық тірлік отбасының өз күшімен атқарылады. Бұл – ауылдағы еңбекке деген шынайы жанашырлық пен жауапкершіліктің көрінісі.
«Ұлан» шаруа қожалығының бүгінгі тыныс-тіршілігі – маңдай тер мен адал еңбектің жемісі. Осындай еңбекқор жандар өз жұмыстарын жүйелі атқарып, табысты еңбек етіп келеді.
Гүлнұр Бөлешова
Казталов ауданы