Жуырда Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжановтың есептік кездесуі басталды. Сол күні аудан басшысы Егіндібұлақ, Зеленов, Шалғай, Атамекен ауылдық округтеріндегі тұрғындармен жүздесіп, өткен жылы және биылғы үш ай ішінде атқарылған жұмыстар бойынша баяндады.

Әкім бірінші бюджет-қаражат саласына тоқталып, Бәйтерек 2021 жылдан бері донор аудандардың қатарында екенін жеткізді. Сол кезден бері облыстық қазынаға 8,2 млрд теңгеден астам қаржы құйған.

-Агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) - аудан экономикасын тұрақтандыру және сауықтыру жолындағы негізгі бағытымыздың бірі ретінде айқындалған. Соның ішінде өсімдік және мал шаруашылықтарына қарқынды дамуда. Былтыр бізде “АӨК-ті дамытудың ұлттық жобасын” іске асыру шеңберінде ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 265,1 мың гектарды құраса, биыл оны 267,1 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.
Соңғы жылдары шаруаларымыз техникаларды жаңартуды қолға алғаны қуантады. Бұл бірінші кезекте мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулардың нәтижесі екені сөзсіз. Мәселен, былтыр 5 млрд теңгеден астам қаражатқа 152 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтар сатып алған бәйтеректік агроқұрылымдарға 1,144 млн теңгеге демеуқаржы берілді.

Биылғы үш ай ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 7692,3 млн.теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 125,9%-ға көп.
Бәйтерек -“Ауыл аманаты” бағдарламасы сәтті жүзеге асырып отырған республика көлеміндегі алдыңғы қатарлы аудан. Соған орай бізге Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау секілді облыстардан делегациялар келіп кетті. Олар ауданымызда аталмыш бағдарлама аясындағы әрбір жобаны жүзеге асыруда, нақтылап айтқанда, жеке кәсіпкердің істі бастап, алған өнімін өткізгенге дейінгі аралықта «Aqjaiyq» ӘКК, аудан, ауыл басшылығының қалай қасында жүретіндерін көріп риза болды. Бұл жерде негізінен ауыл әкімдерінің еңбегі жатыр. Яғни олар өздері бұл бағдарламаны жіті түсініп, ауыл тұрғындарына жеткізе білді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие және қайтарымсыз грант алушылардың саны артуына байланысты әлеуметтік көмек алушылар қатары 7 отбасыға (46 адамға) азайды,-деді Марат Лұқпанұлы.

Есептік кездесу ауылдық округ әкімдері де есеп берді. Содан соң ауыл тұрғындары тарапынан ауылішілік жолдарды жөндеу, абаттандыру, жайылым, бақша өсіруге техникалық су тарту, мопедтің көбеюі, олардан келетін қауіп сынды мәселелер көтерілді. Оған аудан, ауыл әкімдері, дербес бөлім мен құзырлы мекеме-кәсіпорын басшылары жауап берді.
Мәди Ықылас
Бәйтерек ауданы