(Майдангер жары – Хадиша ана туралы толғау)
Адам баласының тағдыры – туған жерден бастау алатын ұлы шежіре. Әр адамның мінезі мен болмысы, дүниеге көзқарасы мен ішкі әлемі кіндік қаны тамған топырақпен тамырлас. Сол қасиетті топырақтан нәр алып, өмірдің небір сынақтарынан сүрінбей өткен жандар болады. Олар – өз ғұмырын даңққа бөлеп емес, адал еңбекпен, сабыр мен төзім арқылы мәнді еткен жандар. Сондай тұлғалардың бірі Хадиша Шатанбайқызы Жазықбаева.

Ол 1939 жылдың тамыз айында Башқұрт елінің табиғаты тұмса, тауы мен өзені үндескен Дүнгауір ауылында дүние есігін ашты. Бұл кезең – ел басына бұлт үйірілген, соғыс алдындағы ауыр уақыт еді. Қарапайым халықтың тұрмысы ауыр болғанымен, олардың жүрегі кең, пейілі дархан болатын. Осындай ортада дүниеге келген сәби де сол кеңдіктің, сол сабырдың, сол төзімнің иесіндей болып қалыптасты.
Хадиша ана жастайынан зерек, ұғымтал болып өсті. Әке тәрбиесін көріп, сөз қадірін ұқты. Шатанбай ақсақал ел ішінде шежіре мен жырды, қара өлең мен аңыз-әңгімелерді жетік білетін, рухани бай адам еді. Ол қызының жүрегіне халық даналығын сіңіруді парыз санады. Соның арқасында Хадиша бала күнінен-ақ қазақтың қара өлеңін жаттап, шешендік сөздерді зердесіне тоқып өсті. Тек өз тілін ғана емес, башқұрт, татар тілдерін де меңгеріп, өзге ұлттардың мәдениетіне құрметпен қарауды үйренді.
Алайда оның бойындағы ең үлкен қасиеттердің бірі еңбекқорлық еді. Қолөнерге жақын болып, құрақ құрап, тоқыма тоқып, әрбір бұйымына жан жылуын дарыта білді. Оның қолынан шыққан әрбір өрнек – тек әсемдік емес, аналық мейірімнің көрінісі еді. Қыздарының жасауын өз қолымен дайындауы – сол мейірімнің айқын дәлелі.
Тағдыр оны майдангердің жары болу бақытымен де, жауапкершілігімен де сынады. Өмірлік серігі Қарақұл Бисенұлы Жазықбаев – ел басына күн туған шақта қолына қару алып, Отан қорғауға аттанған азамат. 1944 жылы майданға аттанып, қан кешкен соғыстың бел ортасында жүріп, ерлік пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Оның кеудесіндегі орден-медальдар – тек марапат емес, тарихтың үнсіз куәсі, майдан даласында қалған қаншама тағдырдың белгісі еді.Бүгінде балалары әр салада қызметі етіп,ата-ана тәрбиесіне адалдық танытуда.
"Әкеміз соғыстың алапат кездері туралы көп айтпаса да, аздаған естеліктерінің өзі жадымызда жаңғырып тұр. Әкеміздің кеудесінде 9-мамыр күні «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алған үшін» «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 20, 25, 30, 40,50,60 жыл толуына орай», II дәрежелі Ұлы Отан соғысы т.б. орден – медальдары жарқыраушы еді. Біз бала болсақ та әрбір марапаттың артында қаншама ұйқы – күлкісіз өткен күндер мен түндер, қан майданда жоғалтқан жан достарының тағдырлары жатқанын түйсінетінбіз",- деп еске алады олар.
Соғыс жылдары мен одан кейінгі кезең – әйелдер үшін де оңай болған жоқ. Ер азаматтар майданда жүргенде, елдің бар ауыртпалығы аналардың иығына түсті. Хадиша ана да сол нәзік иығымен ауыр жүктің бәрін көтерді. Соғыстан кейінгі елді қалпына келтіру жылдары да тынымсыз еңбекпен өтті.
Ол ешқашан өзін әлсізбін деп сезінген емес. Ер азаматтармен қатар атқа мініп, шөп шапты, мал бақты, қыстың боранында, жаздың аптабында тыным таппай еңбек етті. Таңның атысынан күннің батысына дейінгі тірлік оның өмірінің ажырамас бөлігі болды. Бірақ ол бұл өмірді ауыртпалық деп емес, тағдырдың сыйы деп қабылдады.
Хадиша ананың ең үлкен ерекшелігі – оның сабыры еді. Ол өмірдің қандай сынағы болса да, шағым айтпай, ішкі төзімімен жеңе білді. Әр күнге шүкіршілік етіп, барға қанағат етті. Сол арқылы ол өз ұрпағына ең үлкен тәрбиені адам болудың, өмірді қадірлеудің үлгісін көрсетті.

Майдангердің жары болу – тек атақ емес, үлкен жауапкершілік. Ол – ерінің көрген азабын жүрегімен сезіну, оның үнсіз мұңын түсіну, соның бәріне тірек болу. Хадиша ана осы міндеттің үдесінен шыға білді. Ол – тек отбасының ғана емес, тұтас бір дәуірдің бейнесі.
Оның өмір жолы – қарапайымдылықтың ұлылығы, еңбектің қасиеті, аналық мейірімнің шексіздігі туралы үнсіз сыр шертеді. Осындай аналардың арқасында ел еңсесі көтеріліп, ұрпақ тәрбиесі жалғасын тапты.
Бүгінгі ұрпаққа айтар аманаты да осы өмір жолынан анық көрінеді. Ол адал болу, еңбекқор болу, туған жерді қадірлеу, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу. Өмірдің қиыншылығынан қашпау, керісінше оны сабырмен қарсы алып, өз жолыңды табу. Ауылға барған сайын "сыры кетседе сыны кетпеген", көзін көлегейлеп отырып,ерекше бір мейіріммен жағдайыңды сұрайтын Хадиша ананың ғұмыры уақыт өткен сайын мәні тереңдей түсетін өнеге дер едім.
Осындай аналардың тағдыры тарихтың тірі беттері. Ал олардың өмірі бүгінгі ұрпақ үшін бағыт-бағдар, болашаққа жол сілтер шамшырақ болмақшы.
Сара Шакрат
Шыңғырлау ауданы