8.05.2026, 16:30
Оқылды: 10

Мәншүк ізімен...  Ерлік шежіресі

Сұрапыл соғыс жылдарында алдыңғы шепте жүріп, ерлермен  бірге  ерлік  көрсеткен  жауынгер қыздардың батырлығы  жөнінде  Кеңес  одағының маршалы А. Еременко: «Ұлы  Отан  соғысында  қыздар  араласпаған,  олар  меңгермеген  әскери  мамандық  кемде-кем», – деп  жазған  еді.  Жалпы деректерде Екінші  дүниежүзілік  соғыс  кезінде  жауынгерлер  110  түрлі  әскери  мамандықтың  түрін  игергені  айтылады. Майдан даласында  көпұлтты  кеңестік  жауынгерлер қатарында қазақ қыздары  да  ұшқыш,  танкі  жүргізуші,  пулеметші,  мерген,  барлаушы, байланысшы секілді мамандықтарды  меңгеріп,  оған  қоса  дәрігер,  аспаз,  кір  жуушы, хат тасушы болып  еңбек  еткен.  Осы орайда облысымызға  танымал  тарихшы,  тарих  ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған  профессор  Бақтылы  Боранбаеваның  «Ұлы Отан соғысына қатысқан  Батыс  Қазақстан облысының  қазақ  қыздары»  кітабы  жарық  көрген  еді.  Жинақта  өңірімізде  туып-өсіп,  Отан  үшін от кешкен  23 бойжеткеннің  өмір-дерегін баяндаған.  Аутордың рұқсатымен  бүгінде  арамызда  жоқ  сол  батыр  аналарымыздың бірқатарын  «Орал  өңірінің»  оқырмандарына  таныстыруды  жөн  көрдік.

обложка готовая (1)

Десантшы Қаламсия

WhatsApp Image 2026-05-08 at 16.00.57

Қаламсия Ермекова 1921 жылы сол кездегі Орал облысының Жымпиты ауылында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылып, жастайынан тіршілік тауқыметін көріп өскен майдангер ана көзі тірісінде өзінің балалық шағы туралы: «1921 жылы нәубет уақытта дүниеге келіппін. Әкеміз дүниеден ерте озып, бес баламен қалған анамыз байлардың есігінде жалданып жүріп, жоқшылық, аштық – осылардың бәрінен бізді аман алып қалған. Тұрмысымыз өте қиын болды. 1932 жылғы аштықтан да колхоздың сиырын сауып жүріп, бізді жеткізген еді», – дейді. Осылайша аяулы ананың арқасында бойжетіп, 1940 жылы Жымпиты ауылының орта мектебін, кейін Орал қаласындағы мұғалімдер даярлайтын училищені тәмамдаған бойжеткен ағаларымен бірге анасына серік болып, ауылдың түрлі тірлігіне араласа бастайды. Алайда алаңсыз бейбіт өмірдің шырқы тағы да бұзылып, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталады. Екі ағасы соғыстың алғашқы күндері майданға аттанып, хабарсыз кетеді. Қаршадайынан қандай қиындықты да қаймықпай қарсы алуға үйренген Қаламсия анасының қарсылық білдіргеніне қарамастан, екі ағасының кегін алмақшы болып, өз еркімен майданға баруға бел байлайды. Әуелі Жымпитыдағы екі айлық өзін-өзі қорғау (самозащита) курсын оқып тәмадайды. Содан соң аудандық әскери комиссариаттың табалдырығын тоздыра жүріп, ақыры «Онкүндік жол азығыңызды алып келіңіз» деген шақыру қағазын алады. Сөйтіп, 1942 жылдың қыркүйек айында Оралдан майданға аттанады. Қаламсия маршал Малиновский басқарған ІІ Қиыр Шығыс майданының десантшылар әскерінің құрамында Жапония басқыншыларына қарсы соғысқа қатысады. Ол жауынгерлік өмірі туралы: «Қалың орман арасында десантшы да, барлаушы да болдық, түнгі күзетте де тұрдық. Ұшақтарды күзетеміз. Жау біздің күзетте тұрған жауынгерлерді, офицер шенділерді ұрлап алып кетіп, оларды өзімізге қарсы үгіттейтін болды, бірақ мен одан аман қалғанмен, екі рет ауыр жарақат алдым», – деп еске алған еді. Кейіпкеріміз бірде шекараның түнгі күзетінде тұрғанда басына снаряд жарқыншағы тиіп, ауыр жарақаттанады. Кейін Хабаровск қаласындағы әскери госпитальда екі ай емделеді. Майдангер өзінің жауынгерлік өмірін еске ала отырып, есінде ерекше сақталған мына бір оқиғасын бөліскен еді: «Күздің суық бір күні біздің десантшылар батальоны шұғыл сапқа тұрғызылды. Жорыққа аттанатын шығармыз деп ойладым. Қолбасшылар арасынан бір адам шапшаң адымдап, біздің батальонға таяды. «Араларыңда қазақ бар ма?» – деген сұрақты естігенде әрі таңданып, әрі қапелімде абдырап қалдым. Өйткені қазақ тіліндегі дауысты естімегелі біраз болды ғой. Саптың ортасында тұрған мен оның қазақ екенін қапелімде байқай алмай қалып едім. Бір қадам алға шығып, «Мен қазақпын», – деп дауыстадым. Жақындап келді де, – Сен қалмақ емессің бе? –деді. «Жоқ, қазақпын Орал облысынан келдім», – дедім. Кейін білдім, бұл есімі алты алашқа мәлім болған Бауыржан Момышұлы екен.  Маған қарап: «Біз – қазақ батыр, намысты халықпыз. Понятно, – деп маған тесіле қарағанда, қолымды шекеме апарып, «Так точно» дегенім есімде.

КАЛАМСИЯ2222

Қазір бір өкінетінім, тұрмыстың ауырлығынан мына тұрған Алматыға барып, Бауыржан Момышұлын тірі кезінде көріп, сәлемдесе алмадым», – деген еді. Қаламсия анамыз 1945 жылы 15 қыркүйекте Владивосток қаласының  маңындағы Березовка ауылында  соғысты аяқтап, елге аман-есен оралады. Жауынгерлік ерлігі үшін Ұлы Отан соғысы ордені және Кеңес Одағының Маршалы Г. Жуков медалімен марапатталған. Майдангер ана елге Жеңіспен оралған соң бейбіт өмірге араласып, балалар үйінде тәрбиеші болып қызмет атқарған. 1946 жылы Панфилов дивизиясының құрамында барлаушы болған кіші сержант, соғыс ардагері Самиғолла Машаевпен шаңырақ көтеріп, қос ардагер бес бала тәрбиелеп өсірген.

Жауынгер қос құрбы

Жымпитылық Мүслима Үмбетова мен Әзима Ниязғалиева бір көшенің бойында көрші тұрған, бірінші сыныпқа бірге барған құрбылар еді. Мүслима анамыз соғысқа дейін ауылда есепші болып еңбек етсе, Әзима анамыз ауылдағы он саусағынан өнер тамған атақты ағаш шебері Ниязғалидың жанұясында тәрбиеленіп өскен ерке қыз болатын.

WhatsApp Image 2026-05-08 at 16.01.44

Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде  қос құрбы өз еріктерімен майданға сұранып, Жымпиты аудандық әскери комиссариатына өтініш жазады. Өтініштері қабылданып, 1942 жылы 22 маусымда Қиыр Шығыс майданына аттанады. №120 артиллериялық әуе шабуылынан қорғану полкінің құрамына алынады.  Владивосток, Лесозаводск қалалары үшін жапон милитаристерімен болған ұрыстарға қатысады. Сондай-ақ олар Уссури өлкесіндегі қалың орман арасына жаудан жасырылып қойылған әскери ұшақтар мен оқ-дәрі қоймаларын күзетіп, зениттік батареяның оқ дайындаушылары да болды. Жауынгерлік тапсырмаларды мүлтіксіз орындаған құрбылар Қиыр Шығыс майданы қолбасшысының алғысхатына ие болады. Ардагер аналар өздерінің майдан туралы естеліктерінде: «Әсіресе Уссуридің қатал қысы мен күзгі лайсаң жаңбырының астында тұрып, самолет қарауылдаған кездер аса қауіпті болатын, түн қараңғысы енген шақта кірпік қақпай тұратынымыз естен кетпейді. Біз қызметімізді бәрі де Отан үшін, бәрі де туған ел үшін деп адал атқаруға тырыстық», – деген еді. Сөйтіп, майданда «Отан алдындағы қызметі үшін», «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған жауынгер қос құрбы 1945 жылы тамыз айында елге аман-сау оралады. Жауынгер Әзима Ниязғалиеваның анасы қызының соғысқа кетерде қиып тастап кеткен екі бұрымын төрге іліп қойған екен. Соғыс аяқталған соң  сол бұрымды аудандық театр әртістері арнайы келіп, Әзима апайдан сұрап алып кетеді. Кейін қос құрбы елге оралған соң еңбекке араласып, отбасын құрады.

Аэродром күзеткен Қаным

WhatsApp Image 2026-05-08 at 16.02.13

Қаным Алмағамбетова 1921 жылы Тайпақ ауданының Базартөбе ауылында дүниеге келген. Тоғыз жасында Тайпақ ауданындағы Қызылжар орта мектебінің бірінші сыныбына оқуға қабылданып,  1937 жылы 7 кластық білім алады. Сөйтіп, 16 жасынан еңбекке араласқан Қаным аудандық қаржы бөлімінің хатшысы қызметін атқарады. 1939 жылы қаңтарда БЛКЖО ОК-ның жанындағы республикалық мектепке пионерлер жетекшісін (вожатый) даярлайтын 8 айлық курсқа жіберіліп, кейін Калмыков ауылындағы орта мектепте аға пионер жетекші болып қызметке орналасады. Еңбекқор бойжеткен 1940 жылы наурызда Каргалинка ауылындағы есепшілер даярлайтын 10 айлық курсты оқып бітіреді. Сөйтіп, 1941 жылдың қаңтар айынан 1942 жылдың тамызына дейін, яғни соғысқа аттанғанға дейінгі аралықта ол Калмыков ауылында аудандық ауыл шаруашылығы тұтынушылар қоғамында бас есепші болып еңбек етеді. Осылайша биік белестерге ұмтылған Қаным анамыз ел басына күн туғанда көп ойланбастан майданға сұранып, әскери комиссариатқа өтініш жазды. Бұл жазған өтініші қабылданып, майданға аттанған жауынгер ананың Қаратөбе аудандық мұрағат қорында сақталған ғұмырбаянында: «1942 жылдың август айында өз еркімізбен соғысқа сұрандық. Тайпақ ауданынан менімен бірге 10 қыз аттандық. Оралдан бір эшелон қызды тиеп, Қиыр Шығысқа алып кетті. Лесозаводск деген жерде, кейін Киров ауданы аумағындағы орман ішінде аэродром қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әйелдер батальонында (БАО) үш жыл қызмет еттік. Төрт жыл бойы өзіммен бірге болған Үмітай Есқалиева екеуміз өмірдің соқпағын бірдей көрдік. Аэродромды күзеттік. Майданда таңғы сағат 6-дан түнгі 11-ге дейін қарлы-жауынды ауа райына қарамастан оқ атуды, адамға пышақ шаншуды, жер бауырлап жылжуды, өзеннен өтуді, байланыс аппараттарын қолдануды үйретті. Аптасына екі рет толық әскери қарумен 20-40 шақырымдық жүгіру міндетін орындап тұрдық», – деп жазады. Сондай-ақ ол: «1945 жылы сентябрьде Жапон милитаристерінің соғысы басталып кеткенде біздің батальонды Кореяның Хедзио деген қаласындағы аэродром күзеті қызметіне ауыстырды», – дейді. Қаным Алмағамбетова соғысты Кореяның Хедзео қаласында  аяқтап, 1945 жылы желтоқсанда елге оралады. Жауынгерлік ерлігі үшін ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен және Жоғарғы Бас қолбасшының алғысхатымен марапатталды. Соғыстан кейін бейбіт өмір тірлігіне араласқан майдангер ана  Жымпиты, Қаратөбе аудандарында бас есепші болып қызмет  еткен.

Әскери техникамен снарядтар тасыған

WhatsApp Image 2026-05-08 at 15.59.38

Слухия Сарқұлова 1923 жылы 9 мамырда Жаңақала ауданында дүниеге келген. Төрт кластық білімі бар кейіпкеріміз сұрапыл соғыстың басталар алдында ғана, 1941 жылы 15 маусымда Переметный ауылындағы жүргізушілер курсына оқуға жіберіледі. 1942 жылы 15 қаңтарда курсты тәмамдап, ауылға келген соң ол техника жөндеушісінің (механик) көмекшісі болып жұмысқа кіріседі. Сөйтіп, көлік жүргізуші қыз 1942 жылы жазда өз еркімен сұранып, Қиыр Шығыс майданына аттанады. Жауынгер С. Хабаровск өлкесінде №189 аутокөлік полкінің №600 ұшақтарға қызмет көрсету батальонында (Батальоны аэродромного обслуживания – БАО) әскери машинамен мина, снарядтар тасыды, бомбалаушы ұшақтарды сүйреп қыздырды. Слухияның жауынгерлік өмір жолдары туралы жазған ғұмырбаянында: «Әскери өмірім Қиыр Шығыста Хабаровск өлкесінің Иман қаласынан басталды. Кеңес армиясы қатарында 1942 жылдың 23 маусымынан ұшақтарға қызмет көрсету батальонында қызмет еттім. Соғысты Жапон елінің Ханкель портында аяқтадым. Жарақатым жоқ. Шенім – ефрейтор. Соғыстың алғашқы кезеңінде, орыс тілін білмей қиналдым. Бірақ орыс полктастарым маған үнемі көмектесіп отырды. Майданда көрген қиындық пен азапты күндерім ұмытылмайды. Бір күні қасымдағы көлік жүргізушісі Анна Фадеева екеуміз 3 күн адасып, бөлімшені зорға тапқанымыз әлі есімде. Ас-сусыз адасып жүргенде жолдан жапон галетін (ұннан жасалған печенье) көріп жегенбіз. Галет уланған болып шықты. Мен қатты ауырдым. Бірақ Анна мені далаға тастамады. Жолдағы бір ауылға апарып, әрең дегенде сүт тауып әкеліп, емдеп есімді жиғызды», – деп жазады.  1945 жылы 2 қыркүйекте Жапония сөзсіз тізе бүгу туралы актіге қол қойған еді. Қиыр Шығыс майданында әскери көлік жүргізген Слухия Жұмағұлқызы 1945 жылы аман-сау елге оралды. Бейбіт өмір тіршілігіне араласып, ауылда ветеринарлық санитар, далалық бригада есепшісі сияқты түрлі қызметтер атқарған ол 1950 жылы коммунистік партия қатарына өтті. 1953 жылы 3 наурызда өзі тұратын Подтяжки ауылдық кеңесінің председателі болып тағайындалған соң бұл қызметті зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін 25 жыл, яғни ширек ғасыр бойы атқарды. Майдангер Ұлы Отан соғысының мерекелік медальдарымен қатар, кеңестік қоғам қайраткері ретінде «Құрмет белгісі» орденімен, «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен және 1973 жылы «Социалистік жарыс жүргізушісі» (Знак «Водитель социалистического соревнования») белгісімен марапатталған.

(Жалғасы  бар)

 

Дайындаған 

Гүлсезім  Бияшева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале